• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2020

Жастарды көшбасшылыққа баулиды

584 рет
көрсетілді

Ақтөбе облыстық Әлеуметтік мәселелер және жастар сая­саты департаменті мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті аймақтағы студенттер мен жастарды көшбасшылыққа баулу, студенттер арасында өзін-өзі басқару топтарын ұйымдастыру мақсатында ProActive академиясының негізін қалаған-ды. Жаңа оқу жылының бас­талуымен академияның жұмысы да жаңалыққа толы.

Жоба авторы әрі үйлес­ті­ру­ші­сі Нарқозы Қарт­жанның айтуынша, университеттегі өзекті мәселелерді анықтауды мақсат еткен жоба бүгінде жұмысын бас­тап кеткен. «Қазір жобамызды онлайн да, офлайн да өткізіп жатырмыз. Студенттік өзін-өзі басқару  ұйымдарының көш­басшылары мен ака­де­мия­лық топ басшыларымен  кез­де­сулер өткізіледі. Қазір оқ­шаулану, карантин кезінде студенттердің күнделікті өмірі туралы еркін форматта диалог, студенттік өзін-өзі басқарудағы топ басшының рөлін жетілдіру, па­расаттылық қағидаларын ұс­та­ну, студенттердің бо­йын­дағы өмірлік маңызы бар дағдыларын шыңдау мақсатында жұмыс атқарылып жатыр.  Бұл ретте әр түрлі тренингтер өтті. Жалпы, жобаға офлайн және онлайн форматта университеттің 500-ге жуық студенті қатысып жүр», деді жоба авторы.

ProActive академиясы жұ­мы­сының жарқын нәтижелері карантин кезінде ерекше кө­рін­ді. Облыста Волонтер мектебін ашып, ондағы жастар төтенше жағдай кезінде аймақ тұрғындарына қолғабыс еткен-ді.  «Осы уақытқа дейін жалпы Волонтер мектебі 100-ге жуық волонтер мен 60-қа жуық облыс мектептерінің волонтерлік клуб жетекшілеріне арнап 7 семинар-тренинг өткізді. Бұл еңбек өз нәтижесін берді деп есептеймін. Өйткені төтенше жағдай кезінде еріктілер алдыңғы шепте қыз­мет етіп, өскен өңіріне пайдасын тигізді.

Университеттің тәрбие жұ­мыс­тары жоспарына сәйкес, об­­лыстық жас­тар саясаты мә­се­лелері бас­қар­ма­сы­мен бір­лесе отырып ал­ғаш­қы во­лон­терлік қыз­мет­ті транс­фор­ма­ция­лауға бағыт­тал­ған «Во­лон­тер­лікке жол» форумы өтті. Об­лысымыздың әр ауданынан жиналған 100-ден астам қа­тысушы Ақтөбе өңіріндегі жаңа волонтерлік қызметтің ба­ғыт-бағдарларын айқындады. Ерек­ше атап өтетін жайт, өңір жас­тары «Волонтер жылы» аясында бекітілген 7 волонтерлік бағыт бойынша сарапшылардан кеңес алып, тәжірибесін шыңдады. Сонымен қатар форум кезінде жаңа волонтерлік топтар құрылып, олар еліміздегі шағын гранттардың жеңімпазы атанды. Қатысушылардың барлығы бір ауыздан бұл шараны дәстүрге айналдыру керек деген шешімге келді. Бүгінде алдағы жоспар талқылануда», дейді Нарқозы Қартжан.

Академияның негізгі мақ­са­ты – жастарға заман тала­бына сай дағдыларды үйрету бо­йынша  университет сту­дент­терімен қатар жас маманда­ры­на арнап  «Creativity is a process» жобасын іске қосты. Ұйымдастырушылардың ай­туынша, бұл жоба арқылы Жұбанов университетінде қызмет жолын енді бастаған жас мамандарды диалогтік алаң­ға шоғырландыру, пікір алма­су арқылы креатив шеберха­на­лар жұмысын жүргізу жос­пар­ланған.

«Бүгінде І курс сту­дент­те­ріне арналған мүмкіндіктер мен ресурстар тақырыбында вебинарлар сериясы ұйым­дас­ты­рылуда. Студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының жетек­ші­леріне «Заман талабына сай көшбасшы: үздік студент болу» тақырыбында онлайн тренинг жоспарлануда. Сонымен қатар республикамыздың батыс өңі­рін­дегі оқу орындарының сту­денттік өзін-өзі басқару ұйым­дарының қашықтан ұйым­дас­ты­ру тәжірибесімен бөлісуге арналған диалогтік алаң әрі көпір болатын «Студенттік өзін-өзі басқару – жастардың көш­бас­шылық қасиеттерін дамыту негізі» тақырыбында аймақтық онлайн-семинар өтеді», деді жоба авторы.