• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Мамыр, 2020

Әділеттілік жолымен

410 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жария еткен Үндеуі сан салалы қоғамның ішінде білім саласы үшін, ғылымның ішінде гуманитария мамандары үшін маңызды деп есептейміз.

Қиын да жауапты 90-жылдардың басында, дәлірек айтсақ 1993 жылы  Елбасының ұйытқы болуымен сол кездегі Жоғары кеңес (Парламент) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңды қабылдады. Сонымен бірге 1997 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл айтулы тарихи оқиғалардың Тәуелсіз еліміздің қалыптасып-дамуында, азат қоғамдық сананың орнығуында, ең бастысы тарихи әділеттіктің салтанат құруында орны бөлек.

Міне, арада едәуір уақыт өтті. Еліміз рухани жаңғырып, қоғам дамуының жаңа кезеңі басталды. Сондықтан ұлттың азалы күні алдында, 30 мамырда жарияланған Президент Үндеуін - өте орынды, дер уақытында шыққан саяси шешім деп қабылдаймыз. Бұл – Мемлекет басшысының көрегендігі, сондай-ақ халықтың, әсіресе қуғын-сүргін зардабын тартқан сан мың әлеуметтің талап-тілегін ескергендік.

Әлемге белгілі жайт: тарихта қазақ халқының көрмеген қорлығы, шекпеген мехнаты жоқ. Соның ең қиын кезеңі – ХХ ғасырдың 20-30 және 50-жылдары. Саяси экспериментке толы осы жүз жылдықта - қазан төңкерісі, азамат соғысы, большевиктердің қасіретті де қайғылы социалистік құрылысы, Екінші дүниежүзілік соғыс, «жылымықтың» алдындағы шырғалаң саясаты қателіктерді бірінен соң бірін туындатып, қазақ даласына алапат ашаршылықты да, себеп-салдары терең үркіншілікті де, азып-тозуды да,  ұлтсыздану мен рухсыздануды да алып келді. 

 Осы қате, баянсыз саясатқа қарсы келгендер немесе дамудың басқа жолын ұсынғандар «кеңестік билікке қарсы жау» саналып, саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақстанда әу бастан көзі ашық, оқыған-тоқыған, елім деген патриот азаматтар көп болды. Жаңа билікпен мәмілеге келіп, соның маңайында әлеуметтік-демократиялық республика құрамыз, елді ағарту жұмыстарын одан сайын тереңдетеміз деп арман-жоспар құрысқан, Қазақстан шекарасын анықтау жолында жан алысып, жан беріскен қайраткерлердің  барлығы дерлік зұлмат жылдары құрбандыққа шалынды. Осы нәубат олардың отбасын да айналып өтпеді. Жұбайлары да, балалары да, үрім-бұтағы да қуғынға ұшырап, моральдық тұрғыда бүгінге дейін басын көтере алмай келеді.

«Бұл мәселе елімізде қозғаламаған күйінде тұр» деп, ауызды құрғақ шөппен сүртуге де болмайды. Талап тіпті кеңес заманында да байқалды. Ал тәуелсіздік жылдар бұл бағыттағы ізденіс, мәселені күн тәртібіне шығару, түрлі деңгейде талқылау, кітап-жинақтар жариялау еш толастаған емес.

Әріден тартсақ, Сталин қайтқаннан кейінгі «жылымық» кезең саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты санада төңкеріс жасағанын ұмытпалық. Тарихи-ғылыми әдебиеттерде айқындалғандай, алғашқы «хрущевтік» (1953-1961), содан кейін «горбачевтік-яковлевтік» (1988-1991) ақтау кезеңдері қоғамды, әсіресе интеллигенцияны серпілткенімен, олардың «жауырды жаба тоқығаны» көрініп тұрды. «Жариялылық» (гласность) ұранының өзі одақ пен республика арасындағы биліктің және ұлттық мүдденің нәзік мәселелеріне келгенде, бұра тартты.

Тәуелсіздік елең-алаңындағы Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау шарасының үлкен қиындығы немесе тығырыққа тірелуі – кәсіби мамандардың аз болуымен, ұлттық қасіретке байланысты мәселенің кешенді зерттелмегенімен, елдегі саяси қуғын-сүргіннің мерзімі, құрбандарының саны субъективті түрде қысқартылғанымен түсіндіріледі. Жаппай репрессия кезіндегі Қазақстанның ерекшелігі, республикада жүргізілген теріс экономикалық саясаттың зардабы екшеліп-ескерілмеді.

ХХ ғасырдың 20-30 және 50-жылдарындағы мемлекеттік зорлық-зомбылық, Қазкрайкомның бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің Кремльмен бірлесіп жасаған бастамасы негізінде дүниеге келген «Қазақстанға арналған кіші Октябрь революциясы» секілді қанқасапты жобалардың ащы шындығына үстірт қана баға берілді. Бұл жерде кінәнің бір ұшы өз әріптестерімізге де тиетінін жақсы білеміз. Бірақ әуелгі азаттықтың да, қазіргі рухани жаңғырудың да талабын ескеріп, осы проблемаға байланысты тың ғылыми тұжырымдама қабылдауымыз қажет.

