Бұл жайында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асаинов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті.
Тұрғындарға Ертіс өзеніне суға шомылуға ерте екендігі туралы бірнеше рет ескертілген. Суға шомылу маусымы ашылғанға дейін екі оқиға орын алған.
-Облыс орталығында 17 мамыр күні сағат 10:55-те орталық жағажайда суға түсу кезінде 1964 ер адам суға батып кеткені туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнында болған адамдар суға батып кеткен адамды жағаға шығарып, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған.
Сонымен қатар 17 мамыр күні сағат 18.20-да Ертіс ауданы тұрғынынан суға батқан адамды көргені туралы телефон хабарламасы келіп түсті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар ер адам Ертіс өзенінің су басқан алқабында шомылғандығын анықтаған.
Оқиға орнына арнайы облыс орталығынан аттандырылған сүңгуірлер тобы ер адамның мәйітін екінші күні судан алып шықты. Суға батып кеткен ер адам 1975 жылы туған Ертіс ауылының тұрғыны болып шықты.
Самат Асайынов облыс тұрғындарына тыйым салынған жерлерде және мас күйінде шомылатын адамдар денсаулықтарына зиян келтіруі мүмкін екендігін ескертті.
Қазір Шүлбі су қоймасынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберу тоқтағанымен, Ертіс өзені әлі де болса арнасына түскен жоқ.
Сонымен қатар, арнайы шомылу маусымы барлық коммуналдық және жеке жағажайлар шомылуға дайын болғанда ғана басталатынын атап өтті.