Британдық комик Саша Барон Коенның қатысуымен шыққан режиссёр Ларри Чарльздің «Борат» фильмі 14 жыл бұрын түсірілсе де дау-дамайы толастамай келеді. Жуырда фильмнің жалғасы шығады дегелі бері көрермендер пікірі сан қилы. Бірі желіде #сanсelBorat акциясын ұйымдастырып қарсылық танытса, енді бірі бейтарап ұстанымды алға тартады. Нью-Йорктегі қазақ полицейі Димаш Ниязов бастаған бір топ жас Манхэттеннің орталық алаңында бейбіт наразылық ұйымдастырып, арзан әзілге сенбеуге шақырды. Олардың айтуынша, шетелдегі қазақ жастары дәл осы фильмнен соң кемсітуге көп ұшырайтын көрінеді. Осы оқиғаға орай біз Димашпен хабарласып, тілдескен едік.
– Шет елдерде жүрген қазақтар «Борат» фильмінен кейін көптеген кемсітуге ұшырап жататындарын айтады. Бұл қаншалықты рас? Жеке басыңызда мұндай жағдай болды ма?
– Шынында да бөле-жара қарау, алалау осы фильмнен кейін күрт артып кеткендей. Өйткені аталған фильмнің желісіне, мазмұнына сенетіндер көп. Тіпті менің өзімді де АҚШ-қа алғаш келгенімде көпке дейін Борат деп атап жүрді. Бұл әлі де толастаған жоқ. Қазақстаннан енді ғана келіп жатқан азаматтарды фильмдегі кейіпкерлердің есімімен мазақтап жатады. Мен Қазақстаннан қоныс аударған АҚШ азаматы ретінде айтайын, мұндай сәттерге талай рет куә болдым. Әсіресе елден келген қыз балалар осындай кереғар пікірлерден қаралауға, алалауға жиі ұшырап жатады. Бұл тұлғаға азамат деп емес, қандай да бір ортаға тиесілі адам ретінде бағалаудан туып тұр. Осындай қайшылықты пікірлер мені бей-жай қалдырмады.
– Фильмнің жаңа шығарылымын күтіп жатқандардың қарасы көп сияқты. Неліктен аса танымал болып кетті деп ойлайсыз?
– Көпшілік көрермен үшін жай ғана күлкі шақырар оқиғалар шығар. Бірақ фильмнің мүлдем шындыққа жанаспайтын оқиғалардан құрылғанын білетін, ұғатын көрермен де жеткілікті. Ал қазақ халқының мәдениетінен хабары жоқ, ұлтымызды өмірі көрмеген, естімеген шалғайдағы көрермен осы өтірікке алданып отыр. Фильмнің түсірілу желісі біз телеарналардан көріп жүрген әдеттегі комедияларға мүлде ұқсамайтындығымен ерекше. Кино туындыда қазақ ұлтын ғана емес, еврейлерді, америкалықтардың өзін әжуалайтын тұстары бар.
– Бейбіт наразылыққа қатысушылар кімдер? Қандай сипатта өтті?
– Митингке қатысушылардың дені қалада тұратын қазақтар болды. Біздің наразылық акциямызға қасымда қатарлас жүрген америкалықтар қолдау көрсетіп, Еуропа мен Германия, Италия, Корея елдерінен ниеттес жандар табылды. Митингтің айғайламай, дабыра қылмай, у-шусыз мәдениетті түрде, бейбіт сипатта өтуін мақсат еттік. Өзіміздің қара домбырамызды күмбірлетіп, ұлттық әндерімізді әуелетіп, айналамызға жаңаша әсер сыйладық. Өйткені сөз жетпейтін жерді күй толықтырады. Өйткені домбыра әу бастан-ақ қазақтың үні болған, тілі болған қастерлі аспабы. Тумысынан ән мен жырға құмар қазақ халқының дархан көңілі мен кең тынысты мәдениетін бейбіт ұстанымда жеткізгіміз келді.
– Наразылыққа #сanсelBorat ұранымен шықтыңыздар. Бұдан өзге қандай мәселелерге назар аудартқыларыңыз келді?
– Өздеріңізге мәлім, ең бірінші мақсат өзгелерге фильмнің үлкен өтірікке құрылған жалған әңгіме екенін айтқымыз келді. Бұл мүлде Қазақстан туралы фильм емес. Айналадағы ел-жұртты сенбеуге шақырамын. Таймс-скверде қасымызға келіп жөн сұрағандардың әрқайсысына шама шарқымыз жеткенше мәдениетіміз бен руханиятымыз жайлы әңгімелеп беруге тырыстық. Әрине, кез келген елдің шешілуі тиіс мәселесі бар. Мысалы, Қазақстандағы жануарлар дүниесін қорғау шаралары өте нашар, заңнамалық тұрғыда әлі де жетілдіру керек тұстары баршылық. Сол сияқты мүмкіндік болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша АҚШ тәжірибесін бөлісуге дайынмын.
– Кейінгі жылдары АҚШ-та ұлтқа, нәсілге қарай кемсіту мәселесіне қоғамда баса назар аударылып келеді. «Борат» сияқты фильмдер мәселені одан әрі ушықтыра түспей ме?
– АҚШ – алпауыт, алып мемлекет. Мұнда нәсілдік, ұлттық кемсітуге қатысты мәселені көрмейсің. Түрлі мемлекеттен келген босқындар болса да шығу тегі, шыққан ортасына қарамай игілікті өмір сүруге, білім алуға, жұмыс істеуге бар мүмкіндік қарастырылған. Бізде әр төрт жыл сайын президент сайлауы өтеді, сол уақытта түрлі саяси ойындар Американы әртүрлі жағынан көрсетуі мүмкін. Ал «Борат» сияқты шындықтың ауылынан алыс фильмдерге тосқауыл болуы тиіс. Ұлан-ғайыр тарихымыз бен ұлы далалық салқар мәдениетімізді әжуа етіп, табыс табу үшін ұлтымызды, мемлекетіміздің туын пайдаланып отыр. Фильмнің өтірікке құрылғанын көп адам білуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ая ӨМІРТАЙ,
«Egemen Qazaqstan»