• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 20 Мамыр, 2020

Алессиа Мемола: Италия Үкіметі кеш шешім қабылдады

206 рет
көрсетілді

Коронавирустан қатты зардап шеккен елдер­дің бірі – Италия. Қаншама мың адам вирус жұқтырған, бірақ ауырғандар саны күн санап азайып келеді. Бұл да болса кө­ңіл­ге жұ­баныш. Билік карантиннің қатаң шек­теу­ле­рін алып тастағанмен, бақылауды ұзартып отыр. Осы орайда Италияның Тоскана облы­сы­ның орталығы Ареццо тұрғыны Алессиа Мемоламен онлайн әңгімелесіп, елдің бүгінгі жағ­дай­ын сұрап білдік.

– Жаһандық індет бірінші кезекте Еуропа елдеріне қиын тиді. Қазіргі жағдай қалай?

– Шын мәнінде, Еуропаның өзге елдері сияқты, біз де біртіндеп экономикалық қыз­­ме­тімізді бастап жатырмыз. Десе де, үйде болу туралы нұсқаулар қатаң сақ­талуда. Карантиннің жария­лан­ға­ны­на екі айдай уақыт болған екен. Қала әкімдіктері әлі де үйде болуды міндеттеп отыр. Ал аурудың өршуіне я бәсеңдеуіне қарай карантин талаптарына өзгеріс бірте-бірте енгізіледі.

– Сіз тұратын аймақта пандемия туралы алғашқы жаңалықтар қа­шан айтыла бастады?

– Алғаш ақпан айының соңында вирус­­қа қатысты ақпараттар шыға бас­тады. Мен Италияның орта­лық бөлі­гін­де тұрамын. Ал вирус сол­түс­тік­те басталды. Өзге аймақ­та­ғы­лар әдеттегі тұмау деп ойлап, мән берген жоқ. Тек наурыз айының ортасында ғана мұның ойнайтын емес, ойлайтын дүние екенін ұға бас­та­дық. Ал ең басты мәселе – вируста емес, интенсивті терапия үшін төсек орындарының жетіспеушілігінде болып шықты. Осыдан да халық індетті ауыр өткерді.

– Ал төтенше жағдай режімі қалай енгі­зілді? Сізге қалай хабарланды?

– Біздің Үкімет тиісті сақтық шараларын бірден сақтамады әрі вирустан сақтану туралы Қытайдың тәжірибесі мен кеңестерін құлаққа ілмеді, баға­ла­ма­ды. Дәл осы себепті шетелден келген адам­дар тиісті түрде бақылауға алынған жоқ. Солтүстік аймақта ауру белгілері бі­ліне бас­та­ғанда да дер кезінде тиісті ше­шім қабылданбады. Италия көптеген аймақ­қа бөлінген. Үкімет вирустың өзге аймақтарға таралуын шектеу бойынша әрекет ете бастағанда, барлығы кеш еді. Студенттер Италияның сол­түс­тігінен оңтүстігіне жаппай қа­шу­ы­на қарамастан (бұл оқиға сол­түс­тік облыс­тар­ды жабу туралы шешім қабылданған түнде бол­ған) індет оң­түс­тік аймаққа тарала қой­мад­ы. Яғни солтүстіктегідей зардап шек­кендер саны өспеді. 9 нау­рыз күні түнде Үкімет Италия территориясын түгел жауып, адамдардың барлығына үйде болуды және жолға шықпауды міндеттеді. Ал бұл уақытта мен Испанияда жүрген едім. Маған отбасым мен достарым хабарласып, мән-жайды айтты. Теледидар арқылы да хабар жедел таратылып тұрды. Қазір тұрғындарға дәрі-дәрмек сатып алуға, дүкенге баруға ғана рұқсат етілді. Білім беру саласы және өзге де бағыттар бо­йынша жұмыс қашықтан жалғасып жатыр.

– Ал төтенше жағдай сіздің жеке өмі­рі­ңізге қалай әсер етті?

– Мен ақпанда заң мамандығы бо­йынша жоғары оқу орнын бітірдім. Осыдан соң Испанияда экологтар қа­уым­дас­тығымен бірнеше айлық ке­лі­­сімшартқа отырдым. Төтенше жағ­­дай кезінде туған қалам Ареццоға оралуға мәжбүр болдым. Қазір үйден жұмыс істеп жатырмын. Мамыр айында келісімшарт аяқталады. Сондықтан ке­ле­сі айда маған жұмыс табу қиынға соғып тұр. Өйткені қазір көптеген мекеме жұмысын тоқтатқан. Ал каран­тин біздің өмірімізді толықтай өзгертті. Күн­діз жұмыс істеймін, арасында бой жазып спортпен айналысамын. Үйдің ұсақ-түйек тіршілігі бар, сонымен күніміз өтіп жатыр.

– Билік тарапынан қандай көмек көр­сетілді? Әлеуметтік төлемдер бе­ріл­ді ме?

– Бұл ретте аса хабарым болмай тұр. Өйткені жолдасым екеуміз ата-анамызбен бірге тұрамыз. Өз үйіміз бар, сондықтан пәтерақы төлеу бойынша мәселе жоқ. Ал жұмыссыз қалған жандарға өткен айда 600 € (456 мың теңге шамасында) төленген, осы айда 800 € болуы мүмкін. Ал электр, су және газ ақысын төлеуге де бірқатар жеңілдік жасалған.

– Арамызда індеттің таралуына кү­мәнмен қарайтындар да бар. Олар­ға қандай кеңес берер едіңіз?

– Карантин аяқталғанымен індет ешқайда жоғалмайды. Сондықтан сақ­тық талаптарын әлі де сақтаған дұ­рыс. Басқосулар мен жиналыстарды ке­йінге шегерген жөн. Бетперде кию, қолды жиі жуу және антисептикалық құ­ралдарды пайдалану екі ай ішінде күн­делікті өмір салтымызға айналды. Мұны ұмытпауымыз керек!

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»