Өткен аптада Елбасы кітапханасының музейі жаңа ғимаратқа көшті. Есілдің сол жағалауындағы Елбасы кітапханасымен жапсарлас орналасқан салтанатты ғимаратқа арнайы барып, сәулет симфониясы іспетті келісті музейді аралап көрдік. Азат елдің айғағындай әрбір құнды жәдігерге тоқталған сайын өткенімізді ойша саралап, тәуелсіздігімізге тағы бір тәубе дедік.
Музей мекеннің ішкі көрінісі ұлттың ұлағатты бітім-болмысын бір арнаға тоғыстырғандай таным мен тәлімнің таралғысы іспетті екен. Қазақтың тәуелсіздік жолында қаз-қаз басқан қарлығаш қадамы сәулетшінің қиялымен астасып, көзкөрген естеліктермен көмкеріліпті. Заман талабына сай инновациялық технологиялармен қамтылған ғибратты ғимарат тәуелсіз еліміздің тарихын Елбасы тағдырымен сабақтастыра көрсетуге тырысқан. Сондықтан шежірелі шаңырақты Елбасы еңбегінің жылнамасы ғана емес, егемен еліміздің де тағылымды тауарихы деп қабылдадық.
Әсем қаламызда жаңа ғимарат бой көтерген сайын осынау құйқалы жер, қасиетті өңірге келешек ұрпақтарының қамын күйттей қоныс тепкен байрақты бабалардың рухына мың да бір тағзым етеріміз бар. Жарасымды жұрттың дәуірнама көкжиегіндегі салтанатты көші уақыт тезінде сағым қуып қала бермей, болашақпен астасып, бағын тапты, тың өріс ашты. Жол білгеннің керуенге жалтақтамасын айғақтаса керек мұның өзі. Қол жетерді ғана місе тұтпай, көңіл шарлар көп шаруаларды шырайландырып кете барар небір атпал азамат, ардақ бейнелер жүрекке қонды. Ұршықтай айналған дүние уысымыздан сырғып кетер сын сағатта жүрек құтысында өнген үкілі үміт желкенін қайта көтерді.
Бір адамның ғұмырында халық үшін істеген, өзінің арман мұраты жолында тындырған шаруаны сырт көз болып саралайтын болсаң кез келген халық құрметіне бөленген тұлғаның табандылығын, зор мүмкіншілігі мен күш-қуатын аңдап, еріксіз таңданасың. Тұғырлы тұлғаның қырық қатпарлы, алуан астарлы адамгершілік қасиеттерін, азаматтық ажарын, кісілік келбетін ашу үшін теңіздей терең ойдың өткелін кешесің. Жүріп өткен өмір жолдарының сүрлеуі, еткен еңбек, төккен терінің дерегіне көз жүгіртесің. Білгенің мен көңілге түйгеніңді ой таразысында салмақтайсың. Сосын барып босағасына қарлығаш ұя салғанда самырсынның тамырындай білеуленген салалы саусағын көкке жайып, ұлтын ұлықтайтын перзент тілеген данагөй халықтың дұғасының қабыл болғанына сүйінесің. Бұл – тұлға пәлсапасын төбеге көтерген текті ұлттың саясат сахнасындағы тарихи рөлі.
Кең залдарға көшкен бірегей жәдігерлерге қарап, туған жердің саумал самалымен тыныстап, асқар таулардың мұсатыр мұзына мейірлене қарап, сол мұздақтардан жылыстап шыққан мөлдір суға жүз шайып, емін-еркін арқаны кеңге салғандай күйге бөленесің. Кең даланың қасиетті пұшпағына табан тіреп тұрып өткен өмірге, ел дегенде ерен күшпен іс тындыруға ұмтылып, қасиетті Отанның текті тегершігіне айналуды мақсат тұтқан сонау жылдарға ойша сапар шегесің...
Өмір өткелдерінен өнегемен өту үлкен жауапкершілік пен ауыр міндет жүктейтіні белгілі. Мәңгілік ел боламыз деп белді бекем буып, сан ғасырғы тарихымызды түгендеп, алмастың жүзінде, найзаның ұшында жарқылдаған рухымызды мың түлеткен бүгінгі шақта Алаштың ардақтысы осындай парасатты пайым жасаса керек. Өйткені ол аманат арқалап, туған елдің түтінінің түзу ұшып, тұрмысының жандануына, ел еңсесінің тік келіп, рухының бекем, Отанының тәуелсіз де ғұмырлы болуы үшін аянбай тер төкті. Екі ғасыр айрығында қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін салтанатпен жариялап, азат елдің берік негізін қалады. Тарау-тарау тарих толқынында текті жұрттың көшін бастап, қиындығын кәтепті қара нардай қайыспай көтерді. Келелі кешеннің әр баспалдағы содан хабар беретіндей.
