Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясында сөйлеген сөзі Қазақстанның халықаралық қауымдастықты толғандыратын мәселелерден тыс қалмай, өзекті жаһандық қауіп-қатерлердің шешімін табуда белсенділік танытуға дайын екенін анық аңғартты. Бұл ретте еліміз ұсынған бастамалардың тек әлем жұртшылығы емес, отандастарымыз үшін де қаншалықты өзекті екенін саралау маңызды.
Биологиялық қару – ұйқыдағы қауіп
Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда адамзат жылдар бойы жалғасып келе жатқан жанжалдардан бөлек, бір миллионға жуық адамның өмірін жалмаған қауіпті індетпен бетпе-бет келді. Жаһандық пандемия әлемнің әр тұрғынының күнделікті тұрмысын толығымен өзгертіп жіберді. Қарапайым халықтан бастап, ірі халықаралық ұйымдарға дейін алдағы жоспарын қауіпсіздік шараларын ескере отырып бейімдеуге, тіпті кейбірінен бас тартуға мәжбүр. Сөзін дәл осы өзекті мәселеден бастаған Қасым-Жомарт Тоқаев әлемді жаулаған жаһандық пандемияға байланысты биологиялық қаруды бақылау жүйесін әзірлеу және іске қосу мәселесі бұрынғыдан да өзекті болып отырғанын алға тартты. Сол себепті Президент БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің алдында есеп беретін арнайы көпжақты орган – Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құруды ұсынды.
Мұндай ұсыныстың астарында не жатуы мүмкін? Бір қарағанда биологиялық қауіпсіздік қырғиқабақ соғыс, ядролық қару немесе терроризмнен қауіпті болып көрінбеуі мүмкін. Алайда ұзақ ғылыми ізденістен пайда болған мұндай қарудың тұтас бір елдің халқын жойып жіберуге қауқары бар. Осылайша биотерроризм түсінігі туады. Әсіресе емі жоқ аса қауіпті індеттердің өмірімізді қалай өзгертетінін биылғы пандемия анық көрсетіп берді.
Мемлекет басшысының бұл ұсынысы коронавирус инфекциясының жаппай таралуынан туған ой екені даусыз. Десе де бұл бастамаға түрткі болған өз еліміздің тағдыры да әсер еткені анық. Қазақстан Кеңес өкіметі кезінде ядролық қару ғана емес, биологиялық қаруларды да сынауға арналған аймаққа айналған. Өзбекстанмен екі ел шекарасында Арал теңізінде орналасқан Возрождение мекенінде әскери мақсаттағы биологиялық қару мен жабдықтар сыналып келді. Бұл – Кеңес Одағының ең құпия әскери нысаны едi, тіпті, еш картада белгіленбеген. Кейіннен АҚШ Одақтың бұл әрекетін әшкере қылған соң, тез арада Сібір жарасын тудыратын аса қауіпті инфекцияны Арал теңізі маңына көміп, жойып жіберуге мәжбүр болған. Одан бері Арал маңындағы елді мекендердің ахуалына Қазақстан ғана емес, Батыс елдері де қызығушылық танытып, түрлі ғылыми экспедициялар ұйымдастырған-ды. Ел Үкіметі аймақтың эпидемиялық жағдайына байланысты 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын да бекіткен. Ол бойынша Аралдың қазақстандық бөлігін шаруашылық қажеттіліктерге пайдалануға, сондай-ақ болашақта көмірсутек шикізаты кенін өңдеуге жарамдылығын зерделеуге қатысты тапсырма берілген. Зардап шеккен аймақты қалпына келтіру үшін әлі талай жыл керек. Сол сынақтың ізі жер қойнауында қалып кетпесе болғаны.
Бұл – әлемдегі бір ғана елдің мысалы. Осы ретте мемлекеттердің биологиялық немесе химиялық қаруды өндіруін шектейтін халықаралық құжат бар екенін айта кеткен жөн. Қазақстан Президенті ұсынған орган осы Биологиялық қару туралы конвенцияға негізделеді. Бұл келісімді 182 елдің өкілдері қолдағанымен, қаруды өндіруден бас тартуға сөз бермегендері де бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынды. Ол Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын екендігін де жеткізді. Елімізді бұл мәселенің айналып өтпегенін және Арал маңындағы қауіптің әлі де сейіле қоймағанын ескерсек, бастаманың Қазақстан және әлем елдері үшін аса өзекті екеніне көзіміз жетеді.
Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының директоры, академик Зарема Шаукенова аталған үндеудің Мемлекет басшысы ғана емес, халықаралық деңгейдегі саясаткердің жаһандық мәселелерге қатысты көзқарасы екенін атап өтті.
«Бұл – БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің басшысының сөйлеген сөзі ғана емес, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған тұлғаның және халықаралық деңгейдегі дипломаттың көзқарасы. Яғни қазіргі заманғы адамзаттың өткір мәселелерін, әсіресе қауіпсіздік саласындағы адамзат үшін осы бір жанкешті мәселелер туралы толық ақпарат пен терең білімге ие саясаткердің ой-түйіндері» деді З.Шаукенова.
Қазіргідей биотехнологияның қарыштап дамыған заманында адамзатты қандай қауіп күтіп тұрғанын болжаудың өзі қорқынышты. Бұл ұсыныстар алыстағы жаудың алдында қауқарсыз қалмай, қазірден ауыздықтауға мүмкіндік беретін қадамдардың бірі болар еді. Әйтпесе жау жағадан алғанда жағдай қандай болатынын биылғы пандемия дәлелдеп бергендей.
Терроризмнен ада әлем құру өзекті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ мінберінде жасаған үндеуде көтерілген мәселелердің бірі терроризм төңірегінде болды. Діни экстремистік әрекеттерден зардап шеккен, әлі де күресіп жатқан елдер қатары жылдан-жылға азаймай тұр. Қазақстан үшін де бұл түйткілді мәселе екені сөзсіз. Мемлекет басшысы еліміз әйелдері мен балаларын соғыс алаңына айналған Сирия мен Ирактан алып шыққан алғашқы мемлекеттердің бірі екенін баса айтты.
Терроризмнің Орталық Азия қаперінде ұстайтын қауіптердің бірі екенін Белгияның бұрынғы премьер-министрі Ив Летерм де бізге берген сұхбатында айтқан еді. Дегенмен саясаткер Қазақстан үшін бұл қатердің алдын алу қиын болмайтынын айтып, сенім білдірген. Сонымен қатар былтыр елордада өткен «Астана клубы» саяси форумының бесінші отырысында жарияланған «2020 жылы Еуразияға төнетін 10 басты сын-қатер» тәуекелдер рейтингінде терроризмнің жаңа толқыны сегізінші орынға жайғасты. Отандық және шетелдік сарапшылар террорлық әрекеттерге баса назар аудару керектігін бұрыннан айтып келеді.
Жаһандық терроризм индексінің (GTI) мәліметі бойынша соңғы жылдары террорлық әрекеттен қайтыс болған адамдар саны 2014 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмендеген. Алайда кемінде бір адам терроризм салдарынан қайтыс болған елдер қатары сандық есепте артқан. Статистикаға сенсек, террорлық оқиғалар болған елдердің саны 2002 жылы ең көп болған. Ал 2018 жылы екінші жоғарғы көрсеткіш тіркелген. Сол жылы есеп бойынша әлемнің 71 елінде кемінде бір қайғылы оқиға болған.
Қазақстан – терроризмге қарсы күресте халықаралық қоғамдастықтың белсенді қатысушыларының бірі. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің бастамасымен БҰҰ-ның алаңында жаңа құжатқа 70-тен астам мемлекет қол қойған еді. Қ.Тоқаев бұл жолы да өзге елдерді «Терроризмнен ада әлемге қол жеткізу тәртібі Кодексіне» қосылуға шақырды. Қазақстан жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған әр бастамасымен еліміздің асқаралы мақсаттарды көздейтінін, әркім өз қара басын ойлайтын заманда бейбітшілік, татулық ұғымдарын ту етіп ұстағанын, әр азаматтың қауіпсіз әлемде өмір сүруін қамтамасыз етуге барынша әрекет ететінін дәлелдеп келеді.
