• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Тамыз, 2020

Балық шаруашылығының әлеуеті зор

509 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында бірінші кезекте жұмыспен қамтуды қолдау шаралары қаралды. Бұл мәселе жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметов, Жамбыл облысының әкімі Б.Сапарбаев, Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақалов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев баяндама жасады.

Басты міндет – жұмыспен қамту

Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарла­ма­сының, «Жұмыспен қамту-2020» жол кар­тасының және басқа да салалық бағдар­ла­малардың аясында 743 мың адам еңбекке тартылды. Жылдың соңына дейін 1 млн 220 мың адамға қолдау көрсетілуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылып, инфрақұрылымдық жоба­лар­дың тізбесі оңтайланды. Осы жобалар (6 702 жоба) аяқталған соң аралас салаларда қосымша 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Премьер-Министр Шымкент қаласында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыспен қамтуды қолдау шараларын іске асыру қарқыны жоғары екенін атап өтті. Орташа көрсеткіштер Қарағанды, Ақмола, Түркістан, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Атырау облыстарында, Нұр-Cұлтан мен Алматы қалаларында байқалады. Сонымен қатар жекелеген көрсеткіштер бойынша екі өңір артта қалып отыр: Қызылорда облысында мемлекеттік гранттар беру – 47,5%, қоғамдық жұмыс – 50,1%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 56,2%, жұмыс орындарын құру 44,4%-ға орындалды; Батыс Қазақстан облысында микрокредит беру бойынша бар-жоғы 28,6%, жастар тәжірибесі – 37,7%, жобаларға бөлінген қаржыны игеру – 58,9% және тұрақты жұмыс орындарын құру 25,8% деңгейінде.

«Жыл соңына дейін төрт-ақ ай қалды. Әкімдіктер бағдарламаларды іске асыруды жандандыруы қажет. Қазіргі жағдайда бірінші кезектегі міндет – азаматтарды жұмыспен қамту. Қажетті ресурстар бөлінген, барлық құралдар бар, еңбек нарығында теңгерімсіздікке жол бермеу керек», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы мемлекеттік бағдар­ла­маларда қарастырылған іс-шараларды жүзеге асыруды, сондай-ақ Электронды еңбек биржасының бизнес-процестерін оңтайландыру, жұмыспен қамту шараларымен проактивті қамтуды дамыту және оларды іске асыру мониторингін күшейтуді тапсырды. Жұмыспен қамтудың жоспарланған индикаторларына қол жеткізіп, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару қажет. Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне «Ата­ме­кен» ҰКП және әкімдіктермен бірлесіп, бизнес бастамаларды дамыту және қолдау бо­йынша жұмысты жандандыру тапсырылды.

 

Балық өндіру барысы қалай?

Сондай-ақ отырыста еліміздің балық шаруашылығын дамыту мәселесі қаралды. Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі М.Мырзағалиев, Ауыл шаруа­шылығы министрі С.Омаров, сондай-ақ «Хамит» балық шаруашылығының өкілі Б.Се­рманизов, «Caspian Riviera» балық шаруа­шы­лығының өкілі Р.Хамитова, «KingFish» балық шаруашылығының өкілі М.Тұр­сынәлі баяндама жасады.

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрінің айтуынша, елімізде балық шаруа­шылығын дамытудың мол мүмкіндіктері бар. Экспорт әлеуетін де жоғары деуге бо­лады. Балық өнеркәсібінің негізгі түр­лері – балықты аулау, өсіру және қайта өңдеу. Еліміздің балық және балық өнім­дері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тонна болды. Егер құры­лы­мына назар аударсақ: балық аулау – 45 мың тоннаны, балық өсіру – 7,4 мың тоннаны, экспорт – 30 мың, импорт 43,5 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық жаға­лауы елдерінен мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Өз кезегінде жыл сайын жақын 36 елге шамамен 60 млн дол­лар­дың 30 мың тонна балық өнімін экспорт­тайды.

«Негізінен біз балық сүбесін, кепті­ріл­ген-ысталған өнімдерді және тоңазытылған балық экспорттаймыз. Мысалы, көксерке сү­бесі Германия мен Нидерландта қазақ­стан­­дық бренд болып табылады. Ал кеп­ті­ріл­­ген, ысталған өнімдер Ресей, Украи­на, Лит­­ва, Қытай және басқа елдерге экс­порт­­та­ла­ды. Экспортты арттыруға болатын әлеу­етті нарықтар бар», деді М.Мырза­ғалиев.

Өкінішке қарай, елімізде жан басына шақ­қанда балық өнімдері аз тұтынылады. Ай­талық, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мы әр адам жылына 16 кило балық жеуі қажеттігін ескертсе, Қазақстанда бұл көр­­­сет­кіш 4 килодан ғана келеді. Бұл көрсет­кіш көр­шілес Ресейде 23 кило, Қытайда 45 кило.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мыңнан астам балық шаруашылығы субъектісі бар. Оларға 1646 су айдыны мен учаскелер бе­кітілген. Салада 11 мыңнан астам адам жұ­мыс істейді. 2019 жылы 45 мың тонна балық ауланды. Балық негізінен Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыс­тарында ауланады.

БҰҰ жанындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт. Мәселен, өсірілетін балықтың әлемдік көлемі 60 жыл бұрын небәрі 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асады.

