Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» отбасы институтын зерттеу орталығы 2020 жылдың ақпан-наурыз айларындағы «Қазақстандық көпбалалы отбасылардың жағдайын және дамуын зерттеу» деп аталатын зерттеу деректерін жария етті.
«Сіз үшін отбасы нені білдіреді?» деген сұраққа қазақстандықтардың жалпы санының 73,1%-ы отбасын өмірдің мәні ретінде санайтынын айтқан. Сондай-ақ жауаптардың ішінде 39%-ы «әулеттің ертеңі», 29%-ы «бақыт пен махаббат», 16,9%-ы «жауапкершілік пен міндеттемелер», 7,9%-ы «қоғамның негізі» және 1,6%-ы «жалғыздықтан құтқару» деп жауап берген. Оның ішінде әйелдердің 75,1%-ы және ерлердің 51,3%-ы отбасын «әулеттің ертеңі» деп санайды.
«Ата-аналардың 69,3%-ы «көпбалалы болғыңыз келе ме?» деген сұраққа, «Иә, мен әрқашан көпбалалы болғым келді» деп жауап берді. Сұралған мыңдаған респонденттердің 65,2%-ы төрт баланы тәрбиелеуде, 34,8%-ы бес және одан да көп баланы тәрбиелеуде. Сауалдама нәтижесі бойынша, отбасылық жұптардың көпшілігі (78,9%) өздерінің отбасылық қарым-қатынастарын «өте жақсы, біз бір-бірімізді сүйеміз және құрметтейміз» деп бағалады. Зерттеу сондай-ақ көптеген адамның пікірінше, отбасылық қатынастарды нығайтатын маңызды сапа махаббаттан гөрі құрмет екенін көрсетті. Сұралғандардың 68,2%-ы осылай санайды. Сондай-ақ отбасылық респонденттер арасында 90,2%-ы өміріне риза екендігін атап өтті, бұл ретте ажырасқан адамдардың арасында өміріне ризалығын 73,9%-ы атап өтті. 70,4%-ы балаларды тәрбиелеуде күш қолдануға теріс қарайды, бұл орынсыз және дұрыс емес деп санайды. Қазақстандық ата-аналар өзара түсіністік, құрмет, махаббат сияқты эмоционалдық факторларға көңіл бөледі», деп атап өтті отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі Жұлдыз Батталова.
Айта кету керек, бұл зерттеу Қазақстанда алғаш рет өткізілді. Зерттеу қорытындысы бойынша осы мәселеге мүдделі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар үшін ұсынымдар әзірленетін болады. ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» Отбасы институтын зерттеу орталығы әлеуметтік институт ретінде отандық және халықаралық тәжірибені зерделеу, отбасының проблемалық аспектілерін шешу бойынша ұсыныстарды зерттеумен, талдаумен, әзірлеумен және қазақстандық отбасылық саясаттың жай-күйі туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндаманы дайындау үшін статистикалық және әлеуметтік деректер базасын құрумен айналысады. Институт «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудың барлық қатысушыларының тиімді қызметін ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету үшін құрылды. Бағдарламаның арнайы жобасына кіретін «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Латын әліпбиіне көшу», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «100 жаңа оқулық», «100 жаңа есім» бағдарламалары бар.
Отбасы – ұлттың алтын діңгегі. Оны сақтау, қорғау ер мен әйелдің арына жүктелген қасиетті парызы. Жақында ғана өмірден өткен белгілі журналист Бейсен Құранбек үйленетін кезінде отбасының 7 қағидасын жасаған екен.
«Сыйластық бірінші кезекте тұру керек. «Үйленген күннен бастап мені «сіз» дейсің» дедім. Бастапқыда «сіз» дегені құлаққа түрпідей естіліп, күлкіге көміліп қалғанмын. Он бес жылдан бері «сіз» деген сөз отбасымыздың татулығының тірегіне айналды. Достарымның әйелдері біреуі 5 жылдан соң, біреуі 8 жылдан соң, біреуі 10 жылдан кейін күйеулерін «сіз» дей бастады. Анасы әкесін «сіз» деп сыйлап тұрса, бала да әкесін құрметтейтінін түсінді; Сенің ата-анаң – менің ата-анам, менің ата-анам – сенің ата-анаң. Балдызыма ақыл айтсам, туған қарындасыма айтқандай айтам, келіншегім қайнысына ұрысса, туған інісіне ұрысқандай ұрысады; Қандай сыйлы қонақ келсе де, үйімізге ішімдік кіргізбейміз; Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірт сияқты тәрбиелейміз, мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз; Ренжісіп қалсақ, 5 минуттан соң сөйлесеміз. «Жақсы адамның ашуы шәй орамал кепкенше, жаман адамның ашуы басы жерге жеткенше». Біреуіміз қылт етсек, екіншіміз уақыт санап отырамыз; Біздің үйде ер-азамат есеп бермейді, телефон соғып: «Қайда жүрсің? Қашан келесің?» деген сұрақ қойылмайды. Кейбір достарымның әйелдері телефонмен «Қайда жүрсің қаңғырып?» деп жатқанын естігенде, телефоны болмаған біздің ата-бабалар не деген бақытты деп ойлаймын; Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды», делінген журналистің жазбасында.
Әлемдердің Раббысы Алла тағала ерлі-зайыптыларға: «Сендер бір-бірлеріңе киімсіңдер», дейді. Ислам ғұламалары бұл аятты былай тәпсірлеген: «Киім – адамды табиғаттың ыстық-суығынан қорғайды. Сол сияқты ерлі-зайыптылар да өмірдің қайғысы мен қуанышында да бір-біріне қорған бола білуі қажет. Киім – адамның көркі. Ер мен әйел де бір-бірінің көркін киімдей кіргізе білуі шарт. Киім – адам денесіне ең жақын зат. Дәл сол секілді ерлі-зайыпты жандар да бір-біріне жақын бола білуі міндетті. Киім – адам денесіндегі кемістікті жасырады. Сол сияқты ерлі-зайыптылар да бір-бірінің жақсылығын асырып, жамандығын жасыра білуі шарт», деген екен.
Қазақ «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қанатты сөзді бекерден бекер айтпаса керек. Өйткені көп жастар үйлену дегенге той жасау деп қарайтын секілді. Негізгі міндет пен жауапкершілік тойдан кейін басталатынына мән бермейді. Өмірден тәжірибесі аз өрімдей жастар мойнына түскен кішігірім сынаққа сынып кетіп, бір-бірін түсіне алмай екі жаққа кетеді. Айрандай ұйыған әулеттің ойран болмауы үшін не істеу керек?
«Еліміздегі ажырасудың басты себебі – жастардың отбасы құруға дайын еместігі. Мұндай пайымға арнайы жүргізген сауалдамадан кейін келдім. Өткір тұрған өзекті мәселені шешу үшін жоғары оқу орындарында «Отбасы құру негіздері» деген пән енгізу қажет. Себебі білім беру институты адамды тек қана интеллектуалдық тұрғыда дайындамау керек. Оны өмір сүруге де дайындау керек. Сондықтан да «Oтбасы құру негіздері» деген пәннің аясында ана болу, әке болуды оқытып, сонымен қатар отбасының қаржылық жоспарын жасауды да үйреткеніміз жөн деп санаймын», дейді әлеуметтанушы Айсұлу Тұрсынбайқызы.