Былтырғы дерекке сүйенсек, «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 мың грант игерілмей қалды. Мамандар биыл игерілмей қалған грант саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескерткен-ді. Егер қолына дипломы тиген түлектер мен жұмыссыз жүрген жастар мемлекет ұсынған осынау мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылмаса, бұл қателік тағы да қайталануы ғажап емес.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылы қолға алынды. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасынан кейін «Серпін» жобасының идеясы дүниеге келді. Алғашында бұл жобаға 2050 грант бөлінді. 2015 жылы – 6200, 2016 жылы 4312 жас «Серпін» бағдарламасы бойынша білімін шыңдады.
Жобаның мақсаты еліміздегі еңбек ресурсы басым аймақ жастарын жұмыс күші аз аймаққа тарту болатын. Ал жоғары оқу орындарындағы гранттар техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы, білім мен медицина саласын қамтиды.
Тұңғыш Президент осынау жоба аясында елдегі қай саланы дамыту керегін айтқан-ды. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – дамыған Қазақстанның іргетасы болатыны айқындалған-ды. Осылайша бір жағынан жаңа жұмыс орындары ашылса, екінші жағынан халық саны аз облыстарға жастарды шақыру басталды.
Сонымен бағдарламаны жүргізуге тиісті «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ гранттық жобасы бойынша «Алматы студенттер альянсы» коммерциялық қорының ұйымдастыруымен «Мемлекеттік жастар саясатын ақпараттық қолдау» жобасы аясында жобаның талаптарына толығырақ тоқтала кетейік.
Біріншіден, аталған бағдарлама арқылы түрлі мамандықты игеруге болады. Талапкер педагогикалық, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық, тіпті медициналық бағытында білімін шыңдай алады.
Осыған байланысты еліміздің 7 облысындағы жеті жоғары оқу орны «Серпін» бағдарламасымен студенттерді қабылдайды. Бұл үшін бөлінген мемлекеттік грант – 1 050. Әр жоғары оқу орнына 150 грант қарастырылған. Педагогика бойынша 19 мамандық түрі бар.
Ал «Серпін» бағдарламасына құжат тапсыру үшін ҰБТ-ға қатысып, қажетті ұпай жинау керек. Оған кешенді тестілеуден өткен колледж түлектері де қатыса алады. Естеріңізде болса, жоғары оқу орнына құжат тапсыратын талапкер 4 оқу орнын таңдай алады. Айтқандай, «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскісі келетін түлек жоғары оқу орнын таңдарда 7 оқу орнының бірін белгілеуі тиіс. Сонда ғана бағдарлама бойынша грант иегері атануға мүмкіндік туады.
Жұмыспен қамту орталығын неге пайдаланбасқа?
Мемлекеттің халықты жұмыспен қамту саясатын жастар түгілі, ересектердің өзі ерен қылып, нақты әрекет ете бермейтіні рас. Ал пандемия басталғанда біраз адам ақысыз демалысқа шықты, жұмыстан қысқарып қалғаны бар. Осындай кезде жұрт Жұмыспен қамту орталығына жүгінді.
Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биылдың өзінде 281 мың адам жұмысқа орналасқанын айтты.
«Төтенше жағдай кезінде бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлеген 1 млн 338 мың адам «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпарат жүйесіне енгізілді. Жұмыспен қамту орталықтары оларды жұмыспен қамтуды қарастырып жатыр. Бүгінге 68 949 азамат жұмыспен қамту бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп, 30 325 адам жұмыспен қамтылды», деді министр.
Ендеше жастарға да Жұмыспен қамту орталығының мүмкіндіктерін неге пайдаланбасқа?
Қазіргідей жағдайда Жұмыспен қамту орталығына Enbek.kz сайты арқылы тіркелуге болады. Жұмыспен қамту орталығының жастарға арналған бағыттары бар екенін тағы да қайталауға тура келеді. Мәселен, Жұмыспен қамту орталығы 16 жасқа толған оқушылар мен студенттерді жаз айларында 3 айға қоғамдық жұмыстарға жібере алады. Сондай-ақ Жұмыспен қамту орталығы 6 айға дейінгі мерзіммен оқу бітірген жастарды түрлі ұйымдар мен компанияларға тәжірибеден өтуге жібере алады. Егер азамат тәжірибе кезінде жұмыс берушінің көңілінен шықса, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндігі бар. Осы уақыт аралығында жас маман айына 69 450 теңге көлемінде (25 АЕК) жалақы алады. Жұмыспен қамту орталығында жастардың да алдын ала дайындық курсынан өтіп, әрі қарай өз ісін жүргізуіне мүмкіндігі бар. Кәсіп ашуда азаматқа ең жоғары мөлшерде 19 млн теңге көлемінде микрокредит беріледі. Шағын несие 6%-бен 5 жылға беріледі. 19 млн теңге – 8 мың АЕК-ке тең.
«Жастар практикасы» жобасы не берді?
Кез келген дипломы қолына тиген түлектің көздегені – өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу. Осы түйінді тарқату үшін мемлекет қолға алған жобалардың ішінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бар. Бұл жоба оқуды аяқтағаннан кейінгі 3 жыл ішіндегі және 29 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге арналған.
Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы заңының 7-бабының 6 тармақшасына сәйкес әзірленген.
Ал бұл жоба не берді деген сауал туатыны анық. «Алматы студенттер альянсы» қоры берген қолдағы деректерге сүйенсек, Атырау облысында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында 1 325 адам (2017 жылы – 1 100 адам, оның ішінде – 285 жас тұрақты жұмысқа орналасқан, 2018 жылы – 1 186 жас, оның ішінде 511 жас тұрақты жұмысқа орналасқан) жолдама алып, Жастар тәжірибесін аяқтаған 1 205 жастың 759-ы тұрақты жұмысқа орналасыпты. «Еңбек», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 13 362 жасқа (8 175 ауыл жастары) әлеуметтік қолдау түрлері көрсетіліп, олардың 6 359-ы (64,4%) тұрақты жұмыспен қамтылған көрінеді. 142 жас әлеуметтік жұмыс орындарына, 2 213 жас қоғамдық жұмыстарға орналасқан.
Ал Ақтөбе облысында 2020 жылы 1 шілдеге дейін барлығы 9346 жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде: жастар тәжірибесіне 1337 жұмыссыз жас түлек жіберілді, (оның ішінде ауылдық жерлерден – 727 адам).
Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бірақ бұл жұмыс уақытша. Жобаның ұзақтығы 6 айдан аспайды. Егер практиканы сәтті тапсыра алсаңыз, ары қарай тұрақты жұмысқа орналасуға болады. Бәрі практиканттың жігері мен жұмыс істеу қабілетіне байланысты. Бұл жағдайда да үміткерлер өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталығында өтініш бере алады.
Қатысушының ай сайынғы жалақысы – 70 139 теңге. Жұмыс беруші түлекпен еңбек келісімшартын жасайды. Құжатта екеуара серіктестіктің шарттары көрсетіледі.
Практикадан соң түлектер жұмысқа орналаса ала ма? Әрине, ісіне тыңғылықты түлектердің көпшілігі практика өткен ұйымда жұмыс істеуге қалады. Көп нәрсе үміткердің өзіне байланысты. Егер ол жастар тәжірибесі барысында өзін танытса, жұмысқа тез кірісіп кете алса, оған тұрақты қызметкер ретінде жұмыс ұсынатыны белгілі. Ұсынбаған күннің өзінде де қорқудың қажеті жоқ. Өйткені енді түлекте аз да болса белгілі бір жұмыс өтілі бар.
АЛМАТЫ