Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет отырысында қашықтан оқытуда инфрақұрылым мен интернет сапасына қатысты елеулі мәселелердің барын, осыған байланысты өткен төртінші «төтенше» тоқсанда тиімді оқыту болмағанын алға тартып, Білім және ғылым министрлігінің жаңа оқу жылына дайын екеніне күмәнданатынын жеткізді. Елдегі пандемия проблемасы ушығып тұр, ал жағдай осылай жалғасса, жаңа оқу жылы қашықтан оқыту форматында басталатыны белгілі. Азаматтардың амандығы, адам денсаулығы бәрінен маңызды. Дегенмен біраз ата-ана қашықтан оқытуға қарсы болып отыр.
Екіжақты қарсылық
Қашықтан оқытуды ең алдымен педагог қауым қолдап отыр. Бұлай деуімізге әлеуметтік желіде Білім және ғылым министрінің атына жазылған педагогтердің петициясы себеп. Ұжымдық үндеуде мұғалімдер: «Оқыта білетін мұғалім қандай жағдай болсын оқытады. Оқи білетін бала қандай жағдай болсын оқиды. Кезінде майшаммен де кітап оқығанбыз. Бірақ денсаулық маңызды. Баланың денсаулығы – болашағымыздың денсаулығы» дей келе, мектеп мұғалімдері үшін қашықтан оқыту – жаңа әрі қиын формат болғанына қарамастан бір-біріне қолдау көрсетіп, жұмысты жеңіл жүргізіп кеткенін негізге алып, қашықтан оқытуды қолдайтынын жазған.
Десе де, біраз ата-ана редакциямызға жазған және әлеуметтік желідегі сауалдамамызға берген жауабы арқылы қашықтан оқытуға қарсылық танытып отыр. Сондай ата-ананың бірі Нұрлыбек Зинабдин: «Балам осы оқу жылында бірінші сыныпқа барады. Отбасында қолға қалам ұстатып, оқу мен жазуды дұрыс үйрете аламыз ба, қайдам. Мұғалімсіз, үйден сауат ашу өте қиын болады. Ұстаздың тұлғасын көріп, мектептің аурасын сезінуі керек. Біз – ата-аналар оқу, жазуды дұрыс меңгертуде мұғалімдей бола алмаймыз. Егер бала ең болмағанда жазып, оқи алса, қашықтан білім алуға болар еді. Ал әлі мектепті көрмеген балаға қашықтан оқу қиын», дейді. Осыған дейін көз жеткізгеніміздей, кейбір шетелдерде пандемия өршіп тұрған уақытта да бастауыш сыныптарды дәстүрлі форматта оқытты, әлбетте барлық санитария талаптары қатаң сақталды. Осы ретте баласы 1-сыныпқа баратын ата-аналардың алаңдауы басым. Жоғарыда ата-ананың сөзінен және сондай мазмұндағы бірнеше ата-ананың пікірінен бұл уайымның барына анық көз жеткізіп отырмыз. Осыдан да сұрақ туады: мұғалім өзі әлі әліпбиді толық меңгермеген балаға әріпті қашықтан қалай танытады? Бұл – біздің ғана емес, биыл 1-сыныпты қабылдайтын мұғалімдердің де көкейіндегі сұрақ.
Осы жерде екі жақты қарсылықтың барын білдік. Өйткені сауалдамамызға: «Мен қашықтан оқытуға қарсымын. Биыл бірінші сыныпты аламын. Әріп танымайтын баланы қалай қашықтан оқытамын?» деп шырылдаған мұғалімдер де болды. Сондықтан шетелдік тәжірибе қолданылып, бастауыш сынып оқушылары мектепте оқи ала ма?
Шешімі бар ма?
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кеше өткен Үкімет отырысында жаңа оқу жылында оқытудың 3 нұсқасын ұсынды. Біріншіден, оқушылардың барлығын жаппай қашықтан оқыту. Бұл ретте шалғай елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептер дәстүрлі форматта оқыта бермек. Ведомство басшысы осы нұсқадағы негізі мәселеге: «Бізде 2019-2020 оқу жылындағы төртінші тоқсанның тәжірибесі бар. Алыста орналасқан әр бала саны аз мектептердегі оқушылар дәстүрлі форматта оқыды. Мұндай мектептерде бір сыныпта 5, 10, 15 баладан оқиды, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар мектепке жаяу қатынайды. Осындай жағдайда қауіп аз болатынына көз жеткіздік. Сол себепті қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штатты режімде оқыту жұмыстарын ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отырмыз», деді. Министрдің мәлімдеуінше, дәстүрлі форматта оқыту үшін сол өңірдегі, ауылдағы пандемия жағдайы толығымен ескеріліп, облыстық білім басқармаларымен бірлесіп шешім шығарылуы тиіс. Егер шағын жинақты мектебі бар ауылдың өзінде вирус өршіп тұрса, қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Қоса кетейік, елімізде барлығы 127 мың бала білім алатын 1 934 шағын жинақты мектеп бар. Бірінші нұсқадағы маңызды мәселе осы 2 мыңға жуық мектепке қатысты болып отыр.
