Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Қарағанды облысындағы кәсіпкерлерімен кездесті. Кәсіпорын иелері депутаттармен кездесуде тауарларға ілеспе құжаттар мен басқа да көптеген қағаздарға байланысты шағын бизнес қосымша шығындарға ұшырап келе жатқанын хабардар етті.
«Қазір жаңа салық заңнамасы әзірленіп жатыр және біз бизнесмендердің өзінен ол заңдарды адамдардың бәріне неғұрлым ыңғайлы етіп қалай жасау керектігі туралы пікір сұраймыз», деді сенатор Еділ Мамытбеков.
Кәсіпкерлердің айтуынша, нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес шағын ғимарат салу барысында кәсіпкерге мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасынан хабарлама алуға 1-1,5 миллион теңге жұмсау керек. Ал ол объектінің құрылысы да сол анықтама сияқты сомаға түседі. Кәсіпкерлер сенаторлардан жағдайды анықтап, елдегі шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін кедергілерді заңнамалық түрде жоюды сұрайды.
Сенат депутаты Дәурен Әділбеков өз кезегінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірқатар шараларды атап өткенін еске салды. 2025 жылға қарай елдің ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі 35%-ға жетуі тиіс.
«Қазір өнеркәсіп саясаты туралы заң әзірленіп жатыр. Бүгінгі таңда Қарағанды облысы – өңдеу өнеркәсібінің үлкен көлемі шоғырланған ең дамыған өңірлердің бірі. Тек 9 айдың ішінде облысқа 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Өндіріс көлемі 1,8 трлн теңгеден асты. Бұл өте жақсы көрсеткіш», деді сенатор Сүйіндік Алдашев.
Сенаторлар сонымен қатар аймақтағы бірқатар ірі өнеркәсіп орындарын аралады. Патрон зауытында парламентшілерге бірінші кезекте биылғы жылы іске қосылған тапаншаларға арналған оқ өндірісі көрсетілді. Кәсіпорында жыл соңына қарай екінші кезек – «Автоматты желіні» іске қосу жоспарлануда. Бұл өндіріске 28 миллиардтан астам теңге инвестицияланды.
Депутаттар Қазақстандағы ескі автомобильдерді кәдеге жарату жөніндегі алғашқы зауытта және арматура мен өзге де құрылыс материалдары өндірісінде де болды. Ферроқорытпа зауытында елордалық делегацияға өндірістегі жаңалықтар көрсетілді. Қазіргі заманғы технологиялар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка нарықтарында үлкен сұранысқа ие ферросилиций мен ферромарганецті шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт 1 300-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.
Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Дәурен Әділбеков өңірдегі кәсіпорындардың басшыларына айтылған барлық мәселелер мұқият қаралып, зерделенетінін айтты.
«Сенат депутаттары барлық сындарлы ұсыныстарды, оның ішінде Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру және құқықтық реттеу мәселелері бойынша парламенттік тыңдауларда қарайтын болады және қажет болған жағдайда заңнамаға өзгерістер енгізіледі», деді Дәурен Әділбеков.
Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және дамыту үшін ел Үкіметіне ұсыныстар әзірлеуге ниеттеніп отыр, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.