Қаңтар-тамыз аралығында елімізде қазақстандық және шетелдік төлем карталары арқылы қолма-қол қаражат беру 10,4 трлн теңгеге жетті. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткіш айтарлықтай өзгермеген. Өсім – 0,1%. Бұл туралы Ranking.kz порталы хабарлады.
Бұл ретте төлем карталарымен жиынтық айналымнан қолма-қол ақшаны алу үлесі республика аумағында 59,9%-дан 35,8%-ға дейін қысқарып, керісінше ақшасыз есеп айырысудың көлемі артты. Осыдан 5 жыл бұрын қолма-қол ақшаны алу көрсеткіші айналымның 90%-нан асып тұрған еді.
Карталар арқылы қолма-қол қаражатты шешу көлемінің қысқаруы үш өңірде байқалып, қалған аймақтарда жылдық өсім 0,9%-дан (Маңғыстау облысы) 27,7%-ға дейін (Алматы облысы) жеткен.
Алматы шаһарында керісінше қолма-қол ақшаның көлемі минус 28,2%-ға дейін азайып, едәуір қысқару тіркелген. Алайда бұған қарамастан, дәл осы қаржы орталығына өңірлер арасындағы қолма-қол қаражатты алудың ең үлкен үлесі тиесілі (2,1 трлн теңге).
Қазақстанда төлем карталарындағы қаражат көбінесе банкоматтар арқылы алынады. Мәселен, қаңтар-тамыз айларында оның көлемі 9,6 трлн теңгені құрап, былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 10,6%-ға көбейді.
Коронавирус пандемиясы мен еліміздегі екінші деңгейлі банктердің шектеулі жұмысының салдарынан бөлімшелердегі POS терминалдар арқылы қаражатты алу 2 есеге қысқарды. Сәйкесінше, қолма-қол ақша алудың жалпы көлеміндегі банкоматтардың үлесі 83,6%-дан 92,4%-ға дейін өсті.
Бірінші жартыжылдықтың соңына қарай алғаш рет республика аумағындағы банкоматтар саны 12 мыңнан асып, 2019 жылмен салыстырғанда 10,8%-ға артты. Өсім Cash-in қызметі бар құрылғылар санының 36,4%-ға, яғни 4,9 мыңға дейін ұлғаюымен байланысты. Оның көлемі банкоматтардың жалпы санынан бір жыл ішінде 33%-дан 40,6%-ға дейін өскен.
Ал ақшаны тек беру функциясы бар құрылғылардың саны, керісінше 1,7%-ға, атап айтқанда 7,2 мыңға дейін азайған. Төлем картаның иелері әмбебап құрылғыларды пайдаланғанды құп көреді. Өз кезегінде банктер клиенттердің сұраныстарын қанағаттандыруға тырысып келеді.
Барлық банкоматтың үштен бірі Алматыда (2,3 мың) және елордада (1,5 мың) шоғырланған. Сол секілді мыңдаған шағын банкомат Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Қарағанды аймағында орналасқан.