Қазақстанда балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Соңғы 7 жылда өсірілген балық көлемі 9 есе, яғни 800 тоннадан 7,4 мың тоннаға дейін өсті. Елімізде осы іспен 180 балық өсіру шаруашылығы айналысады, онда мыңнан астам адам жұмыс істейді. М.Мырзағалиевтің айтуынша, бұл жеткіліксіз. «Жасанды балық өсіру шаруашылықтары бұдан да көп болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жан басына шаққанда 16 кило балық тұтыну нормасына қол жеткізу үшін шамамен 300 мың тонна балық өсіруіміз қажет», деді ол.

Балықты жасанды өсіру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Алматы облысында ша­ма­мен 1000 тонна, Солтүстік Қазақ­станда 380 тонна, Шығыс Қазақстанда шама­мен 300 тонна балық өсіріледі. Биыл­ ақпан айында Атырау қаласында балық шаруашылығын дамыту мәселелері жөнінде өткен көшпелі жиында Премьер-Министр А.Мамин саланың дамуына кедергі келтіретін негізгі кедегілерді анық­тауға тапсырма берген еді. Министрлік осы тапсырманы орындау үшін бизнеспен бірге талдау жүргізіп, 3 басты мәселені анықтады. Олар – суқоймаларын балық аулаудан балық өсіруге бейімдеу, заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын арттыру.

Еліміздегі суқоймаларын зерттеу нәти­жесінде онда жылына 600 мың тонна ба­лық өсіруге болатыны анықталды. Соның негізінде балық өсірудің өңірлер үшін тиісті схемасы жасалды. Мысалы, Түр­­кістан облысындағы Шардара суқой­масы сазан және бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіруге қолайлы болса, Шы­ғыс Қазақ­стан­дағы Өскемен, Бұқтырма суқойма­ларында форель, сиг тұқымдас балықтарды өсіруге болады.

Өңірлер тұйықталған сумен қамту технологиясын пайдалана отырып, тоған және бассейндік шаруашылықтар сияқты балық өсірудің басқа да бағыттарын дамыта алады. Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы шаруашылықтың типтік жобаларын әзірледі. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Министрлік қолданыстағы заңна­маға талдау жасай келе су қорғау белдеу­інде балық шаруашылықтары мен құрылыс­тарын салуға тыйым салынуы, балық өсіру кезінде суды тұтыну үшін артық төлем алынуы, жергілікті маңызы бар су айдында­рының көп бөлігі кәсіп жүргізуге берілмеуі және басқа да бірқатар кедергілердің бар екен­дігін анықтады. Соған сәйкес Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ «Жануар­лар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану», «Архитектура, қала құрылысы және құры­лыс жұмыстары туралы» заңдарға өзгеріс­тер әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. Тиісті ұсыныстар күзде Парламентке енгізіледі.

 

Экспортқа екпін берілмек

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Премьер атап өткен­дей, балық аулау және оны көбейту – азық-түлік өн­ді­рісіндегі басым салалардың бірі. Қазақ­станда тауарлы балық өсірумен 180 шаруа­шылық айналысады. Биыл ақпан айында Атырау қаласында Үкімет басшы­сының төрағалығымен өткен кеңестің қо­ры­тындысы бойынша әкімшілік кедергілерді азайтуға және саланы дамытуға оңтайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар әзірленді. Су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемді оңтайландыруға, шаруашылықтарды тиімді аймақтарға бөлуге және орналастыруға, балық аулаудың және балық аулайтын кемелер жұмысының тиімді кестесін белгілеуге, тыйым салынған құралдар айналымы үшін жауапкершілікті қатаңдатуға ерекше назар аударылды. Барлық қажетті заңнамалық түзетулер биыл қыркүйекте Парламентке енгізіледі. Жемшөпті субсидиялау (25%-ға дейін) және инвестициялық шы­ғындарды өтеу (30%-ға дейін) тұрғы­сынан қосымша мемлекеттік қолдау шара­лары көрсетіліп жатыр. Тауарлы балық өсіруді дамытуға бағытталған инвести­циялық жобаларға жеңілдетілген несие беру көзделген. Қабылданып жатқан шара­лар­дың нәтижесінде биыл өсірілген тауарлы ба­лықтың көлемін 9 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Премьер-Министр балық өндірісінің кө­лемі айтарлықтай ұлғайып, 2030 жылға қарай 600 мың тоннаға дейін жеткізілуі мүм­кін екенін атап өтті. Сала АӨК құры­лы­мында негізгілердің біріне айналуы тиіс. Экспорт көлемін 10 есе (300 мың тоннаға дейін) ұлғайтып, кемінде 100 мың қосымша жұмыс орнын құру көзделіп отыр.

Үкімет басшысы 1 қарашаға дейін балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламаларын әзірлеуді және бекітуді тапсырды, онда басым субсидиялау, жер те­лімдерін бөлу, инфрақұрылым жүргізу бо­йынша нақты индикаторлар мен іс-ша­ралар және басқа да мемлекеттік қолдау шара­лары көрсетілуі тиіс. Экология министр­лігіне мүдделі мемлекеттік органдар­мен бірге бір ай мерзімде бизнес қауымдас­тықтармен балық шаруашылығы саласын субсидиялауды кеңейту жөніндегі ұсыныс­тарды пысықтау, Білім және ғылым ми­нистрлігімен бірге жоғары оқу орын­дарының оқу және тәжірибелік бағдарла­маларын балық аулаудан балық өсіруге баса назар аудара отырып, қайта қарау жүк­телді. Қаржы министрлігіне сауда министр­лігімен бірге шетелден балықтың бағалы түр­лерінің балық өсіру материалын жеткізуді және оларды тасымалдау кезінде шекарада бақылаудың барлық түрлерінен өтуді рәсімдеу рәсімін оңайлату жөніндегі ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.