Коронавирус инфекциясынан жазылып шыққан науқастардың саны 87 777-ге жетіп, жалпы көрсеткіш 80,3 пайызды құрады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығына түскен ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда осы жылдың 13 наурызынан бастап бүгінге дейін коронавирус инфекциясымен 103 033 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 87 777-ге жетті немесе жалпы көрсеткіш 80,3 пайызды құрады. Өкінішке қарай, 1 415 адам қайтыс болды.
Соңғы бір тәулікте 1 219 адам жазылып шыққан. 18 841 адам ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Оның ішінде 99 бала бар. 3 279 адам стационарлық, 15 562 адам амбулаторлық жағдайда емделіп жатыр. Емделіп жатқан науқастардың 3 пайызының немесе 509 адамның денсаулығы ауыр және өте ауыр деп бағаланып отыр. Атап айтқанда, 406 адамның жағдайы ауыр және 103 адамның денсаулығы өте нашар. 72 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Бұған қоса Бағдат Қожахметов соңғы аптада елімізде коронавирус індетін жұқтыру көрсеткіші азайып келе жатқанын жеткізді.
– Соңғы 2 аптадағы жағдайды салыстырмалы түрде жеткізсем, 3-9 тамыз аралығында 7 108 адам коронавирус жұқтырған. 222 адам қайтыс болды. ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен 7 940 жағдай тіркелген. 122 адам көз жұмды. 10-16 тамыз аралығында жағдай біршама өзгерді. Яғни, соңғы аптада COVID-19 вирусын 3 995 адам жұқтырды. 151 адам қайтыс болды. ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен 5 344 жағдай тіркелді. 64 адам қайтыс болды. Осы аталған кестеге қарап, елімізде індет жұқтыру жағдайы азайып келе жатқанын байқауға болады. Ал енді коронавирусқа ұқсас, бірақ ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен жағдайлар бойынша жалпы мәлімет мынадай: қазір 18 606 науқас тіркелді, 218 адам қайтыс болды, соңғы бір тәулікте 141 адамның ауырғаны анықталды, – деді ресми өкіл.
Сондай-ақ ол мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралардың нәтижесіне тоқталып, коронавирус инфекциясының таралуы күннен-күнге төмендеп жатқаны, сәйкесінше медициналық мекемелердің жүктемесі азайғанын атап өтті. Салыстырмалы түрде 2020 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша провизорлық емдеу орындары мен стационарларда 17 798 төсектік орын болып, сол тұста жүктеме 57 пайызды құраса, қазір ауруханаларда жатын орындардың саны – 37 мың, жүктеме – 29 пайыз. Тіпті кейбір өңірлерде науқастар түгел жазылып шығып, ауруханалар босаған. Түркістан облысының Ордабасы ауданындағы инфекциялық бөлім қазіргі уақытта бос тұр, яғни Ордабасы ауданында коронавирус індетімен ауырып жатқан науқас жоқ.
Жедел жәрдемге түсетін хабарламалар көлемі аймақтарда айтарлықтай азайған. Өткен аптада Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят халық ең көп шоғырланған Шымкентке жұмыс сапарымен барып келді. Онда 5 аптаның ішінде ауруханалардағы емделуге арналған жатын орындардың жүктемесі 60 пайызға дейін төмендеген. Мұндай жағымды нәтижелер еліміздің барлық өңірінде байқалады. Бірақ жағдай жақсарды екен деп сақтық ережелерін бұзуға болмайды.