Жуырда «ҚазАгро» холдингі атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарын жариялау һәм нақты істерді насихаттау мақсатында журналистер үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласындағы бірнеше БАҚ өкілі таңмен таласа жолға шықтық. Бағытымыз Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Камышенка ауылы. Мақсатымыз – сол ауылдағы «Камышенка» шаруа қожалығының жұмысымен танысу.
Жүз шақырымды жүзіп өткендей бір сағаттың бедерінде діттеген жерімізге жеттік. Біз барғанда шаруашылық қожайыны Дүйсембай Қожасұлы кеше ғана Украинадан әкелінген мал маңында жүр екен.
«Биылдан бастап біз мал басын көбейтуді жоспарлап, «Аграрлық несие корпорациясынан» 505 млн теңге несие алып, оған 400 бас сүтті бағыттағы сиырлар сатып алдық. Сиыр санының өсуімен біз де сүт өндіруді ұлғайтамыз. Бұған дейін күніне 6-6,5 тонна сүт саусақ, енді 12-13 тоннаға жеткіземіз деп ойлаймын. «Аграрлық несие корпорациясының» қаржылай қолдауымен кәсібімізді кеңейтіп, құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатырмыз. Мұндай мүмкіндік біз сияқты шаруашылықтар үшін өте қолайлы. Аталған корпорациядан несиені 6%-бен 10 жылға алдық», дейді ол.
Өз өндірісін өркендетіп қана қоймай, жүзден аса отбасын жұмыспен қамтып отырған «Камышенка» ЖШС-ның атқарушы директор Айбек Сәкенұлы алдағы жоспарларын да ақтарып салды.
Мемлекеттің шағын шаруашылықтардың шашбауын көтеріп, қаржылай қолдауы қай салаға болсын қанат бітірері сөзсіз. Бұл ретте «ҚазАгро» ҰБХ Қазақстанда жыл сайын 100 мың тоннадан астам сүт өндірісін қаржыландырғанын айта кеткен абзал.
«Сүт тапшылығын жабуға бағытталған жобаларды қаржыландыру – «ҚазАгро» холдингіне қарасты «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жеңілдікпен несиелендірудің басым бағыттарының бірі. Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» сүт өндірудің жылдық жалпы қуаты 101,7 мың тоннаны құрайтын 29 сүт фермасын қаржыландырды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыруда көшбасшы фермерлерге сүтті малдың асыл тұқымды малын сатып алуға, жаңа ауылшаруашылық техникаларын, сүт фермалары жабдықтарын және басқа бағыттарды сатып алуға несие береді. 2019 жылы жеңілдетілген несие алған шаруа қожалықтарының сүт өндірісіндегі үлесі 24,8%-ды құрады», деді «Аграрлық несие корпорациясы» Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Әсет Көшкембаев.