Қостанай облысының өңірлік коммуникация қызметі орталығында өткен баспасөз жиынында облыстық дін істері басқармасының басшысы Жанболат Үмбетов аймақта дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылу барысын баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде өңірде 10 түрлі конфессияға қатысты 110 діни бірлестік қызмет атқарады. Олардың 31-і ислам, 33-і православ, 4-еуі католик, 41-і протестант, біреуі кришнаит дініне жатады. Діни бірлестіктердің бәрі әділет органдарында тіркелген және қолданыстағы заңнама нормалары шеңберінде әрекет етеді.
– Облыс аумағында 99 діни нысан жұмыс істейді. 35 мешіт, 30 православие шіркеуі, 4 католик костелі, 30 намаз үйі бар. Ал қалған діни бірлестіктер жалға алынған пәтерлерде өз іс-шараларын өткізеді. Сонымен қатар миссионерлікпен айналысатын 11 адам бар. Бәрі Түркия, Польша, Ресей, Қырғызстаннан келген шетелдік азамат. Олар Қазақстан Республикасының заң талаптары шеңберінде жұмыс істеп жүр. Өңірде деструктивті діни бірлестіктер, сондай-ақ шетелде діни негізде әскери қақтығыстарға қатысқан тұрғындар тіркелмеген, – деді Ж.Үмбетов.
Биыл дін істері басқармасы мен полицейлер дін саласындағы заңнама нормаларын бұзудың 9 фактісін анықтап отыр. Заңға қайшы әрекет еткендерге сот қаулысымен жалпы сомасы 1 млн 374 мың 355 теңгенің үстінде айыппұл салынған.
Облыстағы дін саясатына жауапты мекеме жыл басынан бері үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз етуге, діни сауаттылық пен толерантты сананы арттыруға, мемлекет дамуының зайырлы қағидаттарын нығайтуға, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған 849 іс-шара өткізген. Биыл облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуды және деструктивтік діни ағымдардың қызметінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді көздейтін 2 жоба қолға алынған. Алғашқы жобаны «Социум&Я» қоғамдық бірлестігі, ал екіншісін «Қостанай облысының психологтер қауымдастығы» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар діни экстремизм мен терроризм идеяларының алдын алуға, халықтың діни сауаттылығын арттыруға, деструктивті діни ұйымдардың қызметінен зардап шеккен адамдарға уақтылы және сапалы консультациялық, психологиялық, заңгерлік көмек көрсетуге бағытталған.
Аймақта былтырғы сәуір айынан бері ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Кибер бақылау» жүйесі жұмыс істейді. Дінтану сараптамасының қорытындысы бойынша аталған жүйе арқылы тексерілген 7 мыңнан астам материалдың 6466-сы экстремистік материал деп танылып отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, жалпы, Қостанай облысында конфессияаралық саладағы жағдай тұрақты, мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастар қалыпты дамуда. Діни факторларға байланысты ашық қақтығыстар мен терең қайшылықтар жоқ.
Қостанай облысы