АҚШ-тың бірнеше штаты өртке оранды. Оған маусымдық орман өрті себеп. АҚШ президенті Дональд Трамп өрттен үлкен жапа шеккен Калифорния штатына жұмыс сапарымен барады.
Орегон штаты да өрттен жапа шеккен аймақтардың қатарында. Үкімет өрттің әлі де ауыр зардабы мен адам шығыны болатынын болжап отыр. Әзірге ресми дерек бойынша, 8 адам қайтыс болған, онға жуық адам із-түссіз кеткен. Эвакуациялауды қажет ететін аймақтарда жарты миллионға жуық халық тұрады.
Жалпы, Орегон, Калифорния, Вашингтон штаттарында 100-ге жуық орман өртке оранды. Тілсіз жау 2 млн гектар жерді шарпыған. 1,3 млн гектар жер өртеніп кеткен. Вашингтон штатының губернаторы Джей Инсли «Бұл өртті табиғи деп айту қисынсыз. Бұған біздің штат климатын өзгертуіміз себеп. Мұндай өрт бұрын-соңды Вашингтонда болған емес. Яғни, мұны қалыпты деп қабылдау қиын. Қазір жасым 69-да. Соңғы бес жылда түтін иісімен оянып жүрмін, ал балаларымыз болса бұдан көп жапа шегуде», деді журналистерге берген сұхбатында.
Жұма күні Орегон штатының ауа сапасы әлемдегі ең нашар ауа сапасы ретінде тіркелді. Өрт кезінде эвакуацияланған халықтың үйін тонаған 10 адам ұсталып, жауапқа тартылды.