Сән индустриясы – экономиканың ең бір креативті үлгісі. Дендеген пандемия әсіресе сән индустриясына, тоқыма және тігін өнеркәсібіне айтарлықтай соққы берді. Жаппай оқшаулауға көшу киім киісімізді өзгерткені рас, бұған әлем бойынша киім сатылымының күрт төмендеуін қосыңыз. Мысалы, сән астаналарының бірі саналатын Миландағы дүкендердің 25%-ның жабылу қаупі бар. ISTAT-тың мәлімдеуінше, карантин кезінде Италиядағы өнеркәсіп өндірісі 29,3%-ға төмендеген, «бұл 1990 жылдан кейінгі елдегі ең үлкен құлдырау» деп хабарлады.
Артық өндіріс. Дағдарыс сән әлемінің басты мәселесі – артық өндірістің бар екенін көрсетіп берді. Бұған дейін брендтер жылына алтыдан сегізге дейін коллекциялар шығаруға үйреніп алған еді. Бірақ жаңа экономикалық жағдай бұрынғыдай аста-төк жиындардың мүмкін емес екенін айқындап отыр. Америкалық сән дизайнерлері кеңесі (CFDA) және британдық сән кеңесі (BFC) сән индустриясының қатысушыларына үндеу тастады және жаңа жағдайға бейімделу бойынша бірқатар ұсыныстар берді. Мәлімдемеде реформаның әртүрлі бағыттары, соның ішінде өндірісті бәсеңдету, артық өндірудің алдын алу мақсатында тұтынушылардың қажеттіліктеріне мұқият қарау, сондай-ақ коллекциялардың санын жылына екіге дейін азайту, одан гөрі сапалы бұйымдар жасау қажеттігі айтылған. Хатта 2021 жылғы көктемгі коллекциялар виртуалды форматта көрсетілетіні белгіленген. Карантин шектеулері алынғаннан кейін, әлемдік сән күнтізбесіне сәйкес CFDA және BFC сән көрсетілімдерін сән астаналарының бірінде өткізуді ұсынып отыр.
Сән рәсімі виртуалды форматта сыналуда. Белгілі дизайнер, Сән және тоқыма музейінің құрушысы, «ZHUZBAY» брендінің авторы Айжан Жүзбай ендігі жерде сән брендтері стандартты және үйреншікті мата мен материалдарға балама іздей бастағанын айтады.
– Қазір эстетика мен функционалдылықты қамтамасыз ететін жоғары технологиялық материалдарды жасау, қолдану басты бағыттардың біріне айналды. Жаңа технологиялар ауқымында қолданылатын және қоршаған ортаға зиян келтіретін жаңа талшықтарды, тоқыма материалдарын, әрлеу материалдарын жасауға көбірек көңіл бөледі деп күтілуде. Сондай-ақ біздің елде де нанотехнология мен ғылымға назар аударып, қаражат молынан бөліну керек. Мен тоқыма өндірісі бойынша магистрлік білім алдым, сол кездегі нано мата жобамды «QAZDETEX» ЖШС-і негізінде әрі қарай кәсіби түрде жалғастырып келемін, – дейді Айжан Жүзбай.
Оның айтуынша, Лондон, Милан және Парижден шыққан сәнді брендтер карантин кезінде тікелей эфирден сәлем жолдап, көрермендер тарапынан ондаған миллион пікір жинаған. «Италияның ұлттық сән палатасы (Camion Nazionale della Moda) SS’21 ерлер топтамасы мен SS’21 әйелдер топтамасын тікелей эфирде көрсететінін мәлімдеді. Осылайша, Милан мен Парижде өтетін сән апталықтарының дәстүрлі кезегі аяқасты өзгерді. Енді барлығы басқаша болады», дейді ол. Ондаған жылдар бойы сән индустриясында жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маманның айтуынша, әлемдік тәжірибеде дизайнерлердің салондары кәсіби көрсетілімдер орны болып саналады. Ал посткеңестік елдерде бұл тек сауда нүктелері ретінде қарастырылуы басым. Сондықтан кәсіби көрме залын құру кезінде дизайнерлерді ғана емес, сатып алушыларды да тарту қажет.
– Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін салықтық жеңілдіктер жасау, сондай-ақ қажетті мөлшерде өндіре алмайтын маталар мен аксессуарлардың импортына кедендік бажды азайту немесе тіпті алып тастау қажет. Себебі кеден бажы тауардың негізгі бағасын өсіріп, тауардың тез сатылуына кесірін тигізеді. Бұл шешімдерді орындау қысқа мерзімде мүмкін емес, оған нақты, жүйелі қадамдар керек, – дейді Айжан Жүзбай.
ЭЫДҰ бас хатшысы Анхель Гурриа пандемиядан туындаған экономикалық құлдыраумен тағы бірнеше жыл күресуге мәжбүр боламыз деген еді. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, пандемияға байланысты интернет сатылымы Қытай нарығында 15-25%-ға, Еуропада 5-20%-ға, АҚШ-та 30-40%-ға төмендеген. Қазақстандықтар арасында да бөлшек сауда көлемінде айтарлықтай өзгеріс бар. Ranking.kz-тің хабарлауынша, тек сәуірдің өзінде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда сату көлемі 495,7 млрд теңгеге (40,9%) түскен көрінеді.
Сән индустриясы бәсеңдеген тұста шектеулі коллекциялар саны азайып, дағдарыстан өте алмаған көптеген жергілікті брендтер жұмысын тоқтататыны белгілі. Ал ірі брендтер аймақтардағы дүкендер санын қысқартады деп болжануда. Коронавирустың әсерінен сән индустриясы қандай өзгерістерге ұшыраса да, жаңа жағдайға бейімделу оңай соқпай тұр. Сән сарапшысы Дэвид Ратмоко атап өткендей, оқшаулану ережелері тағы бірнеше жылға созылар болса, сән индустриясы 20 жыл бұрынғы кебіне қайта оралуы мүмкін.