Қостанай облысында жыл басынан бері қос азаматтығы бар 300-ден астам азамат анықталған. «Екі жеп биге шыққан» ептілердің біразы ондаған жылдар бойы екі мемлекеттен зейнетақы алып келген. Көші-қон департаментінің бастығы Қайрат Дүтпаевтың айтуынша, таяуда тағы 27 тұрғынның қос паспортпен жүргені әшкереленіп отыр.
Еліміздің бас заңындағы 10-баптың 3-тармағында Қазақстан азаматының басқа елдің азаматтығын алуына тыйым салынатыны аққа қара жаққандай ап-анық жазылған. Бұл кісілердің аты-жөндерін атамай-ақ қояйын, көбі егде тартқан кісілер. Олар заңды белден басып, жазалы болғандарымен қоймай, Елбасы мен Президенттің атына хат жолдап, шағым айтуда. Мазмұны «Мен тың игеру басталғалы Қазақстанда еңбек етіп келемін. Ата-бабам да осы жерде өмір сүрген. Мұнда пәтерім, көлігім бар. Ал көші-қон қызметі мені азаматтығымнан айырып, елден қуып жібермек. Әділдік қайда? Мен Қазақстанның азаматымын. Ешбір кінәм жоқ, судан ақ, сүттен тазамын. Иә, тоқсаныншы жылдардың басында керек болып қалар деп өзіме Ресейдің паспортын ресімдеп алғанмын. Ол кезде аумалы-төкпелі заман еді, жағдай түсініксіз болды. Жаман айтпай жақсы жоқ, заман олай-бұлай болып кете ме деп осындай сақтық жасағаным рас. Қазір көші-қон қызметі мені Қазақстан азаматтығынан айырып отыр. Заңды мәртебемді қайтарып беруіңізді өтінемін. Ал Ресей паспортын қазір-ақ лақтырып жіберуге дайынмын» дегенге саяды, – деді Қайрат Дүтпаев.
Әйтеуір байбалам салуға шебер қос азаматтығы барларға көші-қон қызметі «азаматтығынан ешкім де айырылмайтынын, бұл тек ерекше жағдайларда ғана сот арқылы қабылданатын шара екенін» түсіндіріп әлек. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі заманның өткеніне 30 жыл болды. Осы уақытқа дейін екі елдің азаматтығын астыртын еншілеп, айына Қазақстаннан бір, Ресейден екі зейнетақы алып келген азаматтардың заңға қайшы әрекетін қалай бағалауға болады? Осы топырақта өсіп-өніп, еңбек етіп, осы елдің игілігін көріп отырған мұндай азаматтарды қара басының қамы үшін өз отанын алдаған әккі алаяқтардың қатарына қосудан басқа шара жоқ.
Көші-қон қызметі басшысының сөзінше, қосмекенділер шекарадан әрі-бері өтемін деп жүріп әшкереленеді екен. Мұндай азаматтар туралы ақпараттар бізге көбіне шекарашылардан келіп түседі. Мәселен, азамат былтыр шекараның арғы бетіне қазақстандық төлқұжатпен өтсе, биыл ресейлік паспортпен өтеді. Қос азаматтық фактілерін анықтауға нотариустар да көп көмектеседі. Олар қандай да бір келісімшарттарды ресімдеуге келген азаматтардың қос құжаты бар екенін электронды база арқылы анықтайды. Кейде ресейлік әріптестерімен құжат салыстырған зейнетақы қорының қызметкерлері де қос азаматтықта жүрген адамдарды анықтап жатады. Қазіргі цифрлы әлемде бір нәрсені жасырудың мәні жоқ. Кез келген құпияның әйтеуір бір ашылатын кезі болады. Мұндай пайдакүнемдер екі жеп ұтамын деп жүріп, өз азаматтығынан айырылып қалуы мүмкін. Ал біздің міндетіміз – азаматтығынан айырылғандарды тіркеп отыру ғана. Айтпақшы, Қазақстанда қос азаматтығы әшкереленгендер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, ал Ресейде мұндай азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, – деді Қ.Дүтпаев.
Қостанай облысы