• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Тамыз, 2020

Бөденеші

946 рет
көрсетілді

Баптап бақсаң бөдене де берекеге кенелтеді. Қостанай қаласының тұрғыны Сақтаған Бақбасов бұған іс жүзінде көз жеткізген. Ол өз үйінің ауласында бөдене өсіреді.

Табысы тасып жатпаса да, пайдасыз емес. Ең бас­тысы, бөдене асырау үшін көп орын қажет емес екен. Мәселен, Сақтаған үйінің аула­сындағы 10 шаршы метрге жетпейтін жерде 400 құс ұстап отыр. Ол бөденеден бір күнде 100 шақты жұмыртқа алады. Дүкен сөресінен шұбар қабықты кішкентай ғана жұмыртқа көр­ген боларсыз. Көлемі кәдім­гі кеп­тердің жұмырт­қа­сындай. Бірақ бағасы тауық жұмыртқасынан да қымбат. Бөдене жұмыртқасы – осы.

Сақтағанның жұбайы – Әлия Бақбасова да бөдене жұ­мырт­қасының емдік қ­асиетіне әлдеқашан көз жеткізген.

– Бұл жұмыртқаның ши­пасын өзіміз де көріп-бі­ліп отырмыз. Өз басым күніне аш қарынға шикідей 3 жұ­мырт­қадан ішіп отырамын. Артынан су ішемін. Осылайша 4 ай ішіп, бір ай үзі­ліс жасай­мын. Содан кейін тағы 4 ай жалғастыруға болады. Осы­ның арқасында гастрит ауруынан құлан таза айы­ғып кеттім. Қан қысымым да қа­лыпқа келді. Қыста тұмау-сырқау дегенді білмеймін. Өйт­­кені бөдене жұмыртқасын ішкен адамның иммунитеті мық­ты болады. Жұмыртқа пси­­хикалық күйзеліске түскен адам­дар үшін де пайдалы. Жүй­ке­ні қалыпқа келтіреді, – дейді ол.

Жұдырықтай құстың жұ­мырт­қасы мен етінің мың түрлі дертке дауа екенін жақсы білетін Сақтаған осыдан 4 жыл бұрын Ресейге барып, Қорған қаласынан 20 шақты ба­лапан сатып алған. Оған едені газбен жылытылатын арнайы құс қора салды. Аядай ғана қораның ішіндегі ауа температурасы күні-түні бір қалыпта. Желдеткіш жұмыс істеп тұр. Бөденелер 20 шақты тор үйшікке бөлінген. Оған су автоматты түрде келеді.

– Бөдене өте ақылды құс. Өздері үйреніп алған. Мы­нау шүмекті тұмсығымен шоқып су іше береді. Кәдімгі қол­жуғыш­тың шүмегі сияқты. Бө­дене тұмсығымен кө­теріп қалса, су тамшылайды. Алда­рындағы жемсалғышты қол­дан жасадым. Таңертең бір, кешке бір рет жарты шелек­тен жем беремін. Бөдене кү­тімі көп уақыт алмайды. Бір құс тәулігіне бір жұмыртқа бе­реді. Өзімізден артылғанын көрші-көлем, таныс-жақындар мен туыс-туғандар алады. Бөдененің еті де аса дәмді әрі пай­далы. Асып, қуырып, кәуап жасап, қақтап та жейміз. Жазда құс саны 1000-ға жуықтайды. Тапсырыс беріп, ет, жұмыртқа сатып ала­тын­дар кө­бейіп келеді, – дейді Сақтаған Бақбасов.

Сақтаған облыс орталы­ғын­­дағы «Қарлығаш» ба­ла­бақ­шасында ғимарат кү­ту­­шісі болып жұмыс істей­ді. Бала­бақшаның бүкіл жи­һа­зы мен есік-терезесінің бү­тін­дігі осы кісінің мойнында. Ол бө­денені табыс табу үшін ұс­тап отырған жоқ. Бұл оның жұ­мыстан тыс уақытта алда­натын ермегі. Өзіне ұнай­ды. Сон­дықтан алдағы уа­қытта кә­сіпкерлікті қол­дау меке­мелері арқылы шағын несие алып, бөдене санын көбей­туді көз­дейді.

 

ҚОСТАНАЙ