• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Мамыр, 2020

Ұлытауда Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталды (видео)

1536 рет
көрсетілді

Биыл Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың құрылғанына 750 толады. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Ұлытау ауданындағы Жошы хан кесенесінің іргесінде ірі тарихи-мәдени кешеннің құрылысы басталды.

Ауқымды жобаға республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген және жекелеген кәсіпкерлер де игі іске өз үлестерін қосуға ниет білдірген.

Тарихи-мәдени кешеннің құрамына Жошы ханның ұрпақтарына, Ұлық Ұлысқа, Алтын Ордаға, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал, шағын асхана және қонақ үй кіреді. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Алаша хан, Жошы хан мазарларына реставрация жұмыстарын жүргізу қолға алынбақшы. Әйгілі кесенелерге апаратын сапалы жол салу да жоспарда бар екен.

Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту бағдарламасы аясында  ұйымдастырылмақшы іс-шаралардың қатарында Ұлық Ұлыстың жәдігерлерін қайта жаңғырту және оларды насихаттау жобалары да бар. Туристерге арналған кешен құрылысы аяқталған соң, кесене іргесіндегі Орда Базар қалашығы зерттеліп, өңірдің археологиялық картасы әзірленбекші. Бұдан бөлек, археологиялық, этнографиялық және антропологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу де жоспарланған.

Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы төл тарихымыз бен тұлғаларымызды ұлықтау мақсатындағы тарихи-мәдени кешен құрылысы жұмыстарының биыл күзде аяқталатынын өзінің фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді.

 

Қарағанды облысы