Елімізде алғаш рет студенттер, магистранттар, докторанттар мен түлектердің тікелей бағалауымен жоғары оқу орындарының рейтингі жасалды. Білім алушылар мен түлектердің пікірін саралап, білім ордаларының үздігін анықтау – Қазақстан студенттері альянсының бастамасы.
«Әлеуметтік сауалдама туралы ақпаратты БАҚ, Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желілерде, сонымен қатар Қазақстан студенттер альянсының өңірлік филиалдары, белсенділері күшімен студенттер арасында тараттық. Студенттер, магистранттар, докторанттар мен түлектер әлеуметтік сауалдамаға екі тілде онлайн-форматта қатыса алды», дейді альянс президенті Ілияс Түстікбаев.
14 мамырда басталған сауалдамаға 20 маусымда нүкте қойылған. Оған еліміздің 14 облысы мен 3 республикалық маңызы бар қаласында орналасқан 110 жоғары оқу орнының білім алушылары мен түлектері атсалысқан.
«Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2020 жылдың ақпан айындағы мәліметтеріне сәйкес 2019-2020 оқу жылында елімізде 604 345 студент тіркелген. Оның 112 247-сі біздің әлеуметтік сауалдамаға қатысты. Бұл республикадағы жалпы студенттер санының 18,6%-ын құрайды. Біздің сауалдамаға қатысқан 112 247 адамның 84.25%-ы бакалавр, 4,7%-ы магистрант, 0,8%-ы докторант және 10,25%-ы түлектер», дейді ұйым басшысы.
Жоғары оқу орындарының арасындағы үздіктер 9 талап бойынша анықталды. Атап айтар болсақ, сауалдама университеттің білім беру бағдарламасы, материалдық-техникалық базасы, ондағы сыбайлас жемқорлық, түлектерді жұмыспен қамту, жатақханалардың жағдайы, асханалардағы тамақ сапасы мен бағасы, университет басшылығының ашықтығы, студенттердің өзін өзі басқару деңгейі және мамандық таңдау себебі сияқты сұрақтарды қамтыды. Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, рейтинг жоғарғы білімді тәуелсіз бағалау, абитуриенттерге кәсіптік бағыт-бағдар беріп, жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз ету, еліміздегі білім жүйесін дамытуға үлес қосу және еліміздегі білім орындарына жауапты министрліктер мен ЖОО басшылықтарына ұсыныстар әзірлеуді мақсат етеді.
Сонымен нәтижелерге тоқталсақ, тәуелсіз рейтинг бойынша Nazarbayev University, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғашқы үздік үш университет қатарында. Одан кейін студенттер мен түлектер С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын, Сүлеймен Демирель атындағы университетті, Astana IT университетін, М.С.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Қазақ ұлттық хореография академиясын үздік деп таныды.
Ал Азаматтық авиация академиясы, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Нархоз университеті, Қазақстан инновациялық академиясы, Халықаралық бизнес университеті, Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті, Астана университеті, Қазақ қатынас жолдары университеті, Алматы экономика және статистика академиясы студенттер мен түлектердің көңілінен шықпайтыны мәлім болды. Аталған оқу ордалары рейтингтің соңғы орындарына жайғасты.
Қазақстан студенттері альянсының сауалдамасына М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері мен түлектері белсенді қатысқан. Рейтинг жасауға қатысқандар студенттердің өзін өзі басқару ұйымдары белсенді жұмыс жасайтын университет ретінде Nazarbayev University-тін таңдаған. Ал керісінше Шет тілдер және іскерлік карьера университетіндегі студенттік ұйымдарға білім алушылардың көңілі толмайды екен. Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті жемқорлық фактілері кездеспейтін университет деп танылды. Дегенмен, сауалдамаға қатысқандар Нархоз университетінде сыбайлас жемқорлықтың өршіп тұрғанын айтты. Білім алушылардың ұсыныстары мен шағымдарына құлақ түрмейтін, студентке бағдарланған білім беру қағидасын ұстанбайтын білім басшылығы – Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректораты. Ең арзан және дәмді тағамдары бар асхана – С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің асханасы. Бағалары қолжетімсіз асхана – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің асханасы. Түлектерін жұмысқа орналастыру бойынша Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеттері көш бастап тұр. Ал Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде жұмысқа орналастыру көрсеткіші төмен. Қазақ қатынас жолдары университеті еңбек нарығын ескермейтін білім бағдарламасымен оқытады деген ескерту түсті. Ал заманауи материалдық-техникалық базасымен озып шыққандар: Nazarbayev University, Сүлеймен Демирель атындағы университет. Студенттер үшін білім бағдарламасымен қатар маңызды мәселе – жатақхана. Осы орайда Nazarbayev University, Қазақ ұлттық хореография академиясының жатақханалары жоғары бағаға ие болды. Ал Ә.Қуатбеков атындағы Қазақстан инженерлі-педагогикалық Халықтар достығы университеті мен Азаматтық авиация академиясының жатақханалары білім алушылар мен түлектердің көңілінен шықпайтын көрінеді.
Қазақстан студенттері альянсы ұйымдастырған сауалдама ашық әрі ерікті түрде өтті. Бұған дейін газетімізде хабарлағанымыздай, оған отандық білім ордасында оқып не кезінде білім алған әр азамат қатыса алды. Жоғары білім беретін оқу орындарының қызметін тәуелсіз бағалау үшін жасалған рейтингтің нәтижесі еліміздегі оқу орындарына жауапты министрліктер мен ЖОО басшылықтарына жолданып, тиісті шаралар қабылданады деген сенімдеміз.