Ізгілікті қоғамның іргесі әділдіктің салтанат құруымен бекиді. Туралықты ту еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған әуелден басымдық беріп, Сайлауалды тұғырнамасына ұстын болған үш ұстанымының бірі әділдік деп атады. Ал оған бастайтын қадам – жемқорлықты түп-тамырымен жою. Президент ел тізгінін ұстағаннан кейін халыққа берген уәдесіне берік болатынын айтып, ұлықтау рәсімінде он негізгі бағытты белгіледі. Соның қатарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар назарға алынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде мәлімдеген маңызды басымдықтың барлығы Сайлауалды бағдарламасымен сабақтасады. Онда аталған он негізгі бағыттың екіншісі сыбайлас жемқорлықты жою болды. «Бірінші қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық – мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз», деді Мемлекет басшысы.
Осы бағыттағы іс-шараларды күшейту үшін Президент Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз алдына агенттік ретінде қайта құрылды. Оның төрағасы болып тағайындалған Алик Шпекбаев агенттік қайта құрылғаннан кейін идеологиясы мен жұмыс тәсілдері де өзгергенін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында әділдік, сенім және парасат құндылықтарына негізделген түбегейлі бетбұрыс жасап жатқандарын айтты.
Жаңадан іске кіріскен агенттік сыбайлас жемқорлыққа бейім келетін салалардың салдарымен арнайы күресу үшін дербес департаменттер құрды. Соның бірі квазимемлекеттік секторға арналды. Өйткені бұл салада бюджет қаражатының тиімсіз жоспарлануы, орынсыз қолданылуы сияқты олқылықтар көп еді. Бұған қоса құқық қорғау саласы да жемқорлықпен жиі шатылатын. Сондықтан бұл департамент квазимемлекеттік сектордағы, құқық қорғау және сот органдарындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу міндеттерін іске асырады. Оның құзыретіне құқық қорғау және сот саласының мекемелері, сондай-ақ аудандық құрылымдарға қоса республикалық және облыстық деңгейдегі 155 мекеме кіреді. Барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан еншілес компанияларды қоспағанда, квазимемлекеттік сектордың 58 шаруашылық субъектісі бар. Сектордың қаржылық айналымы елдің ішкі жалпы өнімінің 59%-дан астамын құрайды.
Жемқорлықпен жүйелі күресті жолға қою үшін бұл бағыттағы іс-қимылды заңнамалық тұрғыдан да күшейтуге мән берілді. Президент халыққа Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру қажет. Бұған сарапшылар мен қоғам өкілдері де атсалысуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу керек», деген еді.
Өткен жылы 26 қарашада Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» заңына бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін басшылардың дербес жауапкершілігін қарастырған заңнамалық түзетулер пакетіне қол қойды. Заңның жаңа редакциясына сәйкес саяси басшының өз қызметін доғаруға өтініш беруінің басты шарты – оған тікелей бағынышты қызметкерге қатысты заңды күшіне енген соттың айыптау үкімі болуы немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің қабылдануы. Басшының жұмыстан кетуге өтініш беретін мерзімі – 10 күнтізбелік күн. Екінші шарт – тікелей бағынышты қызметкер жасаған қылмыс басшы саяси лауазымға тағайындалған күнінен бастап 3 ай өткеннен кейін жасалуы. «Қызметтен кету» түсінігі тек саяси қызметшілерге қатысты қолданылады. Жұмыстан кетуді қабылдау немесе қабылдамау саяси мемлекеттік қызметшіні тағайындаған тұлғаның құзыретінде.