Екіншіден, кейбір сыныптарды санитария талаптарын қатаң сақтай отырып дәстүрлі форматта оқыту. Бұл нұсқада қашықтан оқытуға екі жақты қарсылық ескерілгендей. Яғни бастауыш сыныптың оқушылары ата-аналарының жазбаша өтінішімен дәстүрлі форматта, мектепте оқытылады. Ата-аналарының келісімімен дәстүрлі форматта білім алатын бастауыш сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар болады. Осы нұсқаны Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте толығырақ түсіндірген министр А.Аймағамбетов: «Бұл жерде біз бір нәрсенің басын ашып алуымыз керек. Кезекші сыныптардың оқушылары барлық пәнді мектепте оқиды деуге болмайды. Қашықтан оқытуға қиындық туғызатын негізгі пәндер бар. Мәселен, математикадан есеп шығару, әсіресе жаңа тақырыпты алып кету оңай емес. Сонымен қатар 1-сынып оқушыларына әріп таныту керек. Мұндай маңызды сабақтарды қашықтан оқыту өте қиын. Сондай негізгі пәндерді мектепке қатынап оқиды. Ал музыка, еңбекке баулу секілді жаңа тақырыптарын алыстан үйретуге болатын пәндер қашықтан оқытылады», деді.
Үшіншіден, штаттық режімде оқыту. Мұндай жағдайда әлбетте барлық оқушылар мектепте оқиды, санитария талаптары қатаң түрде сақталуға тиіс. Бірақ бұл ұсыныс Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қолдау таппаған сыңайлы. Себебі Білім және ғылым министрімен қатар Үкімет отырысында коронавирус инфекциясына қатысты жағдай туралы есеп берген баяндамасында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Карантин кезінде балалар мен ұжымдық топтар арасында вирусты жұқтыру деңгейі төмендеді. Күздегі тұмау маусымын, оған қоса коронавирус инфекциясының таралуын есепке алсақ, балалардың сабаққа баруы олардың арасындағы ауруды өршітіп жіберуі мүмкін. Сондықтан оқу жылының бірінші тоқсанында аз қамтылған мектептерден басқа барлық орта мектеп оқушыларын қашықтан оқытуды ұсынамын», деді. Сол себепті Білім және ғылым министрінің үшінші нұсқасы елдегі эпидемиялық жағдай әбден тұрақталып, жағдай жақсармайынша, жүзеге аспайтын секілді.
Не кедергі?
Бұл сұраққа негізінен Президент Қ.Тоқаев: «Мұғалімдердің 20 пайыздан көбі үйлерінде толыққанды интернет пен компьютер жоқ болғандықтан, қашықтан тиімді оқыта алмады. Мектептердің балансындағы 400 мыңнан аса компьютердің тек 40 пайызы ғана іске жарады. Бұл – әкімдіктер мен министрлік жұмысының нәтижесі. Әкімдіктер жаңа оқу жылына дереу дайындалып, мектептер мен жекелеген мұқтаж отбасыларды қажетті техникамен жабдықтауы тиіс», деп жауап берген болатын. Иә, қашықтан оқыту форматына көшуде интернет пен техниканың тапшылығы қол байлайды. Мұғалімдер мен оқушылардың бұл кедергіге өткен «төтенше» тоқсанда кезіккенін көрдік. Ал алдағы тоқсанда тағы алдымыздан шығатын тосқауылға енді қалай төтеп бермекпіз?
Көктемде техника тапшылығы мәселесін шешу мақсатында министрлік мектептердегі компьютерлерді оған мұқтаж мұғалімдер мен оқушыларға таратып берді. Сонымен қатар қашықтан оқыту мәселелері жөнінде өткен 17 сәуірдегі баспасөз жиынында Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мұғалімдер мен оқушыларға 11 мың техника сатып алынғанын айтты. Сол уақытта министр 80 мың техника алуды жоспарлап отырғанын жеткізген. Осы техникалар өз иесін тапты ма? Нақты қай облыстарға таратылды? Бұл сұрақтарға тиісті министрліктен әзірге жауап ала алмадық. Бір анығы, министр А.Аймағамбетов кеше Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте: «Біз техника тапшылығының бар екенін жасырмаймыз. Иә, шын мәнінде Мемлекет басшысы айтқандай, мектептердің балансындағы көп компьютерлер жұмысқа жарамсыз. Дегенмен бұл бір жылда орын алған проблема емес, қанша жылдан бергі жиналған түйткілдер. Істен шыққан компьютерлерді, олардың жалпы жағдайы туралы мәліметтер уақтылы жаңартылмағандықтан, мәселе күрделеніп отыр. Қазірдің өзінде жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 36 мың жаңа компьютер сатып алынды. Жаңа оқу жылына дейін тағы да сатып алу жұмыстарын ұйымдастырамыз», деді.
Енді қараңыз: мектептердің балансында барлығы 405 мың компьютер бар, оның 162 мыңы ғана (40 пайызы) жұмыс істейді. Оған ведомство басшысы айтқан 36 мың жаңа техниканы қоссақ, 198 мыңға жетеді. Сонда әлі 207 мың компьютер керек. Әр компьютерді ең арзан бағамен (150 мың теңге) есептегеннің өзінде кемі 31 млрд теңгеден аса қаржы қажет. Бұл – тек қана техника тапшылығын жою үшін жасалуы тиіс қадам. Біз әлі интернет мәселесін қозғаған жоқпыз.
Негізінен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жауап беретін жалпы Қазақстанға ортақ интернет проблемасын көктемдегі «төтенше» тоқсанда Білім және ғылым министрлігі телеарналардағы видео, радиодағы аудио сабақтар мен пошта қызметі арқылы шешкендей болды. Бірақ мұндайда сапалы білім туралы сөз қозғаудың өзі қисынсыз...