Осыдан 10-15 жыл бұрын өңірлердегі қалалар мен шалғайдағы елді-мекендердің мектептерін тәмамдаған түлектер сапалы жоғары білім алу үшін Алматыға, облыс орталықтарына немесе шетелге ат басын бұратын. Бұл шешім олар үшін білімнің биігіне қол жеткізумен тең еді. Ал қазір ауылдан астанаға арман қуып аттанатындар аз емес. Сол білім қуып келген ізденушілердің бір бөлігі бүгінде ізденуін әрі қарай жалғастыру мақсатында жас қалада қалды. Өйткені олар үшін елорда – елдің ғана емес, білім мен ғылымның да астанасы.
Балабақша баспалдағы
Бас қалада маман болып қалған жандар бас қосып, жас отбасылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Соның нәтижесінде бала туу көрсеткіші де жыл санап жоғарылап, балабақшаларға сұраныс артты. Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының былтыр жыл соңында таратқан мәліметіне сүйенсек, елордада 369 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 90-ы – мемлекеттік, 3-еуі – ведомстволық, 214-і – жекеменшік балабақша, ал 43-і – мемлекеттік тапсырыс алатын шағын орталықтар. Осыншама мектепке дейінгі ұйымда 50 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Бір қарағанда аз көрінетін шығар, алайда бұл – бір аудандағы халықтың санындай көрсеткіш. Демек алдағы уақытта астанамыздың ауқымы арта беретіні сөзсіз. Мұнымен бірге балабақшалардың, ондағы балаларға арналған орындардың көлемі де көбейе түседі. Қалалық білім басқармасы жыл сайын 240 орынға лайықталған 1-2 мемлекеттік балабақшаның салынатынын айтады. Соның жанында тағы 10 шақты жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар тәрбиеленушілерге есігін ашады.
Мұның барлығы жас мамандарға жұмыс орнын ашуға септігін тигізді. Жадыра Оспанова елордадағы «Ханшайым» жекеменшік балабақшасында тәрбиеші болып жұмыс істейді. Туған жерінен нәпақа табуға ғана емес, жас қаламен болашағын байланыстыруға келген ол мұндағы балақайлардың тәрбиесіне ерекше мән беретінін айтады. «Елордалық балаларды тәрбиелеп жүргеніме көп болған жоқ. Осы аз уақытта қол жеткізген жетістіктер баршылық. Тәрбиеленушілерім өздері туған және өсіп келе жатқан шаһарын сүйеді, сондықтан да бас қаланың бейнесін қағаз бетіне сүйіспеншілікпен және мақтанышпен салады. Мен оларды өз қиялдарындағы ғажайып қаланың ең дені сау, тәрбиелі, ізетті, өз бетінше әрекет ете алатын, қоршаған ортасына мейіріммен қарайтын, білімді де тәртіпті тұрғындары болғанын қалаймын. Сол үшін әр күнімді балаларға барымды беруге, өмірде қажеттінің бәрін үйретуге арнаймын», дейді тәрбиеші Жадыра. Бізге бейне байланысқа шыққан ол ересек топтағы тәрбиеленушілерінің мектепке сақадай сай екенін көрсетті. Балалардың әрқайсысы әріпті танитынын, буындарды қосып оқи алатынын және санауға да жүйрік екенін бір-бірімен жарысып көрсетті. Иә, олар – елорданың ғана емес, еліміздің ертеңі.
Мектептен маманданып шығатын шәкірттер
Елордада бүгінде 180 мыңнан аса оқушы бар екен. Елорда әкімі Алтай Көлгінов 2020 жылы 12 мектеп салу жоспарланғанын және алдағы 5 жылда 60 мың орынға 50 мың оқу ошағы бой көтеретінін айтқан еді. Осы материалды әзірлеу барысында Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының деректері арасынан бір көрсеткішке көзіміз түсті. Ел астанасы Арқаға көшірілмей тұрғанда қалада небәрі 35 мектеп болған екен. Ал қазір орта білім беретін оқу ошақтарының саны 100-ге жуықтайды. Енді мына бір дерекке назар салсақ, ел егемендігін алған жылы қаладағы бір ғана оқушы «Алтын белгіге» үміткер болыпты. Ал қазір әр мектептен кемі екі-үш оқушы «Алтын белгімен» бітіреді. Сан әрдайым сапаға әсер етеді, бәсеке қашанда биіктеуге бастайды.
