Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты бірқатар тапсырма берген болатын. Соның ішінде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан азаматтар өзінің жинағының бір бөлігін тұрғын үй мәселесін шешуге, емделуге және басқа да зейнетақы басқару компанияларына инвестициялау үшін аудару мүмкіндігіне халық біраз қызығушылық танытып, бұл мәселе қоғамда жиі талқыланды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағының бір бөлігін шешуге мүмкіндік беретін жеткілікті шекке қатысты пікір білдіріп, бұған еңбекке қабілетті, яғни зейнет жасына жетпеген, аталған қорда жинақтары бар азаматтар ие болатынын айтқан еді.
«Олар өздерінің жеткілікті шегінен асатын қаражатын толығымен аталған мақсаттарға пайдалана алады. Бұл тұрғыда негізгі мәселе – жеткілікті шек. Ол не үшін белгіленеді, қалай есептеледі? Біріншіден, елімізде 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген. Әр азамат өз жалақысынан 10 пайыздық жарнаны қорға аударып келеді. Осы орайда зейнетке жеткен азамат үшін зейнетақы алудың үш көзі қалыптасқан. Бұл тұрғыда мемлекеттік бюджет есебінен жасына келген зейнетақы және базалық зейнетақылық төлем, сондай-ақ зейнетақы жинақтаушы қорынан жиналған қаржы есебінен зейнетақы қамтылған. Бұл реформа 1998 жылдан басталғанын ескерсек, жылдар өткен сайын зейнетақы жинақтаушы қорынан алатын зейнетақының үлес салмағы да өседі. Болжам бойынша 2040 жылдан кейін зейнет жасына жеткен азаматтар үшін жинақтаушы қордан алатын зейнетақысы негізгі көзі болады. Сондықтан жинақтау жүйесінің негізгі мақсаты – азаматтар өзіне зейнеткерлікке қаражат жинайды. Осыған байланысты болашақта зейнетақыға жететін қаражат әр адамның сол қордағы есепшотында қалуы тиіс. Осы тұрғыда жеткіліктік шек белгіленеді», деді министр.
Айта кететін жайт, қажеттілік шегін есептеу тәртібі ресми Үкіметтің арнайы қаулысымен бекіледі.
«Осы күнге дейін оның мөлшерін әр жасқа есептеп хабарлаған едік. Жеткілікті шектің негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірыңғай мөлшерде қаралды. Жеткілікті шек дегеніміз – ертең зейнет жасына жеткенде зейнетақы жинақтау қорынан ең кем дегенде төменгі мөлшерде зейнетақы алуға мүмкіндік беретін сома. Өз кезегінде оны әр жас шамасына қарай есептедік. Жас азамат зейнет жасына дейін кемінде ең төменгі жалақы алып, соның 10 пайызын аударып отырса, кейін зейнет жасына жеткеннен соң, ең төменгі зейнетақы алуға мүмкіндік беретін жеткілікті шек қарастырылды», деді Б.Нұрымбетов.
Сонымен қатар ол аталған мүмкіндікті зейнет жасына жеткен кісілер де пайданалана алатынын атап өтті. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел азаматтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін пайдалана алады. Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ел азаматтарының зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жеткілікті шегін жариялады.
Мемлекет басшысы Әлеуметтік қамсыздандыру кодексін әзірлеу және қабылдау арқылы әлеуметтік заңнаманы шоғырландыру жөніндегі жұмысты бастауды тапсырғаны белгілі. Қазіргі кезде республика азаматтарына 17 заңмен және 100-ден астам заң аясындағы актілермен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шаралары кең көлемде қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен бірге әлеуметтік көрсеткіштер саласындағы төлемдер мөлшерін есептеу үшін әртүрлі көрсеткіштер негіз болуда: айлық есептік көрсеткіш, күнкөріс деңгейі, ең төменгі жалақы және тағы басқалар.
«Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнама қабылдауға жеңіл болатындай және оны сапалық тұрғыда жақсарту мақсатында бірыңғай Кодекске біріктіріледі. Оның тұжырымдамасы 2021 жылдың 2-тоқсанында әзірленеді, содан кейін оның негізінде Әлеуметтік қамсыздандыру кодексінің өзін әзірлеу басталады. Бұл – өте маңызды құжат. Сондықтан онымен жұмыс істеу қоғаммен кең талқылауды қажет етеді, яғни біз барлық ұсынысты қабылдап, қарастыратын боламыз», деді министр.
Б.Нұрымбетов Кодексті әзірлеу кезінде әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қолданыстағы заңдар жай біріктіріліп қоймай, тұтастай алғанда әлеуметтік қолдау шаралары жүйеленетінін, әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы төлемдер мөлшерін бірыңғай әлеуметтік көрсеткішке (стандартқа) байланыстыру және басқа да мәселелер қарастырылатынын түсіндірді.
Бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде IBAN карточкалық шоты қажет. Оны ашу үшін банкке бару керек. Ал бұл әлеуметтік төлем алушыларға қосымша ыңғайсыздықтар туғызады. Азаматтардың «электронды әмиянын» енгізу арқылы әлеуметтік төлемдерді цифрландыру бойынша шаралар қабылданады.
«Осы орайда алушы банктік картаға аудару әдісін өзгерте алады. Қаржының сақталуын қамтамасыз ету үшін әмиянда Ұлттық банктің электронды ақшасын пайдалану ұсынылады. Бұдан тыс, әмиянға қол жеткізуге, оның теңгерімін білуге және тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер үшін төлемдерді штрих-QR кодты қолданып, ешқандай комиссиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік беретін арнайы ұялы қосымша іске қосылады», деді министр.