• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Экономика 14 Шілде, 2020

Сыртқы сауда қашан артады?

882 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік сауда ұйымының болжамынша, биыл әлемдік сау­да айналымы 13 пайыздан 32 пайызға дейін қысқаруы, ІЖӨ 2,5 пайыздан 8,8 пайызға дейін төмендеуі мүмкін. Экономистер бұдан экспортқа тәуелді елдер қатты зардап шегетінін айтады.

Халықаралық валюта қоры сарапшы­ларының бағалауына сәйкес, коронавирустың салдарынан биылғы және келер жылдардағы экономикалық шығындардың жалпы көлемі 12,5 трлн доллардан асады. Finprom.kz порталының хабарлауынша, биылғы төрт айда Қазақстанның экспорты 28,2 млрд долларды құрады. Бұл былтырғы ұқсас кезеңмен (28,7 млрд доллар) салыстырғанда 1,7 пайызға аз. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы кері динамика 6 пайыздық межеге дейін барады деп болжауда.

ING Bank-тің валюталық стратегия жөнін­дегі бас сарапшысы Крис Тернер АҚШ-тағы президент сайлауында демократ Джо Байден жеңіске жетсе, сауда-саттық мәселесінде «жылымық» орнауы мүмкін деп санайды. Сарапшының пікірінше, бұл сауда соғысынан онсыз да қысым көріп келе жатқан елдердің экономикалары қалпына келуіне оң нәтиже береді.

 

Цифрлы сауданың септігі тиді

Осыдан екі ай бұрын Қазақстан Үкіметі­нің селекторлық отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов бірінші тоқсанда еліміздің сыртқы сауда айналымы 2019 жылдағы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7 пайызға артып, 21 млрд долларды құрағанын айтқан-ды. Ведом­ство басшысының сөзіне сенсек, экспорт көр­сеткішінің 4,2 пайызға өсіп, импорттың 0,1 пайызға азайғаны саудадағы тепе-тең­дікке жақсы әсер етті. Министр минералды тыңайтқыштар, күнбағыс майы және тағы басқа тауарлар бойынша экспорт көлемі артқанын жеткізді.

Б.Сұлтанов пандемия ши­кі­зат емес экспорттың айна­лымдағы үлесін арттыру жұмыс­тарын жылдамдату қажеттілігін көрсе­тіп, нақты сабақ болғанын мойындады. Сонымен қоса экс­портқа бағытталған кәсіп­орын­дарды қолдау шаралары және экспорттаушылардың көлік шы­­­ғын­­дарын өтеу жұмыстары жалғасатынын айтты. Осыған байланысты 7,7 млрд теңге бөлі­ніп, оның 215 млн теңге сомасына 20 өтінім (майлы тұқымдар, ұн, кондитерлік өнімдер және арнайы киімдерді ҚХР, РФ және ЕО елдеріне жеткізу) мақұлданды.

Экспорттаушыларды қол­дау үшін дағдарысқа қарсы ор­та­лықтың жұмысы қарқын алып, екі аптаның ішінде 120-дан астам өтініш қарастырылса керек. Сон­дай-ақ бейінді министрліктер мен ұйымдардың сарапшыларын тар­ту бағытында қолдау көр­се­тілгенін айтты жауапты орган же­тек­шісі.

– 16 тауар позициясы бойынша басымдық беріліп, оларды жаңа нарықтарда ілгерілету үшін тың шешімдер әзірленеді. Жыл басынан бері Kazakh Export желісі бойынша 39 отандық экспорттаушыға қолдау көрсетіл­ді. Оның 26-сы төтенше жағдай кезеңінде 6 млрд теңгеден астам қаражатқа сақтандыру қолдауына ие болды, – деді министр.

Жауапты министрліктің дере­гінше, Қазақстан тауарларының сыртқы нарықта жылдам тара­луына электронды коммерция септігін тигізіп келеді. Б.Сұл­та­нов цифрлы сауда алаңдарын арттыру бағытында «Интернет-экс­порттаушы мек­­тебі» бағдар­ламасы іске қосыл­ғанын айтты. Бұған қоса Alibaba платформа­сы арқылы 50 қазақстандық кәсіп­орын өнімдерін экспорттауға мүм­­кіндік алды.

Аталған министрлік 2025 жыл­ға қарай тауарлар мен қыз­мет­тердің шикізаттық емес экспортын 41 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 24,7 млрд доллар көлемінде болған-ды.

 

Шикізат емес экспорт көлемі мардымсыз

Finprom.kz-тің мәліметіне сүйен­­сек, осы жылдың төрт айын­да Қазақстанның сыртқы сау­­да айна­лымы 28,2 млрд доллар болыпты, бұл былтырғымен са­лыс­тырғанда 1,7 пайызға аз. Тауар­лар импорты 3,5 пайызға тө­мендеп, 9,8 млрд долларды құ­рады.

