Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісімшарт негізінде 7 отандасымыздың халықаралық ұйымда тәжірибе жинауына, әлемдік деңгейдегі волонтерліктің қыр-сырын үйренуге мүмкіндік жасалғаны туралы басылымның өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Бүгін солардың бірі, «БҰҰ Әйелдер» ұйымында қызмет етіп жүрген отандасымыз Меруерт Сыздықбекова туралы мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Меруерт Ыстанбұлда БҰҰ аймақтық офисінің қоршаған орта және климаттың өзгеруі бойынша маманы болып қызмет атқарады. Сұхбат барысында ол волонтерліктің елдегі саяси реформаларға әсері мен үлкен ұйымдағы тәжірибесі мен қызметі туралы айтып берді.
Университет қабырғасында жүріп-ақ еріктілікті өмір салтына айналдырған Меруерт Қарағанды мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша тәмамдаған. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лондон Экономика және саяси ғылымдар мектебінде оқуын жалғастырады. БҰҰ волонтерлер қатарына қосылмас бұрын елге оралып, университетте дәріс оқиды, мемлекеттік қызметші атанады.
– Қазақстан мен БҰҰ арасындағы келісімшарт аясында халықаралық ұйымға қазақстандық волонтерлер баратынын естігенде бағымды сынап көретін кездің келгенін түсіндім. Бұл – жаңа деңгей. Жұмыс өтілім, тәжірибем мен білімім өзіме деген сенімділікті арттыра түсті. Бұған дейін елордамыздағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) офисінде жұмыс істедім. Яғни, халықаралық ұйымдар миссиясы мен міндеттерімен жақын таныспын, – дейді Меруерт.
Меруерттің айтуынша, бұл бағдарламаның басқаларынан ерекшелейтін тұсы – қатысушылардың жасы мен географиясына шектеу жоқ. Яғни кез келген адамға қайырымдылық жасауға, қоршаған орта мен адам құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
– Мен «БҰҰ Әйелдер» қорын таңдадым. Өйткені гендерлік теңдік пен әйел құқығы саласында аз да болса тәжірибем бар. Білімімді іс жүзінде сынап, тәжірибемді толықтыра алатынымды түсіндім. Сонымен бірге бұл тақырып бүгінгі қоғамда өзекті. Тек Қазақстан емес, төрткүл дүниені алаңдатып отырған мәселе екені айтпасақ та түсінікті. Қазір белсенді әйелдер өз құқықтары жайында азаматтық қоғам алаңдарында, үкіметтік деңгейде айтып, қатып қалған таптаурын көзқарастан арылуға қарсы жұмыс істеп жүр. Халықаралық ұйымда жиған-терген тәжірибем тек Қазақстанда емес, басқа елдегі бұл түйткілді шешуге көмектеседі деген сенімдемін, дейді волонтер.
Меруерт волонтерлік алдымен ниетке байланысты деп санайды. «Волонтерлік өзің тұрып жатқан елді мекендегі жағдайды жақсартуға тырысу, жалпы, жағдайды түзетуді қалау. Сен өзің тұрып жатқан жердегі ахуалды жақсарту арқылы өз еліңе, одан әрі түгел әлемге әсер етесің», дейді ол. Ал БҰҰ қатарында тіптен шектеу жоқ екенін, әр қызметкердің жұмысы шектелмегенін, білімі мен тәжірибесін әртүрлі елдің, қоғамның, топтың пайдасына қолдана алатынын алға тартады.
– 2020 жыл елімізде Волонтер жылы деп бекітілді. Бұл – былтырғы Жастар жылының логикалық жалғасы. Иә, шешімді билік қабылдаса да, бұл ойдың тууына елдегі жағдай, халықтың әрекеті сеп болды. Бұл жерде азаматтардың, әсіресе жастардың белсенділігін атап өтпесе болмас. Елде волонтерліктің дамып жатқанын байқауға болады. Қазір жануарларды бағатын арнайы орындардың ашылғаны, жастардың бірігіп басқаларға көмектескені туралы хабарларды жиі оқимыз, – дейді Меруерт.
Сонымен бірге Волонтер жылының пандемияға тұспа-тұс келуінде де символикалық мән бар дейді волонтер. Меруерттің айтуынша, әлем халқы ортақ індетпен күрес жолында күш біріктіріп, иық тірестіріп жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге істеген жақсылығының қайтарымын күтпеуді, басқаларға көмектесу арқылы өзіне көмектесіп жатқанын түсіну керек екенін алға тартады. Оның айтуынша, волонтерліктің мемлекет үшін де маңызы зор. Өйткені волонтерлік – күш, ол – өзгерістің бастауы.
– Волонтерлік қоғамның дамуы үшін, алға қадам жасауы үшін маңызды. Өйткені волонтерлік – ізгі ниетпен адамдардың жұмылуы. Адамдардың бірігуі қоғамды жақсы жағынан өзгертеді. Яғни институттардың тиімділігін арттырып, азаматтық белсенділіктің артуына алып келеді. Ал бұл – әлеуметтік-экономикалық реформалардың бастауы, – деген ойын білдірді халықаралық ұйымның волонтері.
