Ресейдің Қостанай облысымен іргелес аймақтарында эпидемиялық ахуал мәз емес. Жергілікті денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Челябі облысында 5 қазанда 94 адамнан короновирус анықталған. Оның жетеуі – мектеп жасындағы балалар. Дәл осы күні «Вечерний Челябинск» газетінің тілшісі, журналист Барлық Әлмағамбетов 55 жасқа қараған шағында COVID-19 індетінен көз жұмды. Қорған облысы да Қостанай өңірімен шекаралас жатыр. Бұл облыста кеше 55 адамнан COVID-19 анықталды.
Қазір екі ел арасындағы жол қатынасы саябырсып, шекара жалпыға жабық тұрғанымен, арғы-бергі бетте туысы барлар мен студенттерге, емделіп, ота жасатушылар мен жүк көліктеріне жол ашық. Қостанай облысынан Ресейге шығатын бас қақпа – «Қайрақ» шекара бекеті қызметкерлерінің мәліметінше, шекарадан күніне 1 мыңға жуық автокөлік, 1500-дей жолаушы өтеді. Ары-бері ағылып жатқан транспорт құралдарының 90%-ы – жүк көліктері. Бұл көліктердің басым бөлігі Қостанайға соқпай, айналма жол арқылы өткеннің өзінде, індеттің таралу қаупі бар екенін жоққа шығаруға болмайды.
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов кеше ғана індеттің таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысын өткізіп, облыста короновирусқа қарсы күрес шаралары жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда аймақта қабылданып жатқан сақтық шараларына қарамастан, тұрғындар мен бірқатар мекемелер тәртіпке бойсұнбай отыр. Полицияның мәліметінше, рейд шаралары барысында облыста 5 мыңнан астам санитарлық-эпидемиялық талаптарды бұзу дерегі тіркелген. Нәтижесінде, 1221 хаттама толтырылып, жалпы сомасы 61,5 млн теңге болатын 841 айыппұл салынған.
6-қазаннан бастап Жітіқара ауданындағы «Желқуар» шекаралық комендатурасында санитарлық бекет қойылып, Ресейден бері өткендердің міндетті түрде қызуын өлшеп, сауалдамадан өткізу шаралары қолға алынды. Сондай-ақ Жітіқарада осы күннен бастап 40 орындық карантиндік стационар жұмыс істей бастады. Бұл туралы аудан басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жазды.
Жаңа инфекциялық орталық аурухананың құрылысы аяқталды
Қостанайда аз уақытта бой көтерген инфекциялық аурухана 10 қазаннан бастап жұмыс істей бастайды. Коронавирус жұқтырған науқастар жататын бұл аурухананың заманауи емдеу құрылғыларымен қамтылған зертханасы, диагностика орталығы, хирургия бөлімі бар. Инфекциялық орталықтың басты ерекшелігі – мұндағы науқастарға арнайы қондырылған планшеттер арқылы қашықтан бақылау жасалады.
– Бұл COVID-19-ға қарсы күрес шаралары аясында салынған көпсалалы инфекциялық аурухана. Мұндағы әрбір төсекте оттегіге қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ біз мұнда BMS жүйесін енгіздік. Яғни дәрігерлер енді науқастың жай-күйін планшет арқылы қашықтан-ақ тексеріп, қорытынды шығара алады, – деді жоба жетекшісі Айдан Нарымбаев.
Инфекциялық орталық 200 науқасқа шақталған. 20 орындық жан сақтау бөлімі, эндоскопиялық және ультрадыбыспен емдеу бөлімі тағы бар.
– Мұнда бір орындық және екі, үш орындық палаталар бар. Облыстық аурухана дәрігерлер мен медбикелерді дайындап жатыр. Инженерлік құрам жасақталуда, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вячеслав Дудник.
Жаңа аурухананы таза және лас аймаққа бөліп тұратын 8 модуль қарастырылған. Орталық ғимараттарының қос қапталында бір-біріне қарама-қарсы орналасқан екі есік бар. Коронавирус жұқтырып, ауруханаға жеткізілген науқастар бірінші есіктен кіреді. Ал дертінен айыққан адамдар ғимараттың екінші жағындағы басқа есіктен шығады.
Бір қабатты аурухана ғимаратының жалпы ауданы 6800 шаршы метр болады. Айдан Нарымбаевтың айтуынша, мұнда ауаны тазартып отыратын кері желдеткіш орнатылған. Яғни палатадағы лас ауа дәлізге шықпайды. Ауруханадағы барлық ауа арнайы зарарсыздандыру құрылғысы арқылы сүзгіден өтіп, тазартылған күйде далаға бөлініп шығады.
Айына 5 млн маска тігетін жаңа кәсіпорын ашылады
Қостанайда біртағар бетперде шығаратын өндіріс орны іске қосылады. «Вадиса М» серіктестігіндегі екі бірдей жаңа желі минутына 160 медмаска тіге алады. Айына 5 млн қорғаныш құралын шығаруды көздейтін кәсіпорын таяуда ғана алғашқы өнімін шығарды. Серіктестіктің бас есепшісі Валентина Гавриленконың айтуынша, әр масканың бағасы 40 теңгенің төңірегінде. Қазір кәсіпорын өндірісті қосуға рұқсат беретін құжаттарын реттестіріп жатыр. Сертификатқа қол жеткізген соң, бірден іске кіріспек.
