Қазақтан шыққан тұңғыш физик ғалымдардың бірі Ғаділше Аяпбергенов туралы осы күнге дейін көп айтылған жоқ. Оған себеп – ғалымның «халық жауы» атанып, атылып кетуі. Ғалым туралы сәті түскен күні қалың оқырман мен ғылыми орта нақты деректерге сүйеніп жазылған көлемді дүниені тұшына оқитынына сенім кәміл. Қазіргі сөз Ғаділшенің сонау 30-жылдары «Физика» оқулығын алғаш рет қазақшаға аударуы және басқа да ғылыми еңбектері жайында болмақ.
Өз елінде «коммуна типтес» мектеп ашқан әкесі Аяпберген Науанұлының ақылымен әуелі ауыл молдасынан ескіше сауат ашқан Ғаділше – Орынбордағы орыс мектеп-интернатында оқып, сосын Алматыда жаңадан ашылған ҚазПИ-дің физика-математика мамандығына 1929 жылы қабылданып, 1933 жылы жедел курспен бітірген алғашқы лектегі түлегі. Студент кезінде-ақ ол институт директорының (Б.Алманов) бұйрығымен ассистент болып жұмысқа қабылданып, орыс тілінде жазылған оқу құралдары мен әдістемелік әдебиеттерден төменгі курстарға дәріс оқыған. Сондықтан халықты сауаттандыру жөніндегі «орталықтың» шешіміне сәйкес жекелеген оқулықтарды өзге тілдерден аудару үшін республика қазынасынан арнайы қаражат қаралған. Соның негізінде Қазақ АКСР Оқу-ағарту халық комиссариаты V сыныптан жоғары оқушылар үшін «Физика» оқулығын қазақ тіліне аударып беру жөнінде соңғы курстың студенті әрі ассистент Ғ.Аяпбергеновке арнайы тапсырыс береді.
Қазақстан тәуелсіздігі жарияланғанға дейін оқытылып келген Г.И.Фалеев пен А.В.Перышкиннің екі бірдей «Физика» оқулығын 1933 жылы тұңғыш рет қазақ тіліне аударғанын жас ғалым өзінің жеке ісінде көрсеткен. Бұл екі кітап Алматы қаласындағы еліміздің Орталық ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында сақтаулы тұр. 1933 және 1935 жылдары жарық көрген кітаптар Қызылордадағы мемлекеттік баспаханада басылыпты. Арада тоқсан жылға жуық уақыт өткен соң кітапхананың электронды сайты арқылы біз тапқан құнды дүниелер жөніндегі әңгіме-дерек бұған дейін қалың жұртшылыққа беймәлім болып келді.
Республика халық ағарту комиссариатының алқасы бекіткен Г.И.Фалеев пен А.В.Перышкиннің V сыныпқа арналған «Физика» оқулығының қазақша нұсқасы 1933 жылы басылып шыққан болатын. 104 беттік оқулық 125 суретпен безендіріліп, 99 тақырыпты 5 тарауға топтастырған: 1) Жабайы өлшеулер; 2) Жылылықтың нәрсеге әсері; 3) Қатты нәрселер; 4) Сұйық нәрселер; 5) Газдар. Сондай-ақ 20 мың дана таралыммен басылған кітап мазмұнының алдындағы бетке жаттығулардың жауаптары беріліпті. Құны – 1 сом 50 тиын. 5-оқу жылына арналған орта мектеп үшін «Физика» оқу құралының бірінші бөлімі сол дәуірдің талабына сәйкес латын қарпімен басылған. 6 баспа табақтан сәл астам аударма кітапқа кейіннен жазушылығымен танылған белгілі қаламгер Өтебай Тұрманжанов редакторлық еткен.
Ғаділше Аяпбергенов аударған екінші «Физика» оқулығы (І бөлім) орталау мектептің VI сыныбына арналған. 1935 жылы Қызылордадағы баспадан екінші басылымда шыққан оқулықтың қосымша бес мың данамен шығуы да 5 тарауға біріктірілген 99 тақырыптан тұрғанмен, көлемі 96 бет, 5,5 баспа табақ. Мұның да авторлары – Г.Фалеев пен А.Перышкин, редакторы – Ө.Тұрманжанов.
Бір ғажабы, екі кітапқа да Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университеті жанындағы әлеуметтік құқық факультетінің кітапханасы өзінің мөрін басыпты. Соған қарағанда, аудармашысы тұтқынға алынған оқулық бағдарламадан шығарылған соң, «тұлыбын» сақтап қалу үшін Ташкентте тұрса керек. Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасына соңынан жеткізілген сияқты.
