• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қыркүйек, 2020

Терминология жобасы талқыланды

350 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының «Терминологияны біріздендірудің критерийлері мен принциптері» әдістемелік нұсқаулық жобасын талқылау»  тақырыбында  онлайн отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Онлайн отырыстың көздеген мақсаты қазақ тілі әліпбиін латын графикасына  көшіру кезеңінде терминологияны біріздендірудің ғылыми-әдістемелік негіздерін айқындау болатын. Басқосуда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобы филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның академигі Ш.Құрманбайұлы әзірлеген «Терминологияны біріздендірудің критерийлері мен принциптері» әдістемелік нұсқаулық жобасы талқыланды.

Шараға төрағалық жасаған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба күн тәртібіндегі мәселенің маңызына тоқталып өтті: «Намазға жығылар адамға көмек үшін «Мұхтасар ғылымхал» деген жұқа кітап болушы еді, сол секілді қолданбалы терминологияның өзегі тәрізді біз талқылап отырған еңбек салаға кірісер әр адамның үстелінде жатуы тиіс деп ойлаймын. Барлық нәрсенің бастауы болады. Сол себепті бүгінгі бас қосуымызды бұдан бұрынғы талқылауларымыздың заңды сабақтастығы деп қарастырған дұрыс. Бұл туралы жақында жарық көрген мақаламда айттым. Термин жанды организм. Сәттісі де, сәтсізі де кездеседі. Сондықтан, оларға әрдәйім мониторинг жүргізіп, халық құлағына сіңбеген терминдерден арылып отыруымыз керек. Терминнің тек мақұлданып, бекітілмеуі де батыл айналысқа енгізуге кедергі келтіреді. Болашақта бұл мәселені Үкімет деңгейінде шешу жолдарын қарастырамыз».  

Әдістемелік нұсқаулық жобасында ұлттық терминқорды ретке келтіріп, жетілдірілген терминжүйе қалыптастыру барысында терминологияны біріздендірудің алатын орны мен жүзеге асуының рет-тәртібі көрсетілген.

Автор: «Өкінішке қарай,  тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де қазақ тілін ғылым мен жаңа технология, заң шығару мен қаржы-экономика тіліне айналдыруға бағытталған батыл қадам, түбегейлі бетбұрыс жасалмады ...Айналып келгенде, ұлт тілінің ғылым саласындағы қолданысы, ұлт тіліндегі терминдер қорының мол жасалу мен қалыптасуы, жүйеленуі осы мамандарға тәуелді» деп атап көрсетті.

Еңбекте одан әрі терминологияны біріздендіру барысында нені ескеріп, қандай мәселелерге мән беру қажеттілігі мейлінше нақты баяндалады, терминологияны біріздендіру жұмысының мақсат-міндеттері, саты-саты бойынша қалай жүзеге асатыны ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негізделіп көрсетіледі.

Аталған отырыста Терминологиялық жұмыс тобының мүшелері: филология ғылымдарының докторы С.Исақова, филология ғылымдарының кандидаты С.Құлманов нұсқаулық жобаға жан-жақты терең сараптама жасады.

Іс-шара барысында сараптау мәселесі жан-жақты сөз болып, сұрақ-жауап түрінде өз жалғасын тапты. Терминологиялық жұмыс тобы мүшелері ZOOM платформасы арқылы өз пікірін қызу білдіріп отырды.