Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуға байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде төленетін төлемді тағайындау жайын қорытындылады.
«Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2020-2021 жылдарға арналған Жұмыспен қамтудың жол картасы қабылданды. Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспары аясында 2020 жылы жұмыспен қамтуға тікелей ықпал ету шаралары 1,2 млн адамға жетеді. Сондай-ақ мемлекет табысынан айырылған кәсіпкерлер мен жұмысшыларды қолдау мақсатында төтенше жағдай туындаған кезде әлеуметтік төлем тағайындады. Оған келесі санаттағы адамдар ие болды. Ақысыз еңбек демалысына жіберілген ШОБ, ірі кәсіпкерлік субъектілері (карантин енгізілген өңірлерде), коммерциялық емес ұйымдар (мемлекеттік секторды қоспағанда) жұмысшылары, жеке кәсіпкерлер, жеке тәжірибемен айналысатын адамдар, Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (оның ішінде БЖТ төлеген бейресми жұмыспен қамтылғандар), азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша табыс алатын жеке тұлғалар бар. Біз өтініш беру үдерісін барынша жеңілдеттік. Ол үшін әртүрлі техникалық шешімдер іске асырылды. Дәлірек айтсақ, 42500.enbek.kz веб-порталы, «Электронды үкіметтің» веб-порталы, 18 Telegram-бот, ұялы телефон нөмірі тіркелді. Банктердегі ұзын-сонар кезектің пайда болу қаупін азайту мақсатында, банк деректемелерінсіз өтініш беру мүмкіндігі қарастырылды, есепшоттарды онлайн ашу бойынша шаралар қабылданды. Бұл шаралардың барлығы өтініштерді беру және қарау үдерісін тездетуге мүмкіндік берді. Барлығы 8 млн адамнан өтініш келіп түсті, оның 4,6 млн-ына тағайындалды. Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды», деді Ақмәди Сарбасов.
Оның айтуынша, алғаш рет 194,2 млрд теңге сомасындағы 4,6 млн төлем тағайындалған, оның ішінде бірінші айға 158,9 млрд теңге сомасында 3,7 млн, екінші айға 35,4 млрд теңгеге 834 мың төлем тиесілі. Екінші айда 2,9 млн адамға төлем ұзартылып, 122,2 млрд теңге төленген.
«Жалдамалы қызметкерлерге әлеуметтік жәрдемақы тағайындаудың басты шарты – бұл ақысыз демалыста болу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі, басқа санаттарға төтенше жағдай кезінде толық кірістен айырылу және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі болды. Ал АҚС шарттары бойынша жұмыс істейтін азаматтар үшін зейнетақы жарналарының болуы сұралды.
Өтініш берушілердің мәліметтерін тексеру кезінде жеке кәсіпкерлер мен қызметкерлердің жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келмеуі жағдайлары анықталды. Осыған байланысты оларға әлеуметтік төлемдер төлеуден бас тартылды.
Өтініш берушілердің мәртебесі бойынша да төлемдер тағайындалмады. Нақтырақ айтсақ, жұмыссыздық мәртебесінің болуы, қайтыс болған адамдардың атынан жалған өтініш жолдау, шетелге шығып кеткен адамдардың атынан өтініштер, қамауда отырған адамдардың өтініштері, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың, квазимемлекеттік сектордың, екінші деңгейлі банктердің және басқа кәсіпорындардың қызметкерлерінің өтініштері, белсенді зейнетақы және жәрдемақы алушылардың өтініштері.
Төтенше жағдайдың тоқтатылуына байланысты, 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды. Сонымен бірге «42 500 теңге» төлемі тағайындалмаған жекелеген азаматтардың өтініштеріне байланысты министрлік мұндай төлемдерді тағайындаудың іс-қимыл сызбасын әзірледі. Бұдан бұрын бас тарту туралы шешім қабылданған «42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындау өтініштерін қайта қарау үшін аудандық (қалалық) штабқа растайтын құжаттармен бірге тиісті өтініш беру керек», деді А.Сарбасов.
Ұсынылған құжаттарды қарағаннан кейін аудандық (қалалық) штаб «42 500 теңге» әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығының бары немесе жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бөлімшесіне беріледі, ол «Өтініш берушінің электронды іс макетін» қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Аудандық штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен келіспеген жағдайда, өтініш беруші растайтын құжаттарымен аудандық штабтың жұмыс органы арқылы облыстық штабқа жүгінеді, содан кейін қайта қарау процедурасы қайталанады.