Қайталанбас айрықша қолтаңбасымен «жаңа толқын» режиссерлері кино әлемінде өздерінің шығармашылық әлеуетін жан-жақты танытып келеді. Француз халқының сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген режиссер Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмі 14 қазаннан бастап Францияның ірі қалаларындағы 60-қа жуық кинотеатрда көрсетіліп жатыр.
Бұл режиссердің француз көрермендері үшін үлкен экрандарда көрсетіліп жатқан екінші туындысы. Бұған дейін 2018 жылы «Әлемнің ерке енжарлығы» фильмі прокатқа шығып, келесі жылында осы елде dvd-де жарық көрген болатын. Екі фильмнің де көрерменге жол тартуымен франциялық Arizona Distribution компаниясы айналысты. Француз көрермендері Әділхан Ержановтың фильмдерін ерекше жақсы көреді десек артық айтқанымыз емес. Көптеген халықаралық жүлделерді иеленіп жүрген режиссердің картиналарын француз киносыншылары оң бағалады. Біз мұны фильмнің прокатқа шығу қарсаңында Францияның жетекші басылымдарында жарық көрген бірқатар рецензиядан байқадық. Мәселен, Le Monde басылымы «Қап-қара адам» – минималистік эстетикасы бар дала вестерні мен нуардың қоспасы» деп жазса, Voir A Lire киножурналы «Әділхан Ержановтың кинематографиялық мінсіздігіне бір қадам қалды» деп жоғары баға береді.
«Бұл – өте жоғары кинематографиялық тәжірибе. Режиссердің эпизодты түсірудегі ұқыптылығы ерекше. Режиссер көрерменге кедейлік аясында ақыл мен демократияның орнын сыбайлас жемқорлық басқан қоғамдағы адами күрделі қатынастар туралы өзіндік пайым қалыптастыруға мүмкіндік береді. Фильмде қатаң үкімдер жоқ. Керісінше, сценарийдегі күлкіде кейіпкерлерге ауыр әлеуметтік қысымды жеңуге және шындық борышын өтеуге көмектесетін сипаттама бар», деп жазды Voir A Lire басылымы.
Аталған картинаны түсіруге Short Brothers (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) компанияларының қатысуымен Astana Film Fund (Қазақстан) компаниясы атсалысты. Драмалық триллерде тергеуші Бекзаттың (актер Данияр Алшынов) басынан өткен оқиғасы баяндалады. Фильм желісі бойынша тергеуші істі тез арада жапқысы келеді, өйткені жергілікті полиция қызметкерлері жазықсыз Пукуарды (Теоман Хосе) кінәлі деп кесіп қойған. Бірақ қаладан келген журналист Ариана (Динара Бақтыбаева) іске араласып, бұлардың жоспарын өзгертеді. Енді тергеуші алғаш рет заң аясында нақты тергеу жүргізуге мәжбүр болады.
«Қазақстандық киноның Еуропада прокатқа шығуы әрине қуанарлық жағдай. Менің ойымша, бұл бүкіл команданың және фильмге қатысқан барлық азаматтардың жетістігі. Баршаларыңызды шын жүректен құттықтаймын!», деді Әділхан Ержанов.
«Қап-қара адам» фильмінің әлемдік премьерасы 2019 жылдың 23 қыркүйегінде Испанияда өтті. Картина Сан Себастьяндағы 67-ші халықаралық кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасы аясында көрсетілді. San Sebastian International Film Festival – «А» класындағы әлемдегі ең көне кинофестивальдердің бірі (Канн, Берлин және Венециямен бірге). 2019 жылдың қараша айында Әділхан Ержанов «Қап-қара адам» фильміндегі жұмысы үшін «Үздік режиссер» номинациясы бойынша Asia Pacific Screen Awards – 2019 жүлдесіне ие болды. Әділхан – азиялық «Оскар» сыйлығына ие болған алғашқы қазақстандық режиссер.