Су – болашақтың ең қымбат тауары
Алқалы жиында ел Президенті адамзатқа төнген қауіптерден бөлек, өңірлік сын-қатерлерге де тоқталды. Қазақстанның Орталық Азиядағы ықпалы өңірдегі мәселелерді анықтап, оның шешу жолдарын табуда үлкен рөл атқарады. Қазір өңірлік қауіпсіздікте трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңызы ерекше. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік су және энергетикалық консорциум құруды ұсынды. Қазақстан халықаралық ұйымдар мен аймақтағы өзге елдердің арасында қарым-қатынас орнатуда басты дәнекерлердің бірі екені белгілі. Осы ретте Қазақстанның Орталық Азияны дамыту бағытындағы күн тәртібін үйлестіру үшін Алматы қаласындағы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ-ның өңірлік орталығын институтқа айналдыруға ниетті екені де айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың көшбасшылығы тұсында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы онсыз да жемісті ынтымақтастық одан да арта түсетін секілді. Қазақстан ұсынған бастамалардың салмағы мен маңызын ерекше атап өткен отандық дипломаттар БҰҰ мінберінде айтылған ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынына сенім білдірді. Мемлекет басшысы өз сөзінде атап өткендей, болашақ ұрпақтың тағдыры бірінші кезекте ел көшбасшыларының жағдайды түсінуі мен алдағы әрекеттеріне тығыз байланысты болмақ. Сол себепті Қазақстанның болашаққа алған бағыты адастырмайтыны сөзсіз.
Оқиғаға орайлас ой
Адамзат ойланса етті
ХХ ғасырдың адам баласына әкелген ойраны мен қасіреті аз болмағаны анық! Сол ғасырдың дүниесі тек соғысу мен қақтығыстар жасауға бейімделіп дамыған іспеттес. Ең аяғы атом ядросының өзі адамзат баласын қыру мақсатында игерілгені де анық. Қырғиқабақ саясаты тіпті ғылым мен білімді де, ақыл-ойды да, бар ресурстарды да тек соғыс мүддесіне жұмылдырғаны да анық. Ендігі қалғаны – жер әлемдегі халықтың санын азайту екен!..
Президентіміздің: «БҰҰ Жарғысында бекітілген мұрат-мақсаттар бұдан былай кәдеге аспайды деген пікір тарауда. Мен өз елімнің Президенті және БҰҰ-ның бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде бұл көзқараспен мүлде келіспеймін. Бұған қарамастан, біз үміт отын өшірмей, қайта оны лаулатуымыз керек; ортақ мұрат-мақсаттан бас тартпай, оған қол жеткізу үшін күш-жігерімізге тың серпін беруіміз қажет; анархияға жол бермей, халықаралық құқыққа негізделген қоғамдастық құруды жалғастыруға тиіспіз», деген осы бірауыз сөзі қазіргі әлем тағдырын, адамзат тағдырын шешуге деген адал ниетті адал ой деп қабылданса керек-ті!
Дүниенің төрт бұрышында қазіргідей дау мен жанжал, қарулы қақтығыстар мен санкциялар, тіпті жалпы адамзатты қырып-жою, аздырып, тоздыру, ұлттық құндылықтар мен мәдениеттерді аяқасты ету сияқты арам пиғылдар ашық айтылып, етек ала бастаған, бұған қоса және пандемия бір жағынан қауіпті болып тұрған осы бір сындарлы сәтте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақылды да парасатты сөз айтуы орынды болды!
Өз тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында тұрған Қазақ елі осы кезеңде әлемде бейбітшілік пен тыныштық болуына зор үлес қоса білгендігі жер жаһанға аян. Бұл жайында Президентіміз «Соңғы отыз жылда Қазақстан БҰҰ-ның барлық басты органдарында, соның ішінде, Қауіпсіздік Кеңесінде жанжалдарды реттеу, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану, терроризмге қарсы күрес, конфессияаралық және ұлтаралық диалог, теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүддесін қорғау сияқты басымдықтарды дәріптеуге атсалысты», деп бар ақиқатты айта білді. Және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың «өкінішке қарай, өткен 75 жыл ішінде әлемді қайғы-қасіреттен арылтуға бағытталған ортақ мақсаттарымыз бен құндылықтарымызды ілгерілету жолында көптеген мүмкіндікті қолдан жіберіп алдық», деп тағы да бір ақиқатты ашық мәлімдегені кез келген мемлекет басшылары мен саясаткерлерінің есін жинатса еді.
Жабал Ерғалиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Көкшетау