«Egemen Qazaqstan» басылымы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялауды жалғастырады.
Бүгінгі нөмірде оқырмандар назарына екі мақала ұсынып отырмыз. Принстон университетінің биотехника профессоры Питер Сингер өзінің мақаласында Жер-жаһанды әбігерге салған коронавирус пандемиясымен күресу үшін локдаун енгізу қажет пе, жоқ па деген мәселеге назар аударады. Автордың айтуынша, локдаунның әсерінен індетті біршама ауыздықтауға мүмкіндік туды. Алайда табысы төмен отбасылар бірқатар қиындыққа тап келді. Питер Сингер пандемиямен күресті әлі де жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталады.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің директоры Марк Леонард халықаралық саясат туралы ой қозғайды. Автордың пайымдауынша, қазіргі таңда Еуропалық одақ үлкен таңдаудың алдында тұр. Бір жағынан, Трансатланттық келісімді сақтап қалу мақсатында АҚШ билігінің ығына жығылуды немесе өңірлік қауіпсіздікті сақтау үшін өз мүддесіне беріктік танытуды таңдауы тиіс. М.Леонард қазіргі таңда әлем еуроцентристік көзқарастан бас тартқанын айтады. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуроцентристік көзқарасты сынағаны, оның қазіргі заманғы қажеттіліктерге жауап бермейтінін айтқаны еске түседі. Мұны мақала авторы да мойындайды.
БЕРЛИН. COVID-19 індеті әлемнің алпауыт елдерін келемеждегендей болды. АҚШ президенті «Американың ұлылығын қайтарамын» деп уәде етсе де, оның әкімшілігі пандемиямен күрес кезінде ұлылыққа тән ештеңе істей алған жоқ. Қытай президенті Си Цзинпинь «қытайлық арман» туралы жиі айтады. Бірақ оның дағдарысқа қарсы күресу тәсілі авторитарлық жүйеге иек артқандығын көрсетті. Ал көпжақтылық туралы әрдайым сөз қозғайтын еуропалықтар індетпен күресте жаһандық көшбасшыға айналудың орнына шекарасын жауып, мемлекетішілік шешім іздеуге кірісті.
Негізінде, Еуропадағы ахуал сәл өзгеше, тереңірек үңілуді қажет етеді. Әсіресе «қырғиқабақ соғыстан» кейінгі халықаралық тәртіп жөніндегі, Еуропаны темірқазық ретінде көру жоспарының күл-талқаны шықты. Бүгінде Еуропалық одақты философиялық және географиялық күйзеліс кезіп жүр. Философиялық тұрғыда қарасақ, еуропалықтар қазіргі дағдарысқа қарсы күрестегі тиімді тәсіл ереже емес, дөрекі күш екенімен бетпе-бет келіп отыр. Кейінгі үш жылда еуропалықтар өздерінің негізгі екі сауда әріптесінің жаһандану көшбасшысынан бөлінудің қозғаушы күшіне айналғанын бақылады.
АҚШ та, Қытай да кәдуілгі қаруды қолданып соғысуды қаламайтындықтан, екеуі де жаһандық және жергілікті институттарды бір-біріне айдап салады. АҚШ кезінде қоғамның игілігі саналып келген қаржылық жүйе, банкаралық ақша аударымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Халықаралық қаржы қоры мен интернетке саясатты араластырса, Қытай нарыққа манипуляция жасап, Батыстың басты салаларын тұншықтыру мақсатында мемлекеттік көмек пен стратегиялық инвестицияны қолдануға кірісіп кетті.
Географиялық күйзеліс мынада. Қазір жаһандық саясат Еуропа емес, Азияның айналасына шоғырланған. «Қырғиқабақ соғыс» кезінде және одан кейін Еуропаның өңірлік тәртібі мен Батыс бастаған жаһандық тәртіп бір-бірін толықтырып тұрғандай көрінетін. Сондай-ақ Трансатланттық қоғам мен ортақ құндылықтар жөнінде нақты сенім болды. Еуропа АҚШ пен Кеңес өкіметінің жарысында алғы шепте тұрды. Еуропаның маңызы зор еді. Бірінен кейін бірі ауысқан АҚШ-тың президенттері Еуропаның мәселелеріне ұқыптылықпен қарады.
Бірақ Қытай мен АҚШ-тың бәсекелестігі еуропалық проблемалардан назарды басқаға аударды. Американың Таяу Шығыстағы, Шығыс Еуропадағы және Балқан түбегіндегі шиеленістерге енжар араласуы бос қалған орынды толтыруға Түркия мен Ресейдің ұмтылуына әкеліп соқты. Еуропалықтар 1990 жылдары басқа да әлемдік күштер Еуропадағы өңірлік қауіпсіздік тәртібін қамтамасыз етуге көмектесіп, НАТО мен ЕО негізгі тірекке айналады деп пайымдады. Әйтсе де, әсіресе кейінгі он жылда, күшті бір жерге шоғырландыру жөніндегі еуропалықтардың арманы оның жан-жаққа таралып кетуіне қарсы келе алған жоқ.
