Пандемияның екінші толқыны белең алса, еуропалық банктердің берілген несиелер бойынша шығыны 800 млрд еуроны құрап, үш жыл ішінде табыс 30 млрд еуроға азаюы мүмкін. Бұл туралы Oliver Wyman консалтингтік компаниясының баяндамасына сілтей отырып, Financial Times басылымы хабарлады.
Төлем қабілеті төмендеді
Консалтингтік ұйым екі сценарийді ұсынды. Базалық нұсқасында қайтарылмайтын несиенің көлемі 400 млрд еуроға дейін ұлғаятыны айтылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. Пессимистік сценарийге сәйкес, қайтарылмайтын кредиттің үлесі 10%-ға дейін өсіп, базалық нұсқамен салыстырғанда қарыздардың көлемі екі есеге артады.
Еуропалық банктердің несиелік шығындарын ескерсек, биыл олардың кірісі 180 млрд еуродан 385 млрд еуроға дейін қысқаруы ғажап емес. Сондықтан 2022 жылы бұл көрсеткіш 2019 жылдың деңгейіне оралмауы бек мүмкін.
Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы таза пайыздық кіріс былтырғы жылмен салыстырғанда 8%-ға төмендеп, капиталдың осы жылдағы орташа рентабельділігі нөлдік межеге жетеді. Тек 2022 жылы оның мөлшері 5,3%-ға дейін көтеріледі деп болжануда.
Ұлыбритания мен Еуропаның орталық банктері 2008 жылғы дағдарыстан кейін он жылдан артық уақыттан бері бәсекелестік жағдайында кіріс көлемін қалпына келтіруге тырысты.
Алайда америкалық банктермен салыстырғанда олардың табысы әлі күнге дейін екі есе төмен. Таяу болашақта қайтарылмайтын кредиттердің өсуіне байланысты, сол секілді кіріс деңгейінің төмендеуі нәтижесінде «кәрі құрлықтағы» банктердің қаржылық тұрақтылығының базалық көрсеткіштері 15%-дан 3,8%-ге дейін төмендейді.
Сол себепті Oliver Wyman банктерге шығындарды мүмкіндігінше қысқартып, проблемалық несиелерге қатысты саясатты өзгертуді ұсынды. Компания сарапшылары мұны мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге асыру қиынға соғатынын жоққа шығармады.
Осыған дейін Janus Henderson (Ұлыбританияда орналасқан халықаралық қаржылық топ) коронавирустық пандемияның салдарынан биыл әлемдік компаниялардың қарызының жалпы жиынтығы 9,3 трлн долларға дейін жетеді деп болжаған-ды.
Жоғарыдағы тәуекелдерді ескере келе, Еуропалық орталық банк (ЕОБ) аймақтағы қаржы институттарына 2021 жылға дейін дивидендтерді төлемей, «белді бекем буып отыруға» кеңес берді. Неге десеңіз, ЕОБ 86 банк бойынша зерттеу жүргізген. Соған сәйкес, қаржы ұйымдары екі бағыттағы стресс-тесттен өтіп, бірінші сынақтың нәтижесінде банктердің төлем қабілеттілігі 1,9%-дық тармаққа төмендегені байқалды. Екінші тесттің қорытындысы 5,7%-ды көрсетті.
Еуроаймақ банктері көбінесе географиялық орналасуы негізінде бағаланады. Өңірдің оңтүстігіндегі несие берушілердің тәуекелділігі жоғары болып келетіндіктен ЕОБ акционерлерге сыйақы төлеуде шектен шықпауды талап етті. Жыл басынан бері Еуропадағы банк секторы шамамен 33%-ға құлдыраған.
Шілденің 21-інде Еуропалық одақтың басшылары ұзақ келіссөздерден кейін құны 750 млрд еуро болатын аймақ экономикасын құтқару бойынша жоспарды мақұлдады. Осы айдағы жағдайға сәйкес, аталған өңірдегі іскерлік белсенділік соңғы екі жылда ең жоғары қарқынмен қалпына келді.
АҚШ валютасын алтын ығыстыруы мүмкін
Goldman Sachs Group инвестициялық банкі АҚШ долларының әлемдік резервтік валюта ретіндегі мәртебесіне қауіп төніп тұр деп есептейді. Оған жуырдағы алтын бағасының өсуі дәлел. Goldman Sachs сарапшыларының айтуынша, доллар бірнеше қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Оның ішінде АҚШ Федералды резервінің бағамы «инфляциялық бейімділікке» қарай өзгеруі тәуекелділігі, саяси белгісіздіктің жалғасуы, сондай-ақ елдегі коронавирустық инфекциялардың екінші мәрте өршу қаупі бар. Мамандар пандемияның салдарынан қарыздың көлемі артып, бұл халықтың арасындағы қорқыныштың күшеюіне алып келуі мүмкін екенін жасырмайды.
«АҚШ долларының резервтік валюта ретінде ұзақ өмір сүретініне күмән пайда болды. Алтын – бұл тығырыққа тірелгенде қолданатын соңғы қаражат құралы. Әсіресе үкіметтер өздерінің дәстүрлі валюталарын құнсыздандырып, нақты пайыздық мөлшерлемені рекордтық деңгейге дейін төмендеткенде оны пайдаланудың сәті туады», деп жазды Goldman Sachs Group стратегтерінің бірі Дэниел Шарп.
Америкалық жасыл ақшаның құлдырауына Еуропалық одақ елдерінің экономиканы коронавирустан құтқару жөніндегі пакетті қабылдауға байланысты тарихи келісімі түрткі болды. Себебі бұл келісімнен кейін көп ұзамай доллар құнсызданып, еуроның ықпалы күшейе бастады. Бұл тарихтағы алғашқы бірлескен қарызды шығаруға әкеледі.
Goldman Sachs 2021 жылы алтын бағасы 18%-ға өседі деп болжап отыр. Оның 9%-ы бес жылдық нақты мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты болып, бұл минус 2%-ға дейін түспек. Қалған 9%-ы – «АҚШ долларына шаққандағы ІЖӨ-нің 15%-ға өсуіне» тікелей қатысты.