• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Қазан, 2020

Гвинея: толқу күшейе түсті

157 рет
көрсетілді

18 қазанда Гви­­неяда президент сайлауы бас­талды. Мемлекет басшысы Альфа Конде үшінші мәрте сайлануға үміттеніп, өз кандидатурасын ұсынған-ды. Бұл халықтың нара­зылық білдіріп, көшеге шығуына себеп болды.

Саяси шиеленіс республика бо­йынша шешуші президенттік сайлаудан бірнеше күн бұрын басталып, әлі де қызу жүріп жатыр. Науқан барысында президент Альфа Конденің жақтастарына зорлық-зомбылық пен шабуылдар жасалды.

Жағдай ушығып, мемлекет басшылы­ғы­нан үміткерлер елдегі проблемалар­ды шешу жолдары мен өздерінің бағдар­ла­ма­­ларын түсіндіруге мүмкіндік таба алмай отыр. Тіпті қос үміткер сайлауалды бағ­дар­ламаларын талқылауға да алаң таппады. 

Ел астанасы Конакриде Конденің жақтастары, негізінен жастардан құрал­ған топтар президенттікке үміткер Туре Диаллоның бағандарын жауып, оны қолдауға шақырған, үгіт плакаттарын жыртып тастады. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.

Amnesty International ұйымының есебіне сәйкес, 2019 жылдың қазан айы­нан бастап 2020 жылдың шілдесіне дейін митингілер кезінде жалпы 50 адам қаза тапқан көрінеді. Олардың көбі негізінен қауіпсіздік күштерінің қызмет­керлері.  Сонымен бірге 200-ден астам адам жарақат алған. Ұсталып, қамауға алынғандар да аз емес.

Гвинея азаматтық қоғам топтары да­уыс беру аяқталғаннан кейін тәртіп­сіз­­діктерге жол бермеу үшін халықара­лық бақылаушыларды жіберуді жоспар­лап отыр. Гвинея Азаматтық қоғам ұйым­дары конфедерациясының прези­денті Данса Курума барлық саяси қай­рат­керлерді бейбітшілікті қолдауға шақырды.

«Сайлаудан кейін елімізде тыныш­тық орнағанын қалаймыз. Барлық мәсе­лелерімізді тек бейбіт жолмен шеше аламыз», деп сендірді Курума.