Осы ретте отандық тауарлар экспорты 0,7 пайызға қысқарып, 18,4 млрд доллар көлемінде бай­қал­ғанын айта кеткен орынды. Тұтастай алғанда, былтыр экспорт 5,3 пайызға, яғни 57,7 млрд дол­ларға төмендегенін ескерсек, биыл экспортпен бірге сыртқы сау­даның жалпы көлемінің өсу серпіні күтілген-ді. Алайда COVID-19 пан­демиясының өршуі мен мұнай нары­­ғындағы баға соғы­сы отандық сау­да секторына кесірін тигізбей қоймады.

Шикізат емес экспортты ілге­рі­лету мен дамыту бағытында еліміз бірнеше бағдарламаны жү­зе­ге асыру арқылы экспорттық өнім­ді өткізудің жаңа нарық­тарына шы­ғуға мүмкіндік алды. Айталық алғаш рет Бангладешке әскери жаб­дықтар саудаланды. Италияға ак­кумуляторлар жеткізіліп, Бірік­кен Араб Әмір­ліктеріне ірі көлем­дегі бал өнімі­нің тасымалы жолға қойылды.

Сауданың бұл сегментін өр­кендетуге тиісті мемлекеттік бағ­­дар­ламалар мен даму инсти­тут­тарының көптігіне қарамастан сыртқы нарықта Қазақстанның ши­кізаттық қауқары басым екені әлі де байқалуда. Қаржы пор­та­лының сарапшылары төрт ай­дың нәтижесі бойынша экс­порт­тың 77,5 пайызы минералды өнімдерге (14,2 млрд доллар) тиесілі екенін нақтылады. Мәсе­лен, металл мен металл бұйым­дар саудасының көлемі 2,1 млрд дол­лар болды.

 

Теңізшілер қайтса, сауда тоқырайды

Әлемдік сауда нарығы жартылай немесе толық тоқырауы мүм­­кін. Себебі жүк кемелерінде еңбек ететін теңізшілердің едәуір бөлігі жұмысты тоқтатуға белді бекем буып отырған көрінеді. CNN-нің мәліметінше, мұндай ақ­­паратты Халықаралық көлік жұ­мыс­­­шы­ларының федерациясы тарат­ты.

Жұмысшылармен келісім­шарт мерзімін ұзартатын уақыт 16 маусымда өтіп кетті. Енді қауымдастық экипаждарға үйле­ріне оралу үшін барлық мүмкін­дікті қарастырып жатыр.

Коронавирустық пандемия­ның салдарынан 200 мыңнан астам теңізші бірнеше айдан бері айлақтарға кіре алмай жүргенін айта кету керек. Егер олар кемеден кетуге байланысты шешімнен бас тартпаса, мұның арты тауар тасы­малының тежелуіне немесе мүлдем тоқтап қалуына соқ­тыруы ғажап емес. Әсіресе бұл азық-түлік, отын және дәрі-дәр­мек­тердің логистикасына үлкен соққы болары анық.

Саладағы осындай бейбере­кетсіз ахуал әлемдік көлік логис­тикасына кері әсерін тигізетіні күмәнсіз. Өйткені БҰҰ-ның Сау­да және даму жөніндегі дүние­жү­зілік конференциясының дерек­теріне сәйкес, әлемдік саудада тауарлардың 80 пайызы су жолдарымен жеткізіледі.

– Кейбір теңізшілер кеме бор­тында бір жылдан артық уақы­тын өткізуге мәжбүр. Неге десеңіз, әлем елдерінің үкімет­тері карантинді алға тартып, жұ­мыс­­­шыларға жағалауға шы­ғу­ға тыйым салды. Сол себеп­ті олар­дың кемелерді «жүзіп жүр­ген түр­мемен» салыстыру­дан басқа амалы жоқ, – дейді федерацияның өкілі Дейв Хейн­дел. Ол Еңбек туралы конвен­ция­ға сәйкес, те­ңіз­­де 11 ай ғана болуға рұқсат берілгенін, алай­­да 15 айдан бері құрлықты көр­­ме­ген теңізшілердің бар екенін жеткізді.

Maersk – контейнерлер тасымалымен айналысатын әлемдегі ең ірі компания. Аталған монополист 6,5 мыңнан астам теңізшінің 35 пайызы акваторияда келісім­шартта қарастырылғаннан әлде­қай­да ұзақ уақыт болғанын хабарлады. Нарықтағы негізгі қаты­сушылар әлем үкіметтерін сала­дағы «гуманитарлық дағдарыс­пен» күресуге дәрменсіз деп айып­тап отыр. Жоғарыдағы тәуе­келдерді ескерген мемлекеттер қазір азық-түлік қорын жасақтап, қауіпсіздік шараларына айрықша мән беруде.