Меруерт Сыздықбекованың айтуынша, БҰҰ қатарында жұмыс істеу оңай шаруа емес. Университетте сабақ бергені, білім саласы мен мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі көмектесіп жатқанын айтты. Сонымен бірге БҰҰ волонтері атану үшін халықаралық ұйымдардағы шешім қабылдау механизмі мен аймақтағы ахуалдан хабардар болудың маңызы зор екенін жеткізді. «Орталық Азиядағы жағдайды білуім, ол жердегі халықтың ойын түсіне алуым жұмысымды жоғары деңгейде атқаруға, оң өзгерістер әкелуге көмектесіп жатыр», дейді отандасымыз.
– Дәл қазіргі қызметімде климаттық өзгерістер мен қоршаған орта мәселелерінің әйелдер мен қыздардың өміріне қалай әсер етіп жатқанын зерттеймін. Түрлі тәжірибелерге сүйеніп, Еуропа мен Орталық Азиядағы ахуалды жақсартуға шешім іздеймін. Негізінде тек жаһандық деңгейдегі емес, ұлттық деңгейдегі кез келген өзгеріс халықтың тұрмысына әсер етпей қоймайды. Бұл жерде тек әйелдердің емес, ер адамдардың да өмірін өзгертетінін ескерген жөн. Кей проблемалардан гендерлік теңсіздік бастау алады. Ал мұндай дағдарыстар әйелдер мен қыздардың өміріне теріс ықпал етуі мүмкін. Мысалы, пандемия кезінде отбасылық зорлық-зомбылықтың артқанын көріп отырмыз. Былай қарасаңыз, бұл – эпидемиялық ахуал. Дегенмен адам өміріне әсері зор. Сол сияқты климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаның ластануы табиғи құбылыстармен ғана шектелмей, қоғамдағы тамыры тереңдегі мәселелерді қайта қозғап, түгел халықтың өміріне әсер етеді, – дейді Меруерт. Бұл зерттеудің маңызды екенін алға тартқан жас зерттеуші мәселенің негізін анықтамай, себебімен күресудің тиімсіз екенін қаперге салады.
БҰҰ-ның «Барлық әйел мен қыздың мүмкіндігі мен құқығын кеңейту, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету» деп аталатын мақсатын жүзеге асыру жолында қызмет етіп жүрген отандасымыз осы саладағы кез келген өзгеріс пен мәселені ескеру керек екенін айтады. Бүгінге дейін 12 елмен байланыс орнатып үлгерген волонтер Еуропа мен Орталық Азия бойынша дерек жинап, климаттық өзгеріс пен адам құқықтарының байланысын саралап үлгерген. Келешекте оны аймақтық құжатқа айналдыруды мақсат етіп жүргенімен де бөлісті. «2 қыркүйекте әріптестерімізбен бірге зерттеу жүргізіп жатқан елдердегі ұлттық деңгейдегі мәселелерге климаттың өзгерісі қалай әсер етіп жатқанын, оның салдарын бағамдау бойынша вебинар жүргіздік», дейді ол.
БҰҰ құрамында волонтер болу мен қандай да бір құрылымға тәуелді болмай қайырымдылықпен айналысудың айырмашылығын сұрағанымызда, Меруерт құрылым бөлшегі болу теориялық білім қалыптастыратынын айтты. Оның айтуынша, өңірдің әрбір елі бойынша нақты білім, онда іске асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар туралы жалпы түсінік талап етілетінін жеткізді. «БҰҰ қатарында болу жауапкершілікті арттырып, бір уақытта бірнеше іспен айналыса алу деген міндет жүктейді. Сонымен бірге түрлі елдермен байланыс орнату, оны үзбей жұмыс істеу, үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеп, одан керегін ала білуді қажет етеді. Мұнда үлкен спектрде ойлау керек. Яғни бағдарламаға қатысты жалпы түсінік болғаны абзал», дейді.
Олардан бөлек бұл тәжірибенің бағдарламада орын алған әр қатысушының өміріне үлкен өзгеріс алып келеріне сенетін Меруерт қиын тапсырмаларды шешу барысында артатын біліктілік пен жаңа мәдениетті түсіну мүмкіндігі, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әріптестердің баға жетпес тарту екенін жеткізді. «Қазір БҰҰ сияқты жаһандық ұйымда жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Студенттік кезде достарымызбен университетте «БҰҰ Моделін» ұйымдастыратын едік. Ол кезде уақыт өте келе БҰҰ-ның мүшесі болатыныма сену былай тұрсын, елестетудің өзі қиын-ды. Ал қазір өз білімім мен тәжірибемді басқалардың игілігіне қолдануға, осылайша өз танымымды кеңейте түсуге мүмкіндік алып отырмын», деп түйіндеді сөзін Меруерт.