Алтын Орданың бас қаласының бірі болған Отырар – Қазақстан аумағында күміс, мыс теңгелермен қатар, алтын ақша соққан орта ғасырдағы жалғыз қала. Мейлінше үлкен қалажұрты саналатын осынау Отырартөбе атты археологиялық ескерткіштің келбетіне нұқсан келтіретін құрылыс жұмыстары қазір қызу жүріп жатыр. Жасанды қорған көтеріп, қақпа тұрғызамыз деп Отырардың аса құнды мәдени қабаттарын бұзып жатқанына археолог-ғалымдар наразы.
Белгілі археолог, реконструктор Эмма Усманова Отырар қалажұртындағы құрылыс жұмыстарына өзі куә болғанын фейсбуктегі парақшасына жазды. Ғалымдар ортағасырлық қыш қабырғалардың орнына заманауи кірпіштерді қалау – тарихқа жасалған қиянат дейді. Оның айтуынша, «құрылыс» қарқынды жүргізіліп жатқан аумақ даңқты билеуші Әмір Темірдің қайтыс болған жері болуы мүмкін.
«Бізбен бірге тарих ғылымдарының докторы Мұхтар Қожа болды. Ол осынау көне қалашықтың қазба жұмыстарына қатысқан. Мұны көрген ол бозарып кетті, көзіне еріксіз жас алды. Туристік нысан мен тарихи нысанды біріктіру өте қиын екенін түсінетін кез келді. Тарихи сенімділікке басымдық берілуі тиіс. Мұнда тағы да жасанды түйелер орнатылған. Отырар өзінің тарихи кеңістігін сақтайды деп үміттенемін» деп жазған ғалым көне қаланың тендер құрбаны болып кетпеуіне алаңдаулы.
Қазақстан археологиясының зертханасына айналған Отырар қаласының орнындағы қазба жұмыстары кезінде академик Карл Байпақовпен бірге атсалысқан тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа қаланың тарихи келбетінің адам танымастай өзгеріске душар болғанын бірнеше жылдан бері айтып келеді. «Жуырда Эмма Усманова есімді белгілі археологпен бірге Отырар төбені араладық. Құрлысшылар 40 сантиметрлік дуалдардың үстіне 2 метрлік кірпіш қалап жатыр. Көне қала тарихи келбетінен жұрдай болған, танымай қалдым. Жасанды көзбояушылық кімге керек? Осы арқылы туристерді қызықтырамыз деуі бос әурешілік, ақша шашу», деген ғалым жасанды қақпадан Отырардың орталық бөлігіне қарай тасжол сала отырып мәдени қабаттарды сырып тастап жатқанын айтады. Ғалымның айтуынша, өзге елдерде туристер жүретін аяқжолды тарихи жәдігерге зиян келтірмейтіндей етіп, ағаш тақтайлардан төсейді. Сонда ескерткіш беті сырылмайды, тарихи орын қазылып бүлінуге ұшырамайды. Ал ЮНЕСКО тарапынан Жапонияның мақсатты қорының «Көне Отырар қалашығын сақтау мен реставрациялау» жұмыстарын жүргізуі Отырардың аса құнды тарихи ескерткіш екенін айғақтайды.
«2004 жылдары Отырардың ежелгі қирандыларын сақтау бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілгенде өзім де көргенмін. Яғни ескі дуалды уақытша сақтау үшін жаңа қыш қойған еді. Реставрация деп көп жерлерді жаңартып тастайтын сияқты, өткенде Жошы хан мазарының ішін түгел әктеп тастағанын көрдік. Мұндай уақытша көзбояушылық әлемдік деңгейдегі консервация, реставрация жұмыстарына жатпайды. Бабалардың қолының табы қалған қабырғалар түпнұсқа күйінде сақталуы керек», дейді археолог.
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі Отырар аймағындағы тарихи ескерткіштерді қорғайтын бірден бір мекеме болып саналады. Қазіргі таңда музей Республика көлемінде археологиялық жәдігерлерді зерттеу, қазба жұмыстарын жүргізетін, реставрация және консервация арқылы ескерткіштердің сақталуын қадағалайтын, сонымен қатар халқымыздың этнографиялық және рухани, мәдени мұраларын жинақтап сақтау, зерттеу жұмыстарын жүргізетін орын. Алайда реставрация жұмыстарын жүргізуде жанашыр ғалымдардың пікіріне құлақ аспауы Отырар жұртын ойын-сауық орталығы «Диснейлендке» айналдыруға әкеле жатқандай. «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңның 39-бабының 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады» деп айқын айтылса да тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау жөніндегі заңды бұзу тоқтамай келеді. Аталған мәселе «Egemen Qazaqstan» газетінің 2019 жылғы 9 тамыз күнгі санында да «Отырар қайта ойрандала бастады ма?» атты мақалада көтерілген-ді. Бірақ ұлттық археологияның іргетасын қалаған Ә.Марғұлан мен К.Ақышевтің бастауымен Қазақстан тарихына тың жаңалық әкелген Отырар жұртын сақтап қалуда құзырлы орындар тарапынан нақты шешімнің болмай отырғаны қынжылтады.