Алапат індет арамыздан жақсыны да, жайсаңды да алып кетіп жатыр. Барлығымызға оңай тимеді, індетпен адамзат болып күресіп жатырмыз, - деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы тікелей эфирде барша қазақстандықтарға Үндеу жасап, көптеген отбасының қара жамылып, қайғы жұтуына байланысты 13 шілде – Ұлттық аза тұту күні болып белгіленгенін мәлімдеген еді. Салтымызда өліге құрмет – тіріге міндет. Қаза болған марқұмдардың игі істері, өміріне арқау болған жақсы тұстары еске алынуы керек. Күресте алдыңғы шепте жүріп, шейіт болған дәрігерлер рухына тағзым етеміз. Қамкөңіл күйде отырған ағайын-туыс, жора-жолдасқа көңіл айтамыз.
Жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген, сондықтан азалы күннің маңызын асыратындай індетті еңсеруде аянбай барын салған дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және өзге де атсалысып жүрген еріктілердің ерен еңбегін бағалауды ойластырғанымыз абзал. Ал еліміздің денсаулық сақтау жүйесі індетке тойтарыс беруге дайын болмағаны белгілі, болашақта бұл бізге сабақ болуы тиіс. Індетпен күресте әрқайсысымыздың жеке жауапкерлішігімізге байланысты болып тұр, індетпен күрес жалғаса береді.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ
"Қазақстан Республикасының Суретшілер Одағы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы