• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 29 Мамыр, 2020

Ел тарихындағы ең қайғылы кезең кешенді зерттеуді қажет етеді

953 рет
көрсетілді

Зобалаң жылдары 3-4 жастағы және емізулі тағы бір қызын арқалаған әйел Қызылордадағы базарда қайыр сұрап жүреді екен. Ашаршылықтан екеуін бірдей құтқара алмасын сезген бейшара ана қыздың үлкенін тастап кетпек болған. Басындағы әдемі орамалын қызының басына байлап, базар ішіндегі қалтарыста адастырып кетеді. Қыз «апалап» әрі-бері жүгіріп, шаршаған соң отыра қалып жылайды. Жылап отырып «апатайым-ау, мына әй-әй орамалды бөпенің басына байласаңызшы, ол жаурайды ғой», дегенін естіген жанның жүрегі қан жылайды.

Осы бір жүректі ауыртар әңгімені Мом­бек ағаның әжесі кемсеңдей жылап оты­­рып әңгімелеп беріпті. Жазушыны осын­дай естеліктерден кейін «қазақ мұн­дай апатқа қалай ұрынды, анасы туған пер­зен­тінен безетіндей, пойыздың астына тастап жіберердей бұл неғылған сұмдық, неге ресми тарих ол туралы жақ ашпайды?» деген ой мазалайды. Ашаршылық туралы жазылған «Зобалаң» тарихи шы­ғар­масының авторы Момбек Әбдіәкім өткен ға­­сырдың сексен төртінші жылдары Сау­да­кентте бір ақсақалмен әңгімелесе келе жөн сұрасқан. Қазығұрт ауданы Атбұ­лақ ауылынан екенін естігенде ақса­қал мұны құшақтап, көзіне жас алса керек. Ашаршылық жылдары салынып, құ­ры­лысы аяқталмай қалған Шымкент пен Таш­кенттің арасын жалғайтын төте темір ­жол Атбұлақ арқылы өткен. Сонау Сарысу жерінен ашаршылықта тенті­реп кел­ген ақсақал сол жерде жұмыс істеп, жан баққан екен. Осы теміржолда мың­даған қазақ бір күндік тамақ үшін жұмыс істеген. Оның ішінде жазушының әкесі де бар. Момбек Әбдіәкімнің бұл тақы­рып­қа келуіне де осындай естеліктер себеп болыпты. Әлгі темір жол құрылысы аяқ­тал­май қалған. Темір жол 1927 жылы РСФСР Халық комиссарлары кеңесі төр­а­ғасының орынбасары қызметін атқа­­рып жүрген Тұрар Рысқұловтың бас­та­масымен жоспарланған екен. Т.Рысқұлов оны 1922-1924 жылдары Түркістан республикасын бас­қарып жүр­ген кезде қолға алған. Шымкент – Ташкент төте теміржолын Түркісіб­тің бір тармағы ретінде салу көз­дел­ген. Құры­лысы 1931 жылы басталып, 1934 жылы аяқталуы тиіс еді. Жоспар бо­йынша шойын жол Шымкенттің іргесінен бас­талып, Қазығұрт тауының етегіне қарай тартады. Жаңаталап, Жар­бас­тау, Атбұ­лақ ауылдарын кесіп өтіп, одан әрі Таш­кентке дейінгі жазық даланы қуалап, Өзбекстан шекарасындағы Көк­терекке барып тіреледі. Одан әрі Таш­кент­ке дейін жалғау Өзбекстан өкіметіне тиесілі бол­ған.

«Ақсақалдар бертінге дейін осы құ­ры­­лыс басталар кезде Рысқұловтың ауыл­дар­­ды аралап, жергілікті халыққа осы темір­жолдың маңызын түсіндіргенін ай­тып жүретін. Неге аяқталмай қалғаны осы уақытқа дейін белгісіз. Тарихи құ­жат­­тарда осы құрылыс үшін 77 адам­ның ұсталғаны, оның 60-ының сотталып, 17-сінің атылғаны туралы деректер кез­де­седі. Бірақ осы темір жол жүз мыңдай қа­зақ­ты аштықтан аман алып қалды. Жан-жақ­тан босып келген мыңдаған адам бір мезгіл тамақпен жан бақты. Бүгінде темір жол құрылысының қалдықтары, бетон көпірлердің қалқиған сұлбалары әр-әр жерден байқалады. Бұл Оңтүстік өңірінде ашаршылықтан қалған, «Мәдени мұра» бағдарламасының картасына енген бірден-бір ескерткіш», дейді жазушы Момбек Әбдіәкім.

