Абайша айтқанда, «шен тағып, шекпен киюді» мақсат етпеген бір азамат болса, ол осы біз сөз еткелі отырған керекулік белгілі сазгер Қайырбек Сатиев ағамыз болар... Бала шағынан өнер десе ішкен асын жерге қойып, жастарды музыка нәрімен сусындатып, ұстаздық жолында да өшпес із қалдырды ол.
«Жазмыштан озмыш жоқ», Қайырбек аға өткен жылдың шіліңгір шілдесінде келместің кемесіне мініп кете барды. Ал оның артында Ертістің Павлодар өлкесін жан-тәнімен сүйіп әнге қосқан өлмес мұрасы қалды...
Шығыс Қазақстан университетінің музыка факультетінің түлегі, 1994 жылы ұйымдастырылған облыстық композиторлар одағының лауреаты, 2000 жылы «Жыл композиторы» атанған, ұзақ жылдар Павлодардағы Б.Ахметов атындағы педагогикалық колледждің аға оқытушысы болған композитор Қайырбек Сатиевтің есімі көпшілікке жақсы таныс еді.
«Ақ қайың», «Шаңырақ», «Павлодарым», «Әке тілегі», «Ұстазыма», «Бөбегім», «На Иртыше», «В мире любви», «Ақмарал», «Жауқазын», «Студент» секілді ондаған ән жазып, әсіресе соңғы үш әні республикалық түрлі өнер шараларында жиі шырқалған талантты композитордың соңында тамаша әндері мен «Әнім әнге жалғассын» атты әндер жинағы, сонан соң, әрине, өзі өнер әлеміне шыңдаған шәкірттері қалды.
Қайырбек Мұфтанұлы 1948 жылы Новосібір қаласында дүниеге келді. Қазақтың басына нәубет болып төнген өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ауыртпалық Қалиасқар әулетіне де оңай тимеген, ашаршылықта Ресейге ауып кеткен. Кейін біраз жылдар өтіп, ел бауырын көтере бастаған тұста бұл әулет Май ауданының Ақшиман ауылына көшіп келген екен. Қайырбек Мұфтанұлы ауылда орта мектеп болмауы себепті жоғары сыныпты аудан орталығы Көктөбедегі интернатта оқып бітірді. Оқушы кезінен сырнайда ойнап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысты. Сонау жылдардағы облыстық телеарнада ұйымдастырылатын «Майра» атты ел ішіндегі таланттарды танытқан бағдарлама ел есінде болар. Осы бағдарлама көктөбелік талантты жас буынды танытты, олардың қатарында сырнайшы, әнші Қайырбек Сатиев те бар еді.
Қайырбек аға көзі тірісінде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің шығармашылық ұжымымен тығыз қарым-қатынаста болды. Екі мыңыншы жылдардың басында осы басылымда еңбек еткен журналист Қайрат Әбілданың (қазір республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің қызметкері – авт.) сөзіне жазған «Ақ қайың», «Павлодарым» атты әндері көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Одан беріде талантты композитор «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойына ән жазып, тарту етті.
«Әлем ән салып тұрады, ол – тылсым құдіретінің сазы. Оны тыңдап, ұғыну үшін сана мен сезім керек. Дүние, өмір, тіршілік – үшеуі бір ұғым. Үшеуі де әннен құралған. Аспанға қара, тыңда, күмбір күй жетеді, желді тыңда, сыбыр-күбір... Мен кейде жол жүріп келе жатып, сайын даланың дыбысын тыңдағанды ұнатамын. Сондайда құлағыма әлдебір әуен келеді. Өмір – әуен, тылсымның әні – құдіреттің күші осы ғой деп ойлаймын», деген еді бір сұхбатында Қайырбек аға толғанып отырып. Рас, сазгер ағаның өз ортасында да, шәкірттері, қалың көпшілік арасында да беделді, сыйлы, құрметі бөлек азамат еді.
Өнерге, білім саласына қызмет етіп, шен-шекпенге ұмтылмай, әділдікті ту етіп көтерген, өмір бойы жүрегі ән деп соққан Қайрекеңдей – Қайырбек Сатиевтей өнер қайраткерінің жарқын бейнесі ұмытылмайды деп сенеміз.
Сая МОЛДАЙЫП,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі
ПАВЛОДАР