Бәріміз кеңестік жүйенің «Ең бастысы – мақсат, ал оның жолындағы шығынның бәрі ақталады» ұраны бізді талай ойсыратқанын жақсы білеміз. Большевизм де, оның идеологиясын жалғастырған социализм де халыққа қатысты зорлық-зомбылыққа рұқсат берді. Мемлекеттік террор, жазалау акциялары, саяси қуғын-сүргін қалыпты жағдайға айналды. Қолдан жасалған «азамат соғысы», таусылмас таптық араздық, еті тірі адамдарды аяусыз тәркілеу, халықты желкелеп қару күшімен ұжымдастыру, 1920-1922 және 1931-1933 жылдары әдейі ұйымдастырылған дүлей аштық қазақ халқын тұтас жойып кете жаздады. Бұл – жан-жақты дәлелденген ақиқат. Енді осы тарихи дерек пен құжаттың халықаралық заңдық негізін жасау, сөйтіп «Қазақ қырғынының» толық сипаттамасы мен анықтамасын айқындау – өркениет талабы болмақ.

Мұның сыртында Екінші дүниежүзілік соғыс тұтқындарына, 50-70 жылдардағы диссиденттерге қатысты тағылған түрлі саяси айыптарды қайта қарау міндеті де тұр. Бәрінің де зардап шеккен ұрпағының мәртебесін анықтау, оларды әлеуметтік тұрғыдан ынталандыру, қоғамның қасіреттен сабақ алуы мен адамгершілік-имандылығын арттыруын үйлестіру – мемлекеттің жазылмаған, міндеттелмеген абыройлы парызы.

Сондықтан біз таяуда құрылатын комиссия саяси қуғын-сүргін құрбандарының (әлі ақталмаған) барлық санатын саяси-құқықтық жағынан толық ақтау үшін «Саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы жаңа Заңын қабылдау немесе қолданыстағы «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына және басқа да заңнамалық актілерге елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізу жолында ел Парламентінің қос палатасымен бірлесіп тиянақты жұмыс істейді деп үміттенеміз.

Әлемдік дәстүрге және халықаралық заңдарға сүйене отырып, «Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіндердің құрбандарын заңдық және саяси жағынан толық ақтау» бойынша бағдарламалық және нормативтік-құқықтық құжаттар әзірлеу де – осы комиссияның және салалық білікті мамандардың қастерлі борышы болса дейміз.

Қазақстанның тәуелсіздігі жолында мерт болған, шәйіт кеткен үлкенді-кішілі азаматтарымыздың қарапайым адами қасиетінен бастап, ерен ерлігіне дейін, қоғам мүшесі ретіндегі кісілік келбетінен бастап, тұлғалық тұғырына дейін Қазақстанды мекендеген бүгінгі барша этнос өкілдері қастерлеп-қадірлейтін құндылықтарға айналдыру – аталған комиссияның кәсіби білікті жұмысы, ал мемлекет пен қоғамның айнымас асыл мұраты.

Реті келгенде айтайық, біз аталған тақырып бойынша жазылған Роберт Конквесттің (R.Gonquest.Tһe Harvest of Sorrow: Soviet Collеctivization and tһe Terror-Famine. London, 1986; Robert Gonquest. The Harvect of Sorrow. London 2002), Роберт Дэвис пен Стивен Уиткрофттің (R. W. Davies and S. G. Wheatcroft. The Years of Hunger: Soviet Agriculture, 1931-1933. New York: Palgrave Macmillan, 2004), Роберт Киндлердің (Robert Kindler. Stalins Nomaden. Herrschaft und Hunger in Kasachstan. Hamburg: Hamburger Edition, 2014), өзге де шетелдік авторлардың еңбектерін қазақ тіліне тікелей аударып, ғылыми айналымға түсіруіміз қажет. Өйткені мұны қазіргі жастар оқып, талдап-таразылауы керек. Білім саласының барлық буынындағы оқулықтарға да ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін тақырыбы енуге тиіс. Бұл - жаңа ұрпақтың тәуелсіз ой түюіне, тарих алдында жауапкершілікті сезінуіне әсер ететін фактор.

Біз жоғарыда «қазақтың қуғын-сүргінге ұшырау тарихы - елімізді мекендеген басқа да этностарға ортақ тарих» дегенді бекер айтпадық. Репрессия жылдары қазақ жерінде 11 лагерь салынып,  бұларға 5 миллионнан астам адам жіберілді. Жалпы айтқанда, осы қиын жылдарда біздің ел өзі де қырылып, өзге жұрттың азабын да көзбен көріп, тұтас бір лагерьге айналды. 

Қазіргі таңда атқарушы және заң шығарушы биліктің, зиялы қауымның, гуманитария ғылымының, соның ішінде тарихшылардың басты міндетінің бірі – қуғын-сүргінге ұшырағандарды түгел ақтау жұмысына жан-жақты жәрдемдесу болып отыр. Рас, бұл мәселе бұған дейін де түрлі деңгейде талай мәрте көтерілді. Бірқатар «істер» қайта қаралып, талайы ақталды да. Алайда осы мәселеге мемлекеттік деңгейде жаңа серпін беру – уақыт талабы еді. Сондықтан бұл бағытта Президенттің мемлекеттік комиссия құру идеясы қоғам тарапынан толық қолдау табады деп сенеміз. Бұл - халық та, халықаралық қауымдастық та жылы қабылдайтын шешім. Тек аталған комиссия белгілі бір мерзімдік қана болмаса екен дейміз.

Ол тұрақты және үнемі жұмыс істейтін комиссия болғаны маңызды. Сонда бар дәстүр байытылып, жоқ тәжірибенің орны толады. Маңызды мемлекеттік-қоғамдық жұмысқа тартылған тарихшы, қоғамтанушы, әлеуметтанушы т.б. кәсіби деңгейін шыңдап, заңгерлер де осы салаға мамандана бастайды.

Біздіңше, Президент Үндеуінің негізгі мақсаты да осында. Оның мәні – әділеттілік жолын жалғастыру, дәстүр сабақтастығын арттыру.

 

Ерлан Сыдықов,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры,

ҚР Тарихшылардың ұлттық конгресі төрағасы