Көз жүгірте отырып, оқушы ұғымына жеңіл әрі жатық тілмен жазылған екі оқулықта да кейбір негізгі ұғымдардың әлі күнге дейін қолданыста екенін байқадық. Аудармашы атауларды термин ретінде тұрақтандыруға ерекше ден қойып, қазақша баламасын дәл тапқан. Сөйлем құрауы, тілдік құралдарды қолдануында да ізденіс мол.
Кейіннен білсек, 1934 жылғы 14 ақпанда Қазақ өлкелік комитетінің мәдениет және үгіт бөлімі, араға он екі күн салып республика ағарту халық комиссариаты бекіткен «Бастауыш және орта мектептер оқулықтары авторларының (құрастырушылар, аудармашылар) тізімінде» «Физика» оқулығын аударушы төртеудің бірі болып Ғаділше Аяпбергенов тұр екен. Бұл тізімде сол дәуірдегі небір марғасқалар – қазақтың оқыған азаматтарының түгелге жуығы бар. 1937 жылға дейін болашақ ғылым білгірі ретінде осы тізімнен шығарылмаған Ғ.Аяпбергенов А.С.Бубнов атындағы Ленинград мемлекеттік университеті жанындағы физика институтының аспирантурасына физика ілімінің электротехника саласы мамандығы бойынша арнайы жолдамамен барып түскен.
«Қазақ мектептеріндегі физиканы оқыту және физикалық эксперименттеу әдістемесі» жөніндегі зерттеу жұмысын жазып бітірген Ғ.Аяпбергенов 1934 жылы тұңғыш ғылыми еңбегін сол жылы баспаға ұсыныпты. Бірақ бұл еңбектің одан арғы тағдыры қалай болғаны әзірге беймәлім.
Жас ғалым-ізденушінің талабын ұштамақ болды ма, әлде тиісті талабы солай ма, әйтеуір ағарту халкомы Т.Жүргеновтің өзі Ғаділшені алдын ала келісімге сай аспиранттар қатарында Ленинград мемлекеттік университетіне іссапарға жіберуге бұйрық шығарған. Және сол бұйрықта 1934 жылғы 1 қыркүйектен аспирантуралық курсты аяқтағанша ай сайын 250 сом (рубль) мөлшерінде дербес шәкіртақы төлеп тұруды тапсырыпты. Оған қоса аспирант ретінде бөлек шәкіртақы тағы төленген. Мұны Ғ.Аяпбергеновке тек «темір» халкомның қамқорлығы деп қараған жөн болмас. Өйткені ҚазМУ-дің физика кафедрасының меңгерушісі, профессор В.Ф.Литвинов қол қойған мінездемеде де оның іс-әрекеті жоғары бағаланыпты.
Ғаділшемен Ресей жерінде қатар оқығандар да осал адамдар емес. Атап айтқанда, Серғали Толыбеков, Темірғали Нұртазин, Батырбек Бірімжанов, Мұхамеджан Қаратаев, Төлеген Тәжібаев, Хамза Есенжанов, осылайша тізбелей беруге болады. Ал Ленинградтың Тарих, философия және лингвистика институтын бітіріп, аспирантураға түскен Саттар Ерубаев Василеостровский ауданындағы №7 көшеде Ғаділшемен бір бөлмеде жатып, жан қиыспас дос болғанын екінің бірі білмейді.
Аспирантураның соңғы курсында жүргенде НКВД-ның құрығына іліккен 11 адамдық топтың құрамында жиырма жеті жастағы Ғаділше Аяпбергенов болғанына ресми дәйек куә. Өкініштісі, 1937 жылдың 4 қарашасында кеткеннен оны «көрдім-білдім» деген жан жоқ. Тек «Ленинградский мартиролог» сериясының ІХ томынан алынған мәлімет ойдан шығарылған үкімнің 1938 жылғы 26 сәуірде Нева жағалауында орындалғанына ғана айғақ.
Бұлыңғыр заманның бейкүнә ұлдарын диірменнің тасындай дөңгеленіп жатқан дүние, сырғыған уақыт ақтап алды. Белгісіз физик-ғалым Ғаділше Аяпбергенов – солардың бірі. Енді оларды жоғалтпайықшы!..
Назарбек ҚОСШИЕВ,
документалист
Суретте: (солдан оңға қарай): бірінші қатарда – Тайыр Жароков, Марат Ғадылшеұлы, ..., жұбайы Зейнегүл Мадалиева, ...; екінші қатарда – Ғадылше Аяпбергенов, Асқар Тоқмағанбетов, Хамза Есенжанов, Батырбек Бірімжанов. 1934 ж. (Сурет Алматы қалалық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.)
АТЫРАУ