Дзюдо күресінен өтетін Азия чемпионаттарына Қазақстанның әйелдер құрамасы 1993 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. Сол аралықта аруларымыз айды аспанға шығармаса да, азды-кемді табыстарға қол жеткізді. Ең бастысы, бұрымдыларымыз түрлі-түсті медальдардың барлығын да иеленді. Бүгінгі мақаламызда біз құрлықтық жарыстың тарихына қысқаша шолу жасай отырып, күрестің бұл түрі Азияда қалай дамып жатқаны жайында біраз мағлұмат беруді жөн көрдік.
Дзюдодан әйелдер арасында Жапонияның тек Азиядағы ғана емес, жер-жаһандағы ең үздік құрама екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. Олар 1993-2019 жылдар аралығында өткен сары құрлықтың басты додасында 147 жүлде алды. Бұл – теңдессіз нәтиже! 20 мәрте жалауы желбіреген байрақты бәсекелерде Күншығыс елінің әнұраны тек екі мәрте ғана (1993,1999 жылдары) шырқалмады. Тағы бесеуінде (1995, 1996, 1997, 2009, 2019) бір немесе екі алтынды ғана қанағат тұтты. Ал өзге додаларда сол елдің кемінде үш-төрт балуаны жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ал 2005, 2008 және 2017 жылдары жапониялық балуан қыздар алты бірдей алтынды олжалап, айды аспанға бір-ақ шығарғанын жанкүйерлер ұмыта қоймаса керек. Осындай орасан зор табыстың арқасында жапондар Азия чемпионатының жалпы есебінде 15 мәрте көш бастады. Одан бөлек, 2011-2017 жылдар аралығында ұлттық құрамалар арасында командалық сайыстар ұйымдастырылған еді. Сол бәсекелердің барлығы да Күншығыс елі дзюдошыларының айқын жеңісімен аяқталды.
Жапониядан бөлек, Қытай мен Оңтүстік Корея құрамаларының да қарқыны керемет. Алғашқысы 1996, 1999 және 2009 жылдары өткен Азия чемпионаттарының жалпы есебінде көш бастаса, екіншісі 1993 және 1995 жылдары шашаларына шаң жұқтырған жоқ. Соңғы 27 жыл уақыт аралығында қытайлар 102 жүлде алса, корейлер 122 рет дәл сондай құрметке бөленді. Десек те Оңтүстік Корея балуандарына қарағанда қытайлық қыздардың олжалаған алтындары біршама көп. Жарыс кестесінде олардың өз қарсыластарынан жоғары тұруының да себебі сол.
Жалпы, әйелдер арасында өткен Азия чемпионаттарында бар-жоғы тоғыз мемлекеттің өкілдеріне ғана алтын тұғырға көтерілу бақыты бұйырған екен. Жоғарыда аталған үш мықтыдан бөлек, Моңғолия (9 алтын), Солтүстік Корея (9 алтын), Қазақстан (3 алтын), Гонконг (1 алтын), Тайпей (1 алтын) және Өзбекстан (1 алтын) сынды санаулы ғана елдердің әнұрандары түрлі жарыстарда шырқалды.
Қазақстанның әйелдер құрамасы Азия чемпионатында 20 мәрте бақ сынап, соның үшеуінен құр қол қайтты. Атап айтсақ, 1993 жылы Макао, 1997 жылы Манила және 1999 жылы Венчджоуда өткен жарыстарда жолымыз болмады. Ал өзге жарыстарда кемінде бір мәрте болса да туымыз көкте желбіреді.
Өздерінің алғашқы жүлдесіне жерлестерміз 1995 жылы қол жеткізді. Үндістанның бас шаһары – Нью-Делиде өткен жарыста Евгения Богунова (72 кило) күміс медаль алса, Валентина Камсулева (61 кило) мен Мәншүк Дәулеткереева (+72 кило) қолаға қол созды. Алғашқы алтынның сыңғырын 2009 жылы естідік. Тайпейде ұйымдастырылған дүбірлі додада аса ауыр салмақта айқасқан Гүлжан Исанова қарсылас шақ келтірмеді. Негізі аталған балуанның өнеріне тамсанбау мүмкін емес. Жоғарыда аталған алтыннан бөлек, Азия чемпионаттарында Гүлжан тағы екі күміс пен бес қола медальды мойнында жарқыратты. Барлығы 8 жүлде!
Отандастарымыз ең зор табысқа 2016 жылы қол жеткізді. Ташкентте өткен белдесулерде төрт жүлде олжалап, өз жанкүйерлерімізді бір қуантқан едік. Нақтылап айтсақ, Отгонцэцэг Галбадрах (48 кило) пен Мәриям Ордабаева (63 кило) алтыннан алқа тақса, Гүлжан Исанова (78 кило) финалда ұтылды. Ал командалар арасындағы бәсекені Қазақстан құрамасы үшінші орынмен қорытындылады. Сондай-ақ 2007 жылы Әл-Кувейтте төрт мәрте жалауымыз желбіреді. Жанар Жанұзынова (70 кило) екінші орын алса, Мәриям Ордабаева (63 кило), Сағат Әбікеева (78 кило) және Гүлжан Исанова (абсолютті салмақ) үшінші сатыға табан тіреді.
Соңғы Азия чемпионаты былтыр Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әл-Фуджейрадағы жарыста Отгонцэцэг Галбадрах (48 кило) күміс медальды мойнына ілсе, Севара Нышанбаева (57 кило) қола жүлдені қоржынға салды.
Аталған жарыстың бас жүлдесін Қазақстанның үш дзюдошысы ғана олжалағанын жоғарыда айттық. Күміс медальды тоғыз жерлесіміз иеленді. Олар – Гүлжан Исанова (2012, 2016), Отгонцэцэг Галбадрах (2017, 2019), Евгения Богунова (1993), Нұргүл Тағаева (2001), Варвара Масягина (2003), Сағат Әбікеева (2005) және Жанар Жанұзынова (2007).
Азия чемпионатының қола жүлдесі 17 бұрымдыға бұйырды. Гүлжан Исанова (2007, 2008, 2011, 2015, 2017) сол медальды бес мәрте иеленсе, Шолпан Қалиева (2001, 2008), Сағат Әбікеева (2004, 2007), Мәриям Ордабаева (2007, 2015) және Ленария Меңғазова (2009, 2013) екі реттен жеңіс тұғырына көтерілді. Ал Валентина Камсулева (1995), Мәншүк Дәулеткереева (1995), Жанат Нұртазина (1996), Евгения Богунова (1996), Гүлнәр Көшербаева (2000), Татьяна Шишкина (2004), Варвара Масягина (2004), Қалжан Тайжанова (2005), Жанар Жанұзынова (2008), Зарина Әлдікова (2009), Зере Бектасқызы (2017) және Севара Нышанбаеваның (2019) еншісінде бір-бір қола жүлдеден бар. Сонымен қатар 2013 және 2016 жылдары біздің қыздар командалық сайыста үшінші орынды иемденгенін қаперге салайық.