Сонымен қатар былтыр 30 желтоқсанда Президент «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесі арасындағы ГРЕКО және бағалаушы топтар мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттеріне қатысты келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойып, Қазақстан аталған ұйымның 50-інші мүшесі болып танылды. Бұл мүшелік Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын халықаралық сарапшылардың объективті бағалауына жол ашады. Сондай-ақ келешекте Еуропа елдерімен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді экстрадициялау және олардың заңсыз иемденген мүліктерін қайтару мәселелеріндегі ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Енді агенттік төрағасы азаматтарды бұрынғыдай ай сайын емес, апта сайын қабылдайды. Ал оның орынбасарлары мен аумақтық департаменттердің басшыларына жұрт күн сайын жүгіне алады. Нәтижесінде, басшылыққа талап-тілегін жеткізгендердің саны 3 есе артып, шешілген мәселелер 1,3 есе өсті.
Бұған қоса әлеуметтік желілерде азаматтардың сын-ескертпелеріне дер кезінде ден қойылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат кеңінен түсіндірілуде. 15 өңірде Аntikor ortalygy сервистік орталықтары ашылды. Жақын арада мұндай орталық қалған 2 өңірде жұмысын бастайды.
Барлық өңірде үш тілде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске қосылды. 2020 жылдан бастап онда 3,5 трлн теңгеден аса сомада мемлекеттік мекемелердің бюджеттері ашық көрсетілген. Жалпы 2019 жылдан бастап 7,5 трлн сомасында мемлекеттік мекемелердің бюджеті жарияланған.
Тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларды қабылдайтын 1424 Call-орталығы жұмыс істейді. Осында түсетін қоңыраулар саны 353-тен 988-ге дейін өсіп, сол бойынша 32-ден 66-ға дейін іс тергеледі. Азаматтардың бұл белсенділігінен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенімнің артқанын байқауға болады.
Жемқорлықтың алдын алу жұмыстары да белсенді қолға алынып жатыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 287 сыртқы талдау жүргізіліп, 257 мониторинг жасалды. Сол бойынша 2 616 ұсыныс қаралып, нәтижесінде 860-тан аса ұйымдастыру шаралары қабылданды, 63 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілді.
«Сатып алулардың бірыңғай терезесі» ақпараттық жүйесі жүргізген талдау бойынша агенттік жалпы сомасы 2 млрд теңгеге жуық тауарлар мен қызметтерді сатып алу бағасын оңтайландырды. Осы жоба іске қосылғаннан бері, яғни 2019 жылдың қараша айынан бастап шамамен 2,8 млрд теңге үнемделді.
Мемлекеттік органдардағы қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою туралы 3 778 ұсыныс енгізілді. Жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар саны – 1 590. Оның 213-і жұмыстан босатылды. Дұрыс бақыламағаны үшін 648 басшы жазаланды.
Агенттік қайта құрылған сәттен бастап сыбайлас жемқорлықпен шатылған 1922 адам әшкере болды. Оның ішінде 40-ы республикалық деңгейдегі, 140-ы – облыстық деңгейдегі басшы. Бұл мәлімет 2019 жылдың 13 маусымынан 2020 жылдың 8 маусымына дейінгі дерек бойынша келтіріліп отыр.
Сонымен қатар сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бойынша жұмыс күшейтілді. Өткен жылы парамен ұсталған 7 судья сотталды. Биыл тағы Алматы, Шымкент қалаларында және Павлодар облысында 3 судьяның жымысқы әрекеті әшкереленді.
Жалпы, агенттік қабылдаған кешенді шаралар оң нәтижелерін бере бастады. Transparency Kazakhstan сауалдамасы аясында респонденттердің 54,4%-ы соңғы жылдағы сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендегенін атап өтті. Кәсіпкерлердің 76%-дан астамы Қазақстанда парақорлыққа ұрынбай, өз бизнесін дамытуға болады деп санайды. Ал «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының жүргізген сауалдамасында респонденттердің жартысынан көбі соңғы үш жылда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жағдайдың жақсарғанын айтқан. Бұл сауалдамаға қатысқандардың 3/2 бөлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейе түсті десе, 60,4%-ы бұл жұмысқа өз үлесін қосуға дайын екенін білдірген.