• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 13 Шілде, 2020

Айя Софияда азан шақырылады

747 рет
көрсетілді

Ыстанбұл қаласындағы Айя София музейі бұдан былай мешіт атанбақ. Түркияның мемлекеттік кеңесі тарихи жәдігерді музей ретінде тіркеу туралы үкіметтің 1935 жылғы жарлығын жою туралы шешім қабылдады. Осылайша, әлем жауһарларының бірі бұдан былай мешіт ретінде халыққа қызмет етеді.

Мәселе түсініктірек бо­лу үшін әңгімені тарих­тан бас­таған жөн болар. Біз­дің дәуіріміздің V ғасы­рын­­да қазіргі Анадолы же­рі­н­­де Византия империясы өмір сүргені белгілі. Сол кезеңде империя астанасы – Константинополь (қа­зір­гі Ыстанбұл) шаһары еді. 532 жылы император Юс­ти­ниан Византияның даң­қын асқақтатып, ел астанасын әлемге әйгілейтін үлкен ғи­бадатхана салдыруға шешім қабылдайды. Айя Софияның ауқы­мын мынадан-ақ байқауға болады. Бірнеше жылға со­зыл­ған құрылысқа Византия им­п­ериясының үш жылдық қа­зы­насы кеткен екен.

Әулие София ғибадат­ха­­насы 15 ғасырлық тарихын­да талай оқиғаны бастан өткіз­ді. Бірнеше рет жер сіл­кі­ні­сінен зардап шегіп, қайта жөн­делді. Ал 1453 жылы түрік­тер Константинополь қала­сын жаулап алады. Осман импе­рия­сының басшысы Фатих Сұлтан Мехмед ислам әлемінің христиандардан үстемдігін дәлелдеу мақсатында Әулие София ғибадатханасын мешіт­ке айналдыру туралы шешім қабылдайды. Соған байланыс­ты ғимарат маңында төрт мұ­­нара тұрғызылып, «Айя София» атауын иеленеді.

XVI ғасырдың екінші жарты­сында ІІ Селим мен ІІІ Мұрат сұлтандар тұ­сын­да ғибадатхананың сыртқы кел­­бе­­тіне айтарлықтай өзге­ріс­тер енгізілді. Алайда XIX ға­­сырдың ортасына дейін ме­шіт­те жөндеу жұмыстары жүр­гі­зіл­ме­ген­діктен, ғимарат тоза бастайды. Мұны аңғарған Абдул-Меджид сұлтан 1847 жылы Айя Софияны күрделі жөндеуден өткізуді бұйырады.

Ғимараттың музей мәрте­бе­сін алуы бертінде, Осман империясы тарап, оның орнына Түркия Республикасы құрылуымен тығыз байланысты. Ана­до­лыда түріктер мем­лекетінің не­гі­зін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік 1935 жылы арнайы жарлық шыға­рып, Айя София мешітін музейге айналдыруға шешім қа­был­дайды.

Осылайша, ғибадатхананың жаңа дәуірі басталды. Бүгінде Айя София Түркияның ғана емес, әлемнің жауһары саналады. Оған қоса, ғимарат туристер көп баратын орынға да айналды. Мәселен, 2019 жылы Айя Софияны көруге шартараптан 3,7 миллион мейман келген екен.

Ғимаратты музейге айнал­дыру шешімі Ататүрікке тие­сі­лі екенін жо­ға­рыда айт­тық. Айя Софияны қайта­дан ме­шіт­ке ауыстыруға түріктер бір­неше рет талпынып көрген-ді. Алайда билік тарапынан қолдау болмағандықтан, жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді. Былтыр көктемде Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Әулие София музейін мешітке айналдыру қажеттігі туралы сөз қозғаған болатын. Содан бері бұл әңгіме Анадолыда қайта көтеріліп, ақыры мемлекеттік кеңестің қарауына өтті.

Кеңес өз шешімін мәлім­де­геннен кейін Режеп Тайип Ердоған Айя София­ның мешіт мәртебесін алатынын, бұдан былай құлшылық жасауға рұқ­сат етіл­ге­нін жариялады.

«Осы шешімге сәйкес, Айя Со­фия мешітін басқару Дін істер басқармасына беріліп, құлшылық жасауға есігін ашады», делінген ел президентінің жар­лы­ғында. Р.Ердоған ресми құжат­тың кө­шір­месін өзінің туиттердегі парақ­ша­сын­да жариялады.

Түркия билігінің бұл ше­ші­мі ха­лық­аралық қоғам­дас­тықта қызу тал­қы­ға түсті. Әсіресе, АҚШ, Грекия және Ресей бұл қадамды құптамайтынын мә­лім­­­деді. Элладалар елі Айя Софияны ме­­шіт­ке айналдыру ашық провокация деп есеп­тей­ді.

ЮНЕСКО ұйымы Түркия билі­гінің ше­шіміне өкі­ніш білдіретінін жет­кіз­­ді. Есте­рің­ізге салсақ, 1985 жылы Айя София ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген еді. Дегенмен, түріктер Айя Со­фия­ның мәртебесін ауыстырудан бас тартуға шақырған пі­кірлерді той­тарып тас­та­ды. Түркияның сыртқы істер министрлігі ғимарат Түр­кияның меншігіне жататынын айтып, Анкара би­лі­гі өзгелердің пікірінсіз ғиба­датхананы мешітке айнал­ды­ру­ға құқылы екенін мәлімдеді.

Қорыта айтқанда, ғиба­дат­хананың мешіт атануы­на қажетті ресми құжат жағы таяу ара­да толыққанды шешілмек. Қыс­қасы, бұдан былай Айя Софияда азан шақырылып, намаз оқылмақ.