Аптаның әр дүйсенбісінде Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов коронавирус инфекциясына қатысты жағдайды баяндайтын болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды.
«Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі ретінде апта сайын еліміздегі эпидемиялық ахуал жөнінде және халыққа көрсетіліп жатқан медициналық жәрдем туралы ақпарат беріп тұрамыз. Сонымен қатар індетке қарсы күрестің нәтижелері жайында баяндаймыз. Осы орайда Денсаулық сақтау министрлігінің өзіндік медиа орталығы іске қосылғанын еске салғым келеді. Оның негізгі міндеті – қоғамдық ортамен, ақпарат құралдарымен және мемлекеттік органдармен арадағы байланысты нығайту. Министрліктің атына келіп түсетін арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзірміз. Баспасөз мәжілісінде қойылатын сұрақтардан бөлек, менің жеке парақшама жіберілген сұрақтарды, әлеуметтік желіде айтылатын сауалдардың барлығын қамтуға тырысамыз», деді Бағдат Қожахметов.
Бұған қоса Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтағанын атап өтті.
«Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтады. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр. Осылайша еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады. Бірақ жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен өлім-жітімді тоқтату. Осы ретте барша қазақстандықтарға санитарлық ережелерді орындауға шақырамын», деді Б.Қожахметов.
Ресми статистикаға тоқталған ол коронавирусқа шалдыққан науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар, 69 адамның денсаулығы өте нашар екенін мәлімдеді. Биыл 13 наурыздан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясымен 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны – 72 523 немесе 72,9 пайыз. Стационарларда 4 713 науқас ем қабылдауда және 20 937 адам амбулаторлық жағдайда емделуде. Жалпы 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырды.
«1 тамыздан бастап коронавирус инфекциясы және оған ұқсас белгілері бар пневмония деректерін статистика қатарына қостық. Осыдан кейін еліміз індеттің таралу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте бір сатыға ғана көтерілді. Бұған дейін біз 27-орында болсақ, қазір 26-орынға тұрақтадық. Бірақ бұл көрсеткішке қарап жігерді жасытуға болмайды, біз үшін ең маңыздысы – күресті күшейтіп, жағдайды одан әрі жақсарту. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қазір қолымызда жан-жақты сараланған мәліметтер бар. Бұл бізге болашаққа жоспар құрып, алдын ала дайындалуда мүмкіндік береді. Яғни індеттің күзде күтілетін жаңа толқынына қарсы тұру үшін материалды әрі адами ресурстарды толығымен дайындауға жағдай жасалды», деді Б.Қожахметов.
Сондай-ақ ол елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.
«Провизорлық орталықтарда жедел әрекет ету үшін медқызметкерлерді дайындаудан бөлек, дәрі-дәрмектермен толықтыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда. КВИ-ға ұқсас белгілері бар пневмониямен сырқаттанған науқастар үшін алдын ала бір айлық қорға есептелінген аппараттар сатып алынды. Өңірлерге 8,7 млрд теңгенің 91 түрлі дәрі-дәрмегі жөнелтілді. Бұл орташа есеппен 40 мың науқасқа жетеді», деді Б.Қожахметов.
Оның сөзіне қарағанда, 15 тамыздан бастап тағы екі айға жететін қор әзірленеді. Стационардағы 200 мың науқасқа жететін дәрі-дәрмектің 50 түрі әзірленді. Сонымен қатар амбулаторлық жағдайда ем алатын бір миллион науқасты емдеуге арналған дәрі-дәрмектің 5 түрін сатып алу процесі аяқталуда. Дәл осындай ауқымды шаралар алғашқы рет қабылданып отыр.
«Сырқаттанып, вирус жұқтыру бойынша күдіктенсеңіз, тіркелген емханаға барып қаралсаңыз болады. Егер вирус жұқтырғаныңыз анықталса, бұрынғыдай дәріхана жағалап жүрмей-ақ қойыңыздар! Барлық емханаларда қажетті дәрі-дәрмек бар және ақысыз беріледі. Атап айтқанда, парацетамол, ибупрофен және басқа да қажетті препараттар еліміздің барлық емханасына жеткізіледі. Дәрі-дәрмектерді жеткізу «СҚ-Фармация» компаниясы тарапынан жүргізіліп жатыр», деді ол.