• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Экология 16 Шілде, 2020

Қалдық неге қажетсіз?

225 рет
көрсетілді

Былтыр қоршаған ортаның ластану деңгейі бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 109 елдің арасынан 25-орында тұрақтады. Бұл – дүние жүзіндегі ең ірі мемлекеттер мен қалалар туралы дерекқор жинақталатын Numbeo порталында жарияланған мәлімет. Келіспеуге амалымыз жоқ. Жыл сайын елімізде 5 млн тоннадан артық қатты тұрмыстық қалдық жиналады. 2019 жылы соның 15%-ы ғана қайта өңделді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты министрліктің жұмысын сынға алып, экологиялық конъюнк­тураны реттеуді тапсырғанының бір себебі соған байланысты.

 

125 млн тонна қалдық бар

Үкіметтің кеңейтілген оты­ры­сында Мемлекет басшысы: «Жыл сайын 5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қал­дық жиналады. Еліміз бойын­ша оның қайта өңдеу үлесі тек 15%-ды ғана құрайды. Бұл жет­кіліксіз. Үкіметке Waste to energy (Қалдықтан қуат алу) тех­нологиясын енгізу үшін заңна­малық базаны және қолайлы инвестициялық жағдайларды жедел қамтамасыз ету қажет. Елді мекендердің айналасындағы бейберекет қоқыс орындарына байланысты проблемалар шешілмей келеді. Бір реттік рейдтердің, салынған айыппұлдардың және экологиялық айлықтардың бұ­ған беретін әсері аз. Экология ми­нистрлігі тарапынан жүйелі жұмыс ұйымдастырылуы қажет», деді. Қазақстанда тұрмыстық қал­дықты жинауда әлі де ортақ мәдениеттің қалыптаспағанын, сондай-ақ қайта өңдеу мәселесіне жіті мән берілмей келе жатқанын да тілге тиек етті.

Еліміздің экологиялық ланд­шафты жылдан-жылға жақ­сарып келеді деуге ауыз бармайтыны рас. Айталық қоқыс төгуге арналған 3 мыңнан ас­там полигонның 83%-ы тиісті талапқа сай келмейді. Қазір бұл жерлерде 125 млн тоннадай қат­ты тұрмыстық қалдық жатыр.

Коммуналды қалдықтардың өсімі жылдан-жылға 5%-ға ұл­ғаюда. Салалық министрліктің дерегіне сүйенсек, былтыр 94 елді мекенде қалдықты бөлек жинау орындары жасалып, қайта өңдеу саласына 218 кәсіпорын тартылды. Өңделген шикізаттан 20-дан аса өнім түрі шығарылады.

Жалпы, қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу мәселесінің көтеріліп келе жатқанына біраз жылдың жүзі болды. 2017 жылы республика бойынша өңделген ҚТҚ-ның үлесі 9%-ды құраса, арада үш жыл өткеннен кейін, яғни биыл бұл көрсеткіш 15%-ға жетті. Үш жылдағы өсім – 6%. Бұдан динамикалық серпінді байқау қиын, әрине.

«Қазақстан халқының 70%-дан астамы қалдықтарды шығару және жинау қызметтерімен қам­тылған. Біздегі полигондар­дың қуаты толығымен таусылды десек те болады. Олардың дені экологиялық және санитар­лық талаптарға сай емес. Ай­мақтарда қоқысты өңдеуге қа­жетті инфрақұрылым жоқтың қасы. 2016 жылы енгізілген РОП бірыңғай операторы арқылы ҚТҚ өңдеудің көлемін 6 есеге арттыруға мүмкіндік алдық. Алайда бұл мүлде жеткіліксіз. Салыстырмалы түрде айтсақ, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 30%-дан асады», деген болатын салалық ведомствоның есептік кездесуінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.

Жауапты орган басшысының айтуынша, қайта өңдеудің оң нә­ти­желері Маңғыстау, Алматы об­лыстарымен қатар Шымкент ш­аһарында байқалған. Керісінше қалыс келе жатқандардың көшін Шығыс Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары бас­тап тұр.