Осы қос дағдарыс, ережеден күшке көшу және Еуропадан Азияға басымдық берудегі жедел өзгеріс Еуропаның тәртіп жөніндегі түсінігін де шайқап кетті. Бұдан былай еуропалықтардың өңірлік және жаһандық келісімдері өзара бір-бірін толықтыра алмайды. Керісінше, Батыстың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс еуропалық құқықтық тәртіп қанатын жаюдың орнына, осы екі мәселе бір-біріне қарсы келді.
Сондықтан еуропалықтар үшін «былай тартса арба сынып, былай тартса өгіз өліп тұр». Бір жағынан, олар жаһандық қауіпсіздік тәртібін сақтап қалу үшін әлі де АҚШ-тың көмегіне мұқтаж. Сонымен қатар осы келісімді сақтап қалу үшін еуропалықтар өңірлік қорғанысқа өздері жауапты екенін сезініп, Қытаймен бәсеке барысында АҚШ-тың қызу қолдауын қажет етеді. Қысқа мерзімде Қытай Трансатланттық әріптестікті сақтап қалуда басты рөл ойнауы мүмкін. Өйткені америкалықтардың да, еуропалықтардың да аталған елдегі билік басқаратын экономикалық модель мен адам құқығы тапталуына қатысты көзқарасы өте ұқсас.
Екінші жағынан, Қытай мен АҚШ-тың бәсекелестігі Еуропаның өңірлік тәртібіне қысым түсіреді. АҚШ тарапының геосаясаттың сахнасына жиі шықпауы Еуропаға үлкен қауіп төндіреді. Трамп басшылық жасайтын қазіргі Америка сыртқы саясат мәселесінде, тіпті Ирак секілді еуропалық сарбаздар борышын өтеп жүрген мемлекеттер жөнінде де бұрынғыдай Еуропа елдерімен кеңеспейді. Өкініштісі, АҚШ еуроцентристік әлемді негізге алып құрылған көптеген институттар мен ережелерді Қытаймен бәсекелесудегі басты кедергі көреді.
Мәселен, Трамп әкімшілігі АҚШ-тың қарулануына кедергі жасайды деген желеумен көптен бері келе жатқан қару-жарақты бақылау жөніндегі көпжақты келісімді бұзып, Қытайдың қалағанын жасауына мүмкіндік беріп отыр. Алдағы айларда Еуропа басшылары осындай келісімдерді сақтап қалу мен АҚШ-пен арадағы қауіпсіздік (қарулануды бақылау), экономика (сауда ережелері), технология (5G, шалаөткізгіш) және климат келіссөздері секілді қарым-қатынасты бұзбаудың біреуін таңдауына тура келуі мүмкін.
АҚШ-та 3 қарашада өтетін президенттік сайлау Трансатланттық қатынаста үлкен маңызға ие. Трамптың жеңісі Еуропаны өз мәселесімен жалғыз қалдырады. Дегенмен Трамп Джо Байденге жеңіліп, Трансатланттық байланыс қалпына келген күннің өзінде, жаңа әкімшіліктің жұмысқа кірісуі АҚШ-тың ұзақмерзімді басымдықтарын өзгертіп, Америка қоғамының ұлттық егемендік жөніндегі көзқарасын жеңілдетуі неғайбыл.
Былтыр Франция президенті Эммануэль Макрон НАТО-ның «миы өлгені» туралы даулы пікірін айтқанда, еуропалық көптеген басшылар тіс жара қоймайтын қорқынышты – бірполярлы, еуроцентристік, ережеге бағынған тәртіптің Қытай, Ресей, Түркия және Трамптың Америкасы атанған төртжақты хаосқа ауысқанын білдірген-тұғын. Мұндай ахуалға бейімделу үшін Еуропаның басшылары геосаясаты тұрақты одақтас пен институттар басымдық ететін мекен туралы пікірін өзгертуі тиіс. Еуропалық одақ құндылықтары мен мүдделерін қорғап қалу үшін олар өңірлік қауіпсіздікті қорғау мақсатында дипломатиялық жауапкершілікке көбірек ден қойып, Ресеймен, Түркиямен арадағы келіссөздерге абай болуы керек.
Жаңа стратегияны қабылдау барысында Еуропалық одақ әскери жоспарлауды естен шығармауы тиіс. Тіпті сыртқы саясаттағы күш негізінен сауда, технология және тәртіпті қолдануға басымдық берілсе де. Мәселен, Германияның қорғанысқа бөлетін қаражатын ішкі жалпы өнімнің 2 пайызынан арттырудың орнына, Еуропалық одақ немістерден экономиканың қалған 98 пайызын сауда мен басқа салалардағы еуропалық мүддені сақтауға арнауын сұрағаны жөн.
Марк ЛЕОНАРД,
Халықаралық қатынастар жөніндегі еуропалық кеңестің директоры
Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org