Кітапхана музейінің алғашқы қабатында түрлі экспозициялар, көрме залдары, музей қорының қоймалары, архив, кітапхана мен интерактивті оқу залы орналасқан. Бұл көпшілікке көмескі-ау деген сондай бір қағаберіс қалтарыстарға әлсін-әлсін үңіліп, әр кезде оған жақын жүргендердің жадысын қайта жаңғыртып, азаматтық ой-пікірлерді толықтыра түсуге ұрпаққа өнеге, ұлттық ғибрат сыйлайтын құндылықтар коллекциясы. Екінші қабатта конференция залы бар. Бұл зал музей кеңістігінде әлемнің ірі музейлері мен Еуропа мен Азиядағы белгілі галереялардың көрмесін астанада ұйымдастыруға жол ашып тұрғандай. Ал соңғысында коворкинг орталығы мен әкімшілік кеңселер топтасқан. 7 бөлімнен құралған экскурсия туры инсталляцияларды, 3D голография мен электронды карталарды, mapping-шоу мен touch-мониторларды, медиа үстелдерді қамтиды. Электронды экрандар арқылы елордамыздың 25 жыл бұрынғы келбетін көріп, бүгінімен салыстыра қарауға болады.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде президенттік кітапхана мен мұражай құру кеңінен таралған игілікті іс. Мәселен, алпауыт Американың билігін қолына ұстаған мемлекет қайраткерлерінің ел басқарудағы сара жолынан сыр шертер кітапханалары бар. Еуропада да осындай ғибратты ғимараттар аз емес. Ал посткеңестік кеңістікте мұндай мекемені Ресей мен Әзербайжанда кездестіруге болады. Атап айтқанда, Ресейде Борис Ельцин орталығы, ал Әзербайжанның Бакуде 1993-2003 жылдары ел Президенті болған Гейдар Әлиевтің мәдени орталығы, қоры және музейі жұмыс істейді.
Күрсініспен өткен күннің бәрі жылдар алмасқанда өміріңнің толғана отырып термелей жеткізер ең нұрлы естеліктері емес пе? Кімде-кім сол тарихтың бал тұнбасына бас қойса, онда өмірлік рухани шөлден ада болары хақ. Содан ба, мұражайда адам бойына жан бітіріп, ішкі толғаныстарын тудыратын үлкен құбылыс бар. Құдды жер ғаламшарының магнитті өрісі тәрізді. Өзіне қарай тартады да тұрады.
Елбасы «Ұлы дала ұлағаттары» атты кітабында: «Өткен күндердің жылнамасы да адамдардың өмірбаяны секілді. Шаттанған шағың, ренжіген сәттерің, үкілеген үміттерің мен асқақ армандарың, міне, осының бәрі – ғұмырнама тарихы. Еліңнің тарихы. Мемлекетіңнің тарихы. Сол тарихқа тікелей өзің араласқаның, сан қилы сын сағаттарда шешім қабылдағаның, талай іс-шараларға куә болып, халқың үшін қуанғаның, елің үшін еткен еңбегіңнің нәтижесін көргенің – бәрі жадыңда жатталып, санаңда сақталып, жүректің жазбасына түседі», деген болатын. Елбасы кітапханасындағы музей де осы жүрек жазбасындағы тәуелсіздіктің тағылымды тарихы іспетті көрінді бізге.
Ақиқаты сол, тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Елбасы әр сөзінде бұл ойын түрлі мысалдармен сабақтастырып, өзінше өрбітіп отырады. Мәселен, елдің іргесін бекемдеп, қабырғасын қатайтып, мәртебесін мойындату үшін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемнің 71 мемлекетіне барып, жалпы саны 534 шетелдік іссапарға шығыпты. Жеті жүзден астам халықаралық беделді форум мен алқалы жиынға қатысып, баяндама жасапты. Бұлардың арасында әрине Біріккен Ұлттар Ұйымы сынды биік мінберлер мен мемлекет басшыларының саммиттері де бар. Айтуға ғана оңай, әйтпесе әр сапардың салмағы мен әрбір кездесуде көтерілетін күрмеуі қиын сұрақтарды есепке алсақ, ел мүддесі жолында жасалған бұл жүздесулердің жеңіл болмағаны әмбеге аян. Міне, мұражайды тамашалаушылар сыршыл суреттерге үңілгенде алдымен осыған көз жеткізері шүбәсіз шындық. Сол сияқты музейде тәуелсіздіктің тартуын – байрақты бәсекелерде топ жарған спортшыларымыз бен еліміздің даңқын асырып, абыройын асқақтатып жүрген тұғырлы тұлғаларымыздың мерейлі мезеттерінен сыр шертер жәдігерлерді көріп, көңіл марқайды.
Ғасырлар бойы қасірет пен қайғының кермек дәмін татып, андағайлап келген дұшпанына аруақтанып қарсы тұрған, сан шайқаста бел бермей бәсі жоғары түскен, айбыны асқан қазақ халқының рухани шөлін қандырған бір ұлы құндылық бар. Қай ғасырда болмасын біздің жоралғы жұрт сол құндылықтың өрісін алысқа тартып, шет кетпеген. Кешегі найза ұшында намысы жарқылдаған дәуірлерді шолғанда, орта ғасырларда Отырардан шыққан ойшылдар мен одан бергі алмағайып тұсты сөз етерде, Абай мұңы мұздақтарды жібіткенін жарыса жазғанда, Елбасының ұлы мұрат жолындағы еңбегін ойға алған сәтте де мазмұнды мұражай өмір ұзартар Әбілхаят суындай рух пен руханиятқа қызмет етері сөзсіз.