Әсіресе облыс тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аса маңызды. Жедел штаб жанынан құрылған мониторинг тобы дәріханаларға препараттардың келіп түсуін күн сайын қадағалап, дәрі бағасының қымбаттамауын қатаң бақылауға алған. Облыста тұрақтандыру қоры құрылып, дәрі-дәрмек жеткізушілермен жұмыс жанданды. Сондай-ақ фармацевтикалық мекемелерге 300 млн теңге көлемінде қайтарымды қаржылай көмек көрсетілуде. Қазір облыста COVID-19-дан емдеу хаттамасына енетін бактерияға қарсы препараттар мен антикоагулянт, кортикостероид сияқты дәрі-дәрмектің екі айлық қоры бар. Пандемияның екінші толқыны бұрқ ете қалған жағдайда пайдаланылатын жеке қорғаныш құралдары да жеткілікті.
– Негізгі дәрі-дәрмек қоры үнемі еселеніп отырады. Дәріханаларды қажетті дәрілік препараттармен және жеке қорғаныш құралдарымен толықтыру жұмыстары жалғасатын болады, – деді А.Мұхамбетов.
7 млрд теңге бөлінді
Өңір басшысының айтуынша, облыстағы COVID-19-ға қарсы күрес шаралары аясында биыл медициналық жабдықтар мен санитарлық автокөліктер сатып алуға шамамен 7 млрд теңге бөлінген. Мұның сыртында, 79 жасанды тыныс алу құрылғысы сатып алынған, таяуда Қазақстанда шыққан тағы 85 ЖТА аппаратын жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінде облыстағы емдеу мекемелерінде өкпеге жасанды жолмен ауа жіберетін жалпы саны 267 аппарат бар.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазан айының соңына дейін облысқа 15 цифрлы рентген жүйесі жеткізіледі. Оның 10-ы Қазақстанда жасалған. Сондай-ақ 4 компьютерлік томограф, 1 МРТ, су тазартатын 7 гемодиализ аппараты әкелінеді.
– Мұның сыртында, 10 қазанға дейін 360 перфузор мен инфузоматтар, басқа да медициналық жабдықтар мен қанды гемосүзгіден өткізетін 3 құрылғы келеді, – деді басқарма басшысы В.Дудник.
Аймақтағы 856 орынға арналған 4 ірі стационарда оттегі желілерін монтаждау жоспарланып отыр. Бүгінде медициналық мекемелердің балансында 600 оттегі концентраторы бар.
Жылжымалы диагностикалық кешенмен қамтамасыз етіледі
Диагностикалық медициналық кешенмен қамтылған арнайы көліктер Қостанай машина жасау зауытында құрастырылады. Алғашқы екі көліктің кілті Қостанай және Федоров аудандарына табыс етілді. Зауыт мұндай медициналық құрылғылармен жабдықталған жүздеген автобусты еліміздің өзге аймақтарына да жөнелтпек. Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаеваның сөзінше, мұндай автобустар Қарағанды облысынан өзге өңірлерде жоқ екен.
Зауыттың арнайы коммерциялық техника жобасының жетекшісі Алексей Левашкин жылжымалы диагностика кешендеріне таяуда ғана тапсырыс түскенін айтады.
– Тамыз айында біз Денсаулық сақтау министрлігінен заманауи жылжымалы медициналық кешеннің жобасын әзірлеуге тапсырыс алдық. Міне, көп кешікпей «Yutong» серіктесімен туристік автобус базасында заманауи жылжымалы кешенді ұсынып отырмыз. Медициналық кешен «Yutong» маркалы қалааралық автобусының негізінде құрастырылды. Автономды жылыту жүйесі, кондиционері бар. Автобуста жеті кабинет жұмыс істейді. Оның ішінде терапиялық және акушерлік-гинекологиялық кабинеттер арнайы құрылғылармен жабдықталған. Қосымша зертхана орталығы да бар, – деді А.Левашкин.
Жылжымалы кешенде қан сараптамасын сақтауға арналған тоңазытқыш, созылмалы жұқпалы емес ауруларды ерте анықтайтын кешенді құрылғы орналасқан. Ем-дом жасауға қажетті мүмкіндіктің бәрі қарастырылған.
– Бүгінде Қостанай ауданында 70 мыңнан астам халық тұрады. Біз баратын ең шалғай ауыл Тобыл қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұрын біз шалғай ауылдарға жүк көлігімен баратынбыз. Қыста тоңып жетеміз және науқастарды тексеретін құрылғылар саны да шектеулі болатын. Ал бұл көліктің басты ерекшелігі, мұнда тұрғындарға көптеген зертханалық тексерулер жүргізуге болады. Рентген мен флюорографиядан өткізуге де мүмкіндік бар. Оған ЭКГ мен УДЗ-ны қосыңыз, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Сарлыбек Мещанов.
Заманауи жылжымалы диагностикалық кешеннің ұзындығы – 12 метр. Медавтобустың мүмкіндігі шектеулілерге арналған жылжымалы сатысы бар.
Таяу күндері мұндай кешендер тағы 10 ауданға жөнелтілмек.
Қостанай облысы