Жазушының айтуынша, ашаршылық туралы архивте жарытымды деректер жоқ. Тіпті сол кездегі Қазақстаннан шығатын газеттер де бұл туралы ештеңе жазбапты. Қайта Өзбекстаннан шыққан баспасөзде қазақ­тардың босып келіп жатқаны, аштан қырыл­ғаны туралы деректер кездеседі екен. Жалпы, қазақ жеріндегі бұл зобалаң бір айда немесе бір жылда келген жоқ дейді жазушы. Ол 1928 жылы байлардың малын тәркілеуден басталған. Бір ғана сол кез­дегі Сырдария губерниясы, бертіндегі Оңтүстік Қазақстан облысынан 1200 адам­ның малы тәркіленіпті. Көптеген адам атылған, жер аударылған. Одан кейінгі шаруа­шылықты ұжымдастыру жалған ұран­дармен, өтірік мәлімет берумен жал­ғас­ты. Өзара жарыс деген ойлап табылды. Ана колхозда 100 қой болса, мына колхоз одан озу үшін 200 деп көрсетті. Сол кездегі қазақ зиялы­ларын бір-біріне айдап салған, осы ашаршылықтың жүйесін жасап берген қужақ Голощекиннің пәрменімен сол жылдары Қазақстанда 14 ет комбинаты жұмыс істеген. Яғни, малдың бәрін етке айдаған. Егіс егуде де осындай әсіре белсенділік, көзбояушылық орын алды. Ақыр аяғында жоғарыдан жоспарды орындау туралы тапсырма келген кезде шолақ белсенділер халықты талап-тонауға кіріскен. «Қайдан тапсаң, одан тап, қаптың түбін қақ» деген сөз осы кезде пайда болған.

– Өзге ұлттардың ашаршылыққа ұрын­ға­ны туралы деректер де, естеліктер де жоқ. Мұрағаттарда Голощекиннің «пәлен ауылдарда орыстар мен өзбектер тұруы себепті халықтың мүлкі тәркіленбесін» деген сөздері қалып кеткен. 1931 жылы өткен бір жиналыста «Біз Кеңес Одағын құруда қазақ халқын аямаймыз, бұл халық оянғанша аяушылық болмайды, бірақ біздің істеген ісіміздің архивтерде қалып кетпеуін қатты қадағалаңдар» деген. Го­ло­щекиннің осы екі сөзінің мұрағатта қалай сақталып қалғаны таңғаларлық. Өзбектер тұратын Сайрам сияқты ірі елді мекендердің көшелері аштан өлген қазақ­тар­дың мәйітіне толып кеткен. 14 жастағы қыздарын нанға, ұнға сатқандар да кездес­кен. Осы зобалаң жылдары көптеген қа­зақ­ өзге ұлттарға сіңісіп кетті. Аштық жылдары Арыста, қазіргі Төлеби ауданында балалар үйі ашылды. Округтің орта­лығы Шымкентте неге ашылмағаны түсі­ніксіз. 1930 жылы көтерілістер Кеңес өкі­метінің озбыр саясатына, талап-тонауға қарсы ұйымдастырылды. Бұл халықтың ашу-ызасынан туындаған. Ашаршылық жылдары бұрынғы Алаш Орда үкіметінің азаматтары да халық үшін шырылдады. Жоғарыға хаттар жазған. Бірақ оның бәрін НКВД мұра­ғаттан тазалап тастаған, – дейді Момбек Әбдіәкім.

Сол жылдары аштықтан қырылған қа­зақ­­тардың саны жөнінде әртүрлі мәлі­мет­тер айтылады. Бұл бағытты да зерттеген жазушының дерегінше, 1927 жылы Сырдария губерниясында халық санағы жүр­гізілген. Осы санақ бойынша 1,5 мил­лион қазақ, 7 миллионнан астам мал есеп­ке алынған. Мирзоян келгеннен кейін 1934 жылғы санақта 700 мыңнан асатын адам көрсетілген. Яғни, 1932 жылы құрылған Оңтүстік Қазақстан облысында (бұған қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қы­зылорда облыстары мен Шымкент қала­сының аумағы кірген) кемінде 700 мың­нан астам халықтың орны жоқ. «Оның біразы шетелге ауып кетті десек, өңірде ша­мамен 400 мыңдай қазақ өлген болуы мүм­кін. Халқы Шымкент – Ташкент төте темір­жолының құрылысына қатысып, ашар­шылықтан аман қалған туған ауылым Атбұлақта 1927 жылы 111 үй болса, 1934 жылы 77 үй қалған. Егіншілікке бейім облыстың өзінде осыншама қазақ қырылса, күні тек төрт түлікке қараған, ашар­шылықтың тырнағы қатты батқан Қазақ­станның орталығында қанша адам аштан өлгенін өзіңіз ойлай беріңіз», дейді жазушы. Сондай-ақ Момбек Әбдіәкім кейбір зерттеушілердің «қазақ аштыққа өзінің жалқаулығынан ұрынды, сол кезде егін екпепті, тіпті судағы балықты да ұстап жеуді білмепті» деген сөздерімен мүл­дем келіспейді. Аштықтан бақа-шаян, шөптің тамырын теріп жеген қазақ­тың балық жеуді білмеуі мүмкін емес деп есептейді. Ашаршылыққа терең үңіл­ме­ген, орашолақ пікірлерге, шаласауатты тарих­шы­сымақтардың саяз пікірі мен дерек­теріне қынжылады. Қалай болғанда да қазақ тарихындағы ең қасіретті кезең тура­лы кешенді зерттеу жүргізіп, тиісті баға­сын беру бүгінгі тарихшылардың мін­деті.

 

Түркістан облысы