Ұлтымыздың ұлы тарихында көне Тараз бен Түркістан шаһарларын байланыстыратын оқиғалар көп. Қатар орналасқан қос аймақтың күні бүгінге дейін мәдени, рухани сабақтастығы үзілген емес. Жуырда ғана Тараз қаласындағы Көркемсурет галереясында Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері» музейінің қорынан жасақталған «Түркістан тарихы» атты кең ауқымды жылжымалы көрменің ашылу салтанаты өтті.
Аталған шара Түркістан және Жамбыл облысы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды. Көпшілікті тәнті еткен көркемсурет көрмесі «Бейнелеу өнері» музейінің құнды жәдігерлерінен жасақталған. Сонымен қатар талантты суретшілер әрбір туындыларында ежелден ер түріктің бесігі болған Түркістан өлкесінің тарихи шежіресін шынайы шабытпен өрнектеген. Бұл күні екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының тұрғындары көз тоятын көркемдікке куә болды.
Жалпы, аталған көрмеде бәрі бар. Мәселен, кезінде Түркістан өңірінде болған тарихи оқиғалардан бөлек, сол аймақтағы әйгілі жер-су атаулары да көркемсурет кеңістігінен орын алған. Сондай-ақ Әл-Фараби, Абай, Қажымұқан сияқты ұлттың ұлы тұлғаларының бейнесі де көрме көркін арттырған дүниелер болды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев көрмеге қойылған жәдігерлердің бәрі де оңтүстікте орналасқан өлкенің тарихы мен табиғатының сұлулығын танытуды мақсат еткенін жеткізді. «Түркістан аймағының тарихы мен мәдениеті ежелден бай. Өңірдің табиғаты да өнер адамдарына шалқар шабыт сыйлайды. Міне, сондықтан да «Түркістан тарихы» атты кең ауқымды жылжымалы көрмесін тамашалаушылар көне ортағасырлық Отырар, Түркістан, Сидақ, Созақ, Сауран, Сайрам, Шымкент сияқты шаһарлардың, Қазығұрт, Қаратау мен Алатау тауларының, Мырзашөл мен Қызылқұмның берекелі қойнауының, Сырдария мен Арыс сияқты өзен суларының, жалпы, ұлы даланың ғажап көріністеріне көз сала алады. Қылқалам шеберлерінің назарынан ұлы тұлғалардың бейнесі, табиғаттың тылсым көріністері, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлері де шет қалған жоқ», дейді басқарма басшысы.
Сан ғасырлық тарихы бар Түркістан өлкесінің өткені мен бүгіні туралы шежіре шертетін көрме туындылары белгілі бір хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Әрі келушілер назарына музей қорынан алынған құнды туындылар мен фотосуреттер топтамасы ұсынылды. Жалпы, көрменің өзі сегіз тақырыптық бөлімнен тұрды. Әрі әрбір бөлімнің өзіне тән ерекшелігі бар. «Мәселен, Көркемсурет галереясының фойесіне орналастырылған «Фотокөрме» бөлімінде «Түрленген Түркістан» көрме-байқауында жүлделі орынға ие болған шығармашылық фотосуреттер топтамасы жұртшылықтың назарын өзіне аударады. Ал «Жер кіндігі – Қазығұрт» бөлімінде келушілерге киелі мекеннің тарихы, оған қатысты аңыз-әңгімелер суреттелген туындылар ұсынылуда. Сонымен қатар өлке табиғаты мен тарихына қатысты туындылардың енді бір шоғыры «Түркістан табиғаты», «Түркістан тарихы», «Хандық дәуір», «Кеңес дәуірі» сияқты бөлімдерде топтастырылған. Сол сияқты «Танымал тұлғалар» бөлімінде Түркістан өңірінен шығып, аты елімізге, әлемге мәшһүр болған тұлғалардың бейнесін тамашалауға мүмкіндік бар. «Облыстық өндіріс орындары, дамуы, өркендеуі» бөлімі өңірдің экономикасында жетекші рөлге ие кәсіпорындардың қалыптасу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар береді», дейді Түркістан облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры Айнабек Оспанов.
Негізінен көрмеге 100 кескіндемелік шығарма, 40 ауқымды көлемдегі фотосурет қойылған. Әрқайсысының көркемдік кеңістігі әр бөлек. Жергілікті жұртшылықтың қызығушылығын тудырған туындылар да аз болған жоқ. Сондықтан да аталған мәдени шара арқылы Түркістан және Жамбыл өңірлерінің арасындағы рухани байланыс жаңа белеске көтерілді деуге болады.
Жамбыл облысы