Әлихан Рахметов елордадағы №73 физика-техникалық мектеп-лицейін биыл бітірді. Аталған оқу ошағының ерекшелігі – ел астанасында ғана емес, еліміз бойынша бірегей бағытқа бейімделгенінде. Қазақстанда физика-математикалық мектептер көп, бірақ физика-техникалық бағытта білім беретін оқу ошағы жоқ еді. 2014 жылы бас қалада бой көтерген, бүгінде бөлекше бағытта білім беретін оқу ордасының түлегі Әлихан мектептен-ақ маманданып шықты. Әлбетте кәсіби шыңдалып шықпаса да, мектеп қабырғасында жүріп өмірлік кәсібінің іргетасын қалай алды. Ол №73 физика-техникалық мектеп-лицейінде ашылған STEM зертханасында зағип жандарға жолда жүруге көмектесіп, сигналдар арқылы кеңістікті бағдарлауға жәрдемдесетін құрылғы жасады. «Астанамыз барлық жағынан, әсіресе біз секілді оқуға, білуге, жаңалық ашуға ұмтылған ұландар үшін білім бәсекесінде де бас болып келеді. Мен мектептегі біліміммен мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндік аясын кеңейтуді көздедім. Енді осы ойлап тапқан құрылғымды әрі қарай жетілдіргім келеді. Бұл үшін жоғары білім алу керек. Болашақта бағдарламалау бағытында мамандансам деймін. Бұл мақсатыма шетелге кетпей-ақ Астана ІТ университетінде білім алып қол жеткізе алатыныма сенімдімін», дейді Әлихан.
Іргелі қаланың ізденушілері
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің дерегі бойынша бас қалада 35 кәсіптік-техникалық колледж бар. Колледждерде 23 мыңнан аса маман даярланып жатыр. Өткен жылы дәл осы уақытта елордалық колледждердің жәрмеңкесі болды. Биыл елдегі жағдай оң болғанда, тағы да өткізілер еді. Өткен жылғы жәрмеңкеде астаналық арнаулы оқу орнында кәсіптік-техникалық білім алып жүрген студенттердің білігін байқадық. Бірі тігін тігіп, дизайнерлік жұмысын көпшілікке ұсынса, екіншісі арнаулы аппаратпен емделушісінің ауыз қуысындағы тістеріне диагностика жүргізіп жатты. Үшінші бір колледж студенті тағам немесе сусын түрін әзірлеудің технологиясын көрсетті, ал келесі бірі шаш үлгісінің жаңа түрін жасап шықты. Ал ауыл шаруашылығына қажетті құралды құрастырған студенттер тіпті сүйсіндіреді. Осы қатарды толассыз тізбектей беруге болады. Шыны сол, астаналық мектептің 9 сыныбын тауысқан түлек кез келген мамандыққа даярлайтын колледжді өзі туған, тұратын қаладан таба алатынына куә боласыз.
Бас қаладағы жоғары оқу орындары мен олардың беделі де, сөз басында айтқанымыздай, алыстағы мектеп түлектерін, тіпті шетелдегі қазақ жастарын туған жерге тартуға түрткі болып отыр. Өйткені мұндағы оқу орындарының басым бөлігі қазақстандық және әлемдік рейтингтерде үздіктер қатарынан көрініп келеді. Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына қарағанда, елордада 18 жоғары оқу орны бар екен. Соның ішінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Quacquarelli Symonds (QS) халықаралық рейтингі жариялаған «Әлемнің үздік 1000 жоғары оқу орны» тізімінің 365-орнына тұрақтады. Ел астанасындағы осындай алдыңғы қатарлы университеттер өз кезегінде мамандар даярлаумен шектелмей, оларға жұмыс тауып беретін әрі ғылыми орта сыйлайтын алаңға айналып отыр. Мәселен, жоғарыда аталған бір ғана ЖОО-да 11 академик, 533 ғылым кандидаты, 164 PhD докторы, 181 ғылым докторы, 163 профессор, 299 доцент, 48 қауымдастырылған профессор еңбек етеді. Ал білім сапасын ұлттық және халықаралық FIBAA, IQAA, ACCA агенттіктерінде алдыңғы орыннан көрініп келе жатқан, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының зерттеу нәтижесі бойынша түлектерінің 88%-ы оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы айларда жұмысқа орналасатын, қазіргі таңда 7 профессор, 8 академиялық профессор, 34 ғылым кандидаты, 25 PhD докторы, 10 ғылым докторына ғылыми орта сыйлап отырған М.Нәрікбаев атындағы заң университеті түрлі ірі компанияларда қызмет ететін мамандарды жұмысқа тартуға ерекше мән береді. Жалпы ғылыми-оқытушылық құрамды шетелдік білікті мамандармен толықтыруда Назарбаев университеті алда келеді. Құрылғанына биыл 10 жыл толған НУ студенттерін даярлауға АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Грекия, Италия, Оңтүстік Корея, Ресей, Аустралия, Түркия және Үндістан елдерінің үздік ұлттық және халықаралық зерттеушілері жұмысқа шақырылған. Оқытушы-профессорлар мен ғылыми қызметкерлердің 74 пайызы (477 адам) әлемнің 53 елінен келген, ал 26 пайызы – ұлттық кадрлар. Кадры сапалы жоғары оқу орнының беретін білімі де сапалы болатыны сөзсіз, ал жоғарыдағыдай қатарды астаналық университеттердің білікті мамандарымен толықтыра түсуге болар. Маңыздысы 59 297 бакалавриат, 7 100 магистрант пен 1 473 докторант елордадағы жоғары оқу орындарын бекер таңдамағаны анық.