 

 10 мыңға жуық заңсыз полигон анықталды

Сала өкілдері заңсыз қоқыс полигондарының да жыл санап көбейіп бара жатқанына алаң­даулы. Мәселен, былтыр ғарыштан жүргізілген бақылау­дың нәтижесінде 10 мыңға тақау заңсыз полигон орындары анық­талды.

«Министрлік тарапынан бұл қалдықтарды жою бойынша әкімдіктермен бірге арнайы кесте құрылып, шамамен 30% немесе 400 мың тонна көлемінде қалдық жойылды. Бұл – Нұр-Сұлтан қа­ласы мен Ақтөбе облысының жыл­дық нормасы. Аталған проб­леманы жүйелі түрде жою үшін жаңа Экологиялық кодексте қоқысты шығаратын көліктерге GPS құрылғысын міндетті түрде орнату талабы қарастырылып отыр», дейді М.Мырзағалиев.

Осы ретте министрлік мұндай ауқымды көлемдегі қалдықты қалай қысқартпақ деген заңды сауал туындайды? Бүгінде еліміз бойынша қоқыс шығарудың орташа тарифі бір адамға есептегенде шамамен 200 теңге көле­мінде белгіленген. Ал оның өзін­дік құны бірнеше есе жоғары дейді экологтар. Сарапшылар тарифтің құнын көтеру мәселені түбегейлі шешпейтінін айтады. Бұл орайда министрлік еуропа­лық тәжірибені ескеріп, Waste to energy тетігін енгізуді жөн деп тапты.

Аталған технологияның негі­зін­де қоқыстан электр энергиясы өндіріліп, оны ортақ желіге сату қарастырылмақ. Осылайша қоқыс өңдеу саласының инвести­ция­лық тартымдылығы артып, бұл сегментке жеке инвестиция­лар тартылады деп күтілуде. Нә­тижесінде қоршаған ортадағы зиян­ды қалдық көлемі азая түседі.

 

Операторды кім қадағалайды?

Мәселенің барлығы осымен шешіле қойса жақсы, әри­не. Әйтсе де бірыңғай РОП опера­торының қызметіне қатысты сұрақ аз емес. Елімізде қайта өң­деу саласында еңбек еткісі келе­тін кәсіпорындар жоқ емес, бар. Бірақ іскерлік орта­да­ғы аза­маттардың пікіріне құ­лақ түрсек, РОП бұл саланы ашса алақанында, жұмса жұдыры­ғында ұстап тұрған монополиске айналған.

Мәселен, Райхан Смағұлова жолдасы екеуі рециклингпен айналысатын бас шаһардағы кәсіпорынның бірін 2016 жылдан бері шикізатпен қамтып келген болатын. Алайда ортақ диспетчер шикізаттың бағасын тым арзанға бағалайтындықтан бұл кәсіпті тастауға тура келгенін айтады іскер азаматша.

«Неге бұл салада бір ғана оператор болуы керек? Кәсіпкер ретінде біз мұны түсіне алмаймыз. Нарық заманы болған соң, бәсекелестік еркін әрі әділ болуға тиіс. Мысалы, біз жарамсыз көлік дөңгелектерін және басқа да қатты қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын компанияға өткізіп келдік. Алайда шикізат 35-40 теңгеге бағаланса, РОП оның 10 теңгесін өзіне қалдырады. 5 теңгесі бізге төленсе, қалған ақша логистикалық ұйымға беріледі. Экономикалық тұрғыдан түсінік­сіз тұстар аз емес. Әжептәуір шы­ғынға баттық. Сол себепті бұл істі тастаудан басқа амалымыз қалмады», деді кәсіпкер.

Дүниежүзілік банктің есе­бінше, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 70%-ға өсіп, 3,4 млрд тоннаға жетеді. Бұл дегеніңіз келешекте Жер планетасының үлкен қоқыс полигонына айналуға шақ қалғанын білдірсе керек. Өкінішке қарай, Жер-ананың қоқысқа көміліп бара жатқанына Қазақстанның да қосып жатқан үлесі аз емес.