Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп, шығармашылық кино мектебін ашуды жоспарлап отыр. Ұйымдастырылған шығармашылық курстар актер, режиссер, оператор және драматург мамандарын даярламақ.
Қазіргі таңда отандық киноиндустрияға арналған жаңа кадрлар ұстаханасының тұжырымдамасы, мақсаттары, міндеттері және оқу бағдарламасы әзір. Қатысушыларға «режиссура», «кино өнері», «кино драматургиясы», «монтаж», «операторлық өнер» пәндері бойынша білім берілмек. Сондай-ақ «Кино және кино туралы 24 сағат немесе кино өндірісінің негіздері» және «Музыкалық клип актері» атты қос ауқымды жоба аясында оқыту жоспарлануда.
«Кино мектебі – барлық өнер түрін қамтитын бірегей алаң. Жалпыға ортақ жариялылық пен жаһандану дәуірінде смартфоны бар әр адам медиа тұлғаға айналуда. Медиа контентті құру процесі едәуір жеңілдетілді, дегенмен он жыл бұрын оған кем дегенде бір ай уақыт кетсе, бүгінде ең көп дегенде бір күніңді алады. Интернет кеңістігі сапасы күн сайын төмендеп бара жатқан медиа контентке толы, ал оған деген сұраныс керісінше өсуде. Осыған байланысты, Кино мектебі білім бере отырып, өндірістік процестерді қамтамасыз етеді», дейді жобаны ұйымдастырушылар.
Кино мектебінде оқуға қызығушылық танытатындар үшін арнайы талаптар бекітілген. Тыңдаушының жасы 16-дан кем болмауы керек. Болашақ кинематографист кәсіби құзыреттілікке ие болуға және шығармашылық курстардан өтуге жауапкершілікпен қарауға дайын болуы тиіс. Ал курс оқытушыларына қатысты да нақты талаптар қойылған, қазір Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.