Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы КВИ-дың ықтимал жаңа толқынында тұрғындарға психологиялық көмек көрсететін болады. Емханалардың бейінді мамандары осы бағытта жұмыс істеуге жұмылдырылады.
«Қала тұрғындарында КВИ бойынша сұрақтар туындаған кезде халықты толық ақпаратпен қамтамасыз ету үшін емханалардағы Call-орталықтардың жұмысын күшейтеміз. Біздің психологтер халықты толғандыратын сұрақтарға жауап беруге, психологиялық қолдау көрсетуге дайын» деді басқарма басшысының орынбасары Әлия Рүстемова.
Call-орталықтардың телефондары басқарманың, қалалық медициналық ұйымдардың сайтында және әлеуметтік желілерде орналастырылады. Сондай-ақ амбулаториялық көмек деңгейінде пациенттерді оңалту бойынша жұмыс жүргізіледі.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы коронавирустың өршуі жағдайында күзгі-қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Осылайша COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күресудің 3 кезеңіне жоспар құрылған. Бірінші кезеңде 5 медициналық ұйымның базасында 1645 төсектік орын орналастыру жоспарлануда. Сонымен қатар көпсалалы медициналық ұйымдар жедел қабылдау және жоспарлы түрде науқастарды қабылдауды жалғастырады. Екінші кезең бірқатар республикалық клиникаларда қосымша 1500 кереует орналастыруды қарастырады. Үшінші кезең кереуеттерді тек қалалық ауруханалар мен емханаларда ғана емес, сонымен қатар қонақүй кешендері мен жатақханаларда бейімделген бөлмелерде орналастыруды көздейді. Санитарлық дәрігерлердің тексеруінен кейін бірқатар медициналық ұйымдар «ковидтік ауруханаларға» резервте тұр.
«Мұның барлығы 5600-ге дейін жұқпалы төсектік орын орналастыруға мүмкіндік береді, оның 465-і – реанимациялық. Медицина қызметкерлері мен медициналық мекемелердің ауыртпалығын бір уақытта күрт арттыруға жол бермеу керек», дейді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ә.Рүстемова.
Бүгінде 50-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты (оған дейін сондай 200-дей аппарат алынды), 2 компьютерлік томограф (жалпы қала бойынша 19), өкпенің зақымдану пайызын көруге мүмкіндік беретін 7 сандық рентген жүйесі, 3 оттегі резервуары қосымша сатып алынды. Сонымен қатар қаланың емдеу мекемелеріне 500-ден астам оттегі концентраторы, 250-ге жуық өкпені жасанды желдету аппараты, 300-ге жуық флоуметр, 500 көпфункционалды арнайы кереует жеткізілді. Сондай-ақ 1600-ге жуық оттегі нүктесі бар.
Жақын арада медициналық жабдықтардан басқа жылжымалы флюорографиялық кешендер, сандық рентген жүйелері және жоғары дәлдіктегі желдеткіштер де келеді. Қазіргі таңда стационарларды өкпені жасанды желдету аппаратымен қамтамасыз ету шамамен 94%-ды құрайды.