Бұған дейін де баспасөз брифингін өткізіп, Еуропа мен Азия елдерінде індет қайта өрши бастағанын еске салған профессор Алмаз Шарман COVID-19-бен ауырып тұрғандар міндетті түрде маска тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауы керек дейді. Бұл арада Алмаз Шарман оңтүстік жарты шардағы Аргентина, Чили, Оңтүстік Африка, Аустралия сияқты елдердегі жағдайды айтып отыр. Оларда қыс өтіп, көктем мезгілі басталды.
Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман: «Антиденелердің болуы науқастарға шараларды сақтамауға, маска тақпауға және қашықтықты сақтамауға құқық бермейді. Барлығы сақтық шараларын сақтау керек. Қайта ауыру қаупі болғандықтан емес. Әрине, иммундық қорғаныс, антиденелер пайда болады. Антиденелер ғана емес, сонымен қатар жасушалық иммунитет дамиды. Бұл иммунитеттің бір-екі жылға жетер-жетпесі әлі белгісіз. Мүмкін, екі жылға жетеді, мүмкін, одан да көп шығар. Ғалымдар бұл мәселемен айналысуда, сондықтан нақты тоқтам жоқ», деді.
А.Шарман COVID-19 науқастарына аурудың ағымына қарамастан симптомдық, симптомсыз болса да маска тағуды жалғастыруды, қашықтықты сақтауды ұсынады.
Ал Еуропа мен Азия елдерінде індет қайта өрши бастағанына байланысты Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті «Індетті сәтті жеңіп шыққан Жаңа Зеландия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдер бар. Бірақ Италия, Испания, АҚШ сияқты елдерде өлім-жітім мен індет жұқтырғандар көп болды», деді.
Алматылық профессор адамзат қазір «ковидтен кейінгі жағдай» жаңа құбылысымен бетпе-бет келіп жатқанын алға тартты. Covid-19-бен ауырған науқастарда біраз уақыттан кейін басқа асқынулар пайда болады. Бұл әлсіздік, созылмалы шаршау синдромы, неврологиялық, жүрек және басқа белгілер.
«Бүкіл әлем дәрігерлері өте маңызды, кең ауқымды проблемаларға тап болды. Сондықтан күзгі-қысқы маусымда және болуы мүмкін коронавирустың екінші толқынына адамдар бейғам қарамауы керек», дейді профессор.
Алдағы күндердегі Қазақстандағы жағдай өзімізді қалай ұстайтынымызға, қалай сақтайтынымызға байланысты.
Алматыда коронавирустан кейін оңалту қызметін қалай алуға болатыны туралы айта кетелік.
Арнайы онлайн-сұхбат барысында №4 қалалық емхананың бас дәрігері Зухра Омарова медициналық оңалту орталығында кардиология, неврология және нейрохирургия, травматология, ортопедия бағыттары бойынша 3 кезеңнен тұратын амбулаторлық оңалту жүргізіліп отырғанын хабарлады. Соның ішінде перинаталдық зақымдану салдарынан орталық жүйке жүйесі зақымданған балаларға қызмет көрсетіледі. Пациенттерді жалпы тәжірибедегі учаскелік дәрігердің жолдамасы бойынша МӘМС және амбулаторлы-емханалық көмек аясында қабылдайды. Қазіргі уақытта коронавируспен ауырғандар үшін белсенді түрде оңалту жүргізілуде: оксигенотерапия, арнайы дренажды массаж, тыныс алу гимнастикасының белгілі техникалары, емдік дене шынықтыру жүргізіледі. Сонымен бірге психологиялық және әлеуметтік бейімдеу көмегі көрсетіледі.
«Бронх-өкпелік жүйе ғана емес, сондай-ақ жүрек-қан тамыры жүйесіне зақым келгеннен кейін мамандар тыныс алумен ғана емес, бүкіл ағзамен біртұтас жүйе ретінде жұмыс істейді. Орталықта қалпына келтіру медицина дәрігері, реабилитолог, кинезитерапевт, эрготерапевт, дипломды ине терапевті, логопед-дефектолог, психологтар, әлеуметтік қызметкер, массаж жасаушы маман, емдік гимнастика және тыныс алу гимнастикасы бойынша инструкторлар қызмет етеді. Сонымен бірге физиотерапия, парафинотерпия, ине терапиясы, галотерапия, яғни тұзды шахта жасалады», деді бас дәрігер Зухра Омарова.
АЛМАТЫ