• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Коронавирус 23 Маусым, 2020

ХВО елімізді COVID-19 вакцинасымен қамтамасыз етуді жеделдетпек

776 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өткен аптадағы Үкімет отырысында ғалымдарымыздың коронавирусқа қарсы 5 түрлі вакцина əзірлеп жатқанын, осыған дейін екпелерге жасалған сынақтардың әзірге сәтті болғанын және отандық вакцинаны қыркүйек айында адамдарға сынап көрудің жоспарланып отырғанын жеткізген болатын. Коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны әзірлеумен айналысып жатқан Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жанындағы оқу-әдістемелік орталығының директоры Хайрулла Абеуов вакцинаны дайындап, өндіріске енгізуге кем дегенде 1 жыл кететінін мәлімдеген-ді. Ал вакцина әзірлеумен айналысып жүрген ғалым, профессор, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанынан жақында құрылған Халықаралық вакцинология орталығының (ХВО) басшысы Қайсар Табынов COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаның 5 жылсыз дайын болмайтынын айтады.  

Ғалымдар екпені әзірлеп, тіпті клиникалық сынақтан сәтті өткізіп қойса да, оны өндіретін кәсіпорын бізде жоқ. Міне, халықты отандық екпемен қамтамасыз етуді тежеп тұрған ең негізгі кедергі – осы. Дегенмен ХВО бүгінде осынау ауқымды жұмысты жеделдетпек. Қалай?

Аталған орталық COVID-19  вакцинасын жасау мақсатында әлемдегі жетекші биотехнологиялық Vaxine Pty Ltd (Adelaide, Australia) биотехнологиялық компаниясымен ғылыми ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Осылайша орталық COVID-19 вакцинасын жылдам әзірлеуші АҚШ-тағы Emergent Ventures Fast Grants, Джорджия мемлекеттік университетінің (Georgia State University) Oracle корпорациясы, Канададағы Novometrix Research Inc, Ирландиядағы APC Inc компаниялардың қатарына қосылды.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцинология орталығының жетекшісі, профессор Қайсар Табынов «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Vaxine Pty Ltd-де оқып, тағылымдамадан өткен және қазір аллергиялық вакцинаны әзірлеуде компаниямен бірге жұмыс істейді.

«Өкінішке қарай, Қазақстанда клиникалық сынақ сатысына жеткен COVID-19 вакцинасы жоқ, бұл дамудың алдыңғы деңгейінде. Сондықтан біздің қадам осы салада Vaxine-нің тәжірибесін қолдануға зор мүмкіндік береді. 2009 жылы Vaxine 3 ай ішінде «шошқа тұмауы» вирусын анықтап, адамдарға арнап вакцина әзірлеген әлемдегі алғашқы компания болды. Ал 2019 жылы дүние жүзінде бірінші болып жасанды интеллект көмегімен адъювант (adjuvant сөзі латын тілінен аударғанда «көмекші» деген мағынаны білдіреді, бұл  – вакцинаға қажетті антигендерге қарсы иммундық реакцияны күшейтетін зат немесе қосылыстар) әзірледі. Vaxine сияқты вакцина саласындағы әлемдік көшбасшымен ынтымақтастық орнату – Қазақстандағы жаңа орталық үшін үлкен мәртебе», деді Қ.Табынов.

Оның айтуынша, Ұлттық аграрлық университет әлемдегі барлық COVID-19 вакцинация технологияларын зерделеп, соның ішіндегі ең тиімдісін таңдап алыпты. Бұл – бакуловирустық технология, мұнда вирус сыртындағы шыбықтары (спайк протеин) немесе негізгі иммунитет түзетін протеини жәндіктердің торшаларында жасанды жолмен өсіріледі. Вакцинаның тиімділігін арттыру мақсатында оған өсімдік қанты негізінде даярланған AdvaxTM адъюванты косылады. Елімізде құрылған орталық осы технологияға қол жеткізуді көздейді.

«Отандық вакцина өндірісінің болу-болмауы – үлкен сұрақ. Меніңше, бұл келесі 5 жылда бола қоймас. Өйткені оны бізде өндіретін зауыт жоқ. Сондықтан шетелдік компаниялармен серіктестік құрып, вакцина өндірісіне қол жеткізіп, халықты тезірек екпемен қамтамасыз ету керек. Біздің алдымыздағы басты мақсатымызға қол жеткізетін ең  дұрыс стратегия – осы. Әлбетте біз отандық вакцинаны әзірлеу жұмысына атсалысуды тоқтатпаймыз», дейді профессор Қ.Табынов.

Иә, біз бұған дейін COVID-19-ға қарсы отандық вакцинаның жай-жапсары жөнінде бірнеше материалымызда жазғанбыз. Сондағы еске сала кететін жайт, өзгенің өнімін қымбат бағаға да сатып ала алмаймыз. Себебі індет қазіргі таңда бүкіл әлемге тарап кетті. Сондықтан әр ел өз халқын екпемен мүмкіндігінше өзі қамтамасыз етуі тиіс. Әлбетте қазірде кәсіпорындардың қойнауына айналып бара жатқан Қытай вакцинаны экспорттауға да шығарады. Бірақ Ұлыбританиядан, АҚШ-тан және Қытайдан алынған, яғни қазір клиникалық сынақтан өткізіліп жатқан COVID-19 вакциналарының нәтижелері адамдарда жағымсыз реакциялар деңгейінің жоғары, кейбірінде тіпті қатты мазасыздық туғызатынын көрсетіп отыр. Сол себепті шетелдік серіктестердің көмегімен әзірленсе де, өз өніміміз барлық жағынан (экономикалық, биологиялық) тиімді болмақ. Осы жолда жақында жарияланған QS рейтингінде 591 орынға тұрақтап, әлемдегі үздік университеттердің тізіміне енген Қазақ ұлттық аграрлық университетінің мамандарынан құралған орталық елдің үмітін ақтап, індеттің алдын алуға атсалысады деп сенеміз!