Елбасы бүгінде салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан жасампаз ұрпақ ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс екенін айтты. Бұл туралы ол "Egemen Qazaqstan" газетінде жарияланған "Абай аманаты" атты мақаласында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Абай заманында толық бодандыққа душар болған қазақ жері бұтарланған, бөлшектелген. Қармайтын тал қалмай, ел тұңғиыққа сүңгіген. Кезінде төрткүл дүние тарабын тоғыстырып, Алаш жұртының айбынын асырған, мәңгілік ұйытқысына айналған кіндік шаһар – Түркістан өз мәртебесін жоғалтқанына біраз уақыт өткен. Шын мәнінде, Абайдың иек артып, тәу етіп баратын астанасы да жоқ еді. Елдікті аңсаған, бірлікті көксеген данышпан үшін мұнан артық қасірет табылмас", делінген мақалада.
Осы орайда Елбасы бүгінгі күні әлемді аузына қаратқан салтанатты елордасы бар егемен мемлекетте өмір сүріп жатқан оның жасампаз ұрпағы мұндай ұлттық шексіз құндылықтың қадірін біліп, маңызын түсінуге тиіс екенін атап өтті.
"Абайдың осы арманының орындалғанына, Есілдің жағасында еңселі байтақ қаланың ірге теуіп, бой көтеруіне мұрындық болғаныма мың да бір шүкіршілік етемін", деді Н.Назарбаев.