2020 жылғы өзгерістен кино өндірісі мен кино көрсетілім индустриялары да тысқары қалған жоқ. Іргелес Ресейдегі бұқаралық кинотеатрлардың ашылғанына бір ай ғана уақыт болса, еліміздегі кинотеатрлар әлі де жабық. Бұл жағдай көрермендер тарапынан стриминг платформалар мен онлайн кинотеатрларға деген үлкен сұраныс туғызып отыр.
Жуырда Almaty Film Days шеңберінде «Стриминг платформаларындағы қазақстандық контент: мүмкіндіктері мен келешегі» атты дөңгелек үстел өтті. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен ТМД-дағы ең ірі IVI онлайн кинотеатрымен бірлесіп ұйымдастырған жиында стриминг платформаларындағы қазақстандық фильмдерге сұраныстың артуы мәселесі жан-жақты талқыланды. Отандық көрермендер шетелдік киноны ақылы платформаларда көруге дағдыланған болса, ал жергілікті кино өнімдерді көру үшін кинотеатрлық прокат, YouTube немесе пираттық платформалар секілді ашық алаңдарға жүгініп жатады.
Дөңгелек үстелдің басты спикерлері ретінде «ҰКҚМО» КеАҚ басқарма төрағасының өндіріс бойынша орынбасары Айдар Баталов, IVI команиясының контент бойынша директоры Мария Гречишникова, Terraline компаниясының бас директоры Әлібек Сәрсембаев және «100% Qazaqsha» компаниясының директоры Әлия Мұқашева сөз сөйледі.
Айдар Баталов бүгінгі күні кино көрермендерінің әдеттері айтарлықтай өзгергенін және кинотеатрлық прокаттың келешегі күмәнді екенін ескере отырып, стриминг платформаларымен диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Кино орталығының 50-ден астам жобамен жұмыс істеп жатқанын, оның ішінде тек Қазақстанның ғана емес, өзге де елдердің қызығушылығын туғызған Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан», Ақан Сатаевтың «Боксер» фильмдері бар екендігін атап өтті.
Ал Мария Гречишникованың айтуынша, IVI платформасында өткен бірқатар қазақстандық картиналар ресейлік нарықта өз көрермендерін тауып үлгерген. Ол ТМД-дағы ең ірі онлайн кинотеатр саналатын IVI платформасының тәуелсіз кино компаниялар мен елдің ірі телеарналарын қоса алғанда, отыздан астам қазақстандық өндірушілермен әріптестік қарым-қатынаста екенін және қазақстандық фильмдер мен сериалдардың ұсынысын үнемі арттырып отыратынын айтты.
Әлемдік стриминг платформалары өздерінің бірегей контентін өндіру есебінен жазылушылардың санын арттыруға бағыт алғанын ескере отырып, онлайн алаңда релиз жасауға бағытталған фильмдер мен сериалдарды бірлесіп шығару бойынша қазақстандық кино өндірушілердің IVI-мен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері де көтерілді. Бұл ретте Айдар Баталов пен Мария Гречишникова IVI өндіріс бөлімі қазақстандық және ресейлік көрермендерге бірдей қызықты болатын жобаларға өтінімдерді қарауға дайын екендігін мәлімдеді.
Ресейлік стриминг платформаларымен ынтымақтастық орнату мәселесінен басқа, дөңгелек үстел барысында түрлі онлайн-платформалар арқылы киноконтентті заңды түрде сатудың ішкі нарығы талқыланды. Сондай-ақ Кино орталығының алдағы жоспарында үшінші питчинг өткізу тұрғандығы, ондағы мақсат үлкен коммерциялық әлеуеті бар жобаларды іріктеу екендігі де қаперге алынды. Бұл өз кезегінде тек кинотеатрлар үшін ғана емес, стриминг-платформалар үшін де жаңа